"Семіздіктің сегіз аяғы бар"

Сұлугүл Бакесова Сұлугүл Бакесова
10222

Қазақстан диетологтары 10 жылдан соң халқымыздың 90%-ы артық салмақтан зардап шегуі мүмкін деген болжам жасады.

"Семіздіктің сегіз аяғы бар"

Бүгінде семіздікті қауіпті дерт демеске амал жоқ. Дүниежүзілік денсаулық cақтау ұйымының  дерегіне сүйенсек, әлемде семіздік дертіне 2 миллиард халық шалдыққан. Өлім-жітімнің 60%-ға жуығы дұрыс тамақтанбаудың  салдарынан болады екен. Бұрын семіздік жасанды тамақ жеп, аз қимылдайтын, жайлы өмір сүруге бейімделген Батыс елдеріне ғана тән секілді еді. Қазір ше?

Бүгінгі таңда еліміздегі екі кісінің бірінде артық салмақ бар, ал он баланың біреуі артық салмаққа шалдыққан. Енді бір дерек, 70 жылдары Қазақстандағы семіздік 25%-ды құраса, қазір бұл көрсеткіш 50%-ға  тұрақтаған. 

Кітаптан оқып білгеніміздей, бір бағланды бір өзі тауысып жеген батыр бабаларымыз еңгезердей болғанымен, салпы қарын, бос бұлшық еттен ада болған. Өйткені олар табиғи таза өнім тұтынып, көп қимылдаған.

Қазақстандық диетологтар семіздіктің алдын алу шараларын жүргізбесе, он жылдан соң халықтың 90%-ы артық салмақтан зардап шегуі мүмкін деген болжам жасады.

Семіздікке шалдығудың бірнеше жолы бар.  Тұқымқуалаушылық, күйзеліске ұшырау және дұрыс тамақтанбау.

Ұлттық салауатты тағамтану орталығының қызметкері Айгүл Қожахметова қала тұрғындарының, әсіресе жастар мен жасөспірімдердің семіздікке шалдығуын фастфудпен және газдалған сусындармен байланыстырады.

"Ата-аналар жұмысбасты. Балаларына тамақ істеп берулеріне уақыттары жоқ. Осыдан соң балалар фастфуд жемегенде, семірмегенде қайтеді?" – дейді ол.

Өткен ғасырлардың 90-жылдары басында әлемге кең тараған фастуд мәдениетін зерттеуші ғалымдар, фастфуд тағамдары, кока-кола сияқты газ сусындарының әдеттенуді туғызатынын айтып, алаңдаулы. Расымен, қазір қаладағы кез келген KFC, Магдональдс, тағысын тағы орталықтарына барсаң, шетелдік жасанды жеңіл тамақты тамсана ішіп-жеп отырған жастарды көресің.

Медицина ғылымдарының докторы, академик Төрегелді Шарманов құрамында майдың, тәттінің мөлшері жоғары өнімдер ең арзан, қолжетімді және калориясы жоғары азық-түлік санатына жататынын айтады. Оның айтуынша, семіздікке, қант диабетіне, жүрек-тамыр ауруларына, қатерлі ісіктің кейбір түрлеріне жоғарыда сөз болған тағамдар себепші болады екен.

"Семіздік қауіпті дерт. Ол түрлі ауруларға бастау болады. Семіздіктің салдарынан жыл сайын көптеген адам көз жұмады. Бұған қоса семіздік адамның рухани құлдырауына, ойлау қабілетінің төмендеуіне әкеледі. Семіздік сонымен қатар өмірге ұрпақ әкелуді тежейтін індет. Өйткені әйел адам артық салмақ қосып, май басқан сайын бедеу болу қаупі де жоғарылай түседі", – дейді қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов.

Отандық мамандар жүргізген зерттеу нәтижесі, елімізде семіздік дертінің кең таралып жатқанын анықтады. Бүгінде  мектеп жасындағы жасөспірімдердің 22%-ы, ересектердің 55%-ы  артық салмақтан зардап шегіп жүр.

Биология ғылымдарының докторы Юрий Синявскийдің сөзіне сүйенсек, адам есейген сайын семіруге икемділігі арта түседі, ал артық салмақ адам өмірін 10-15 жылға қысқартады.  

Диетолог Қайрат Данияров адамдардың түрлі ауруларға шалдығуының 70%-ы  дұрыс тамақтанбаудан болатынын алға тартады.

"Адамдардың бойындағы гармондардың бұзылуы да семіздікке алып келеді", – дейді ол.

Диетолог семіздіктің үш себебін былай жіктеді. "Адамдардың құнарлы асқа құмар болуы, тамақты тез жеуі семіздіктің бірінші алғышарты болып табылады. Екіншіден, семіздікке адамдардың аз қимылдауы да негізгі себеп болады. Үшіншіден, адамдардың ішкі ағзасында қандай өзгерістің болып жатқанын білу үшін дәрігерге дер кезінде қаралмауы да семіздікке әкеліп соқтырады", – деді диетолог.

Ал  Жібек Ерханова есімді диетолог адам күніне бес-алты рет аз мөлшерде тамақтану керектігін айтады. Оның да пікірі құнарлы, арзан, тез дайындалатын тағамдардан аулақ болып,  үйде, қолдан пісірілген тамақтарды жеу керек дегенге саяды.

Ұлттық құндылықтарды жаңғырту орталығының мамандары ел тұрғындарының  семіздікке шалдықпауы үшін ұлттық тағамдарды жиі жеу қажеттігін айтады.

"Мұндай тағамдардың құрамында адам сымбатына зиян келтіретін зиянды нәрсе жоқ", – дейді олар.

Шынында да, қымыз адамның ас қорыту жүйесін жақсартып, өкпені тазартады. Құрт-ірімшік және шұбат кальцийге бай. Бұлар сүйектің, тістің мықты болуына септігін тигізеді. Жылқы еті денеге тез тарайды. Ал жеміс-жидек  адам имунитетін күшейтіп отырады.

Фастфуд өнімдерінде ГМО мен токсиндік заттар қолданылатынын бәрі біледі. Алайда оны тұтынуларын қоймайды. Бұл күнде фастфуд пен кока-коланы мөлшерден тыс пайдалану миға зиян келтіретіні де жалпақ жұртқа  белгілі.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, семіздікке адам тұқымқуалаушылық жолмен де шалдығуы мүмкін. Бұдан арылудың бір жолы бар. Ол –  спорт.

"Қазір спортпен айналысуға  мүмкіндік мол. Жаттығу залдарында кез келген спорттың түрімен айналысуға болады. Уақыт тапшы болса, спортпен үйде шұғылданыңыз. "Менің әкем немесе анам семіз, мен соларға тартқанмын" деген сөз сылтау емес. Ең бастысы адам  жалқаулыққа бой бермеуі керек", – дейді Ержан Елгезеков есімді фитнес-жаттықтырушы.

Халқымызда "Семіздіктің сегіз аяғы бар" деген сөз бар. Деніміз сау болғымыз келсе, сол аяқтарды басып кетпей, абайлап жүру керек. Өйткені тән саулығы мен жан саулығы өз қолымызда.

Сұлугүл Бакесова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу