"Сергек" селсоқтықты кешірмейді

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
9087

2018 жылдың алғашқы екі айында жүгенсіз жүргізушілер 55 млн 155 мың теңге айыппұл арқалап үлгерді.

"Сергек" селсоқтықты кешірмейді

Өткен жылдың 15 қыркүйегінде елорда да түнгі сағат 00.00-де "Сергек" камералары іске қосылды. 20 сағаттан соң қорытынды шығарылып, камералардың әр көшенің қиылысы мен даңғылдардан шамамен 130 жол жүру ережесінің бұзылу фактісін тіркегені жарияланды. Cодан бері Астанада  "Сергек" селт етпей, жол қауіпсіздігін қадағалап тұр.

Астана қаласы ІІД әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары Елжан Шүпековтың мәлімдеуінше, 2018 жылдың алғашқы айларында "Сергек" камералары 12082 жол жүру ережесінің бұзылуын  анықтаған. Нәтижесінде жүгенсіз жүргізушілерге 55 млн 155 мың теңге айыппұл салынған.

"Сергек" қолданысқа берілгеннен бері жол жүру ережесін  бұзушылардың саны азайды, бірақ жүргізушілердің барлығы тәртіпті бола қалған жоқ. Бүгінде жол ережесін бұзғандардың барлығы айыппұл төлеуге міндеттелді", – деді Елжан Шүпеков.

Оның сөзінше, 2017 жылы "Сергек" камералары бюджеттің бүйірін қампайта алмаған. Бұған жобаның дәл осы жылы іске қосылуы себеп болған.

"Былтыр "Сергек" қазынаға 242 млн теңге түсірді. Бұл 35654 жүргізуші жол жүру ережесін бұзды деген сөз", – деді ІІД әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары Елжан Шүпеков.

"Сергек" серпінді жоба ретінде былтыр ғана қолға алынғанымен жол жүру ережесінің сурет және бейнежазу жүйелері Астанада 2015 жылдан бері қолдынылып келеді. Бүгінге дейін елордадағы 11 көшенің  қиылысында "VOCORD" аппараттар кешені мен "Red Speed" жылдамдық өлшеуіштері жол ережесін бақылап тұрды. Нәтижесінде  2016 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында елордадағы  21 "VOCORD" камералары мен 83 "Red Speed" жылдамдық өлшеуіштері 66 мың 410 жол жүру ережесінің бұзылу фактісін анықтады.  Қазір 323 реттелетін көше қиылыстары осындай құрылғылармен қамтамасыз етілген. Оның 60-ы "Астана қаласында сурет және бейнежазу аппараттық-бағдарламалық кешенін құру және қолданысқа беру" атты жоба аясында жабдықталған. Қаланың 100 сызықтық жер телімдерінің өзінде радар кешендері толығымен жұмыс істеп тұр.

"Сергек" бейнебақылау, талдау және болжам жасау интеллектуалды жүйесін елордаға енгізгенде қала тұрғындары мен қонақтарының өмірін қауіпсіз және жайлы жағдаймен қамтамасыз етуді  көздедік", – деді Астана қалалық инвестициялар және даму басқармасының басшысы Әлішер Абдықадыров.

Айта кетейік, ақпан айының соңына дейін Астана қаласының әкімшілік полиция басқармасы "Сергек" камераларының санын арттырады. Наурызға дейін елордада тағы 100 камера қосылады.

Бүгінгі таңда Астанада "Сергектен" бөлек көше қиылыстары мен қаланың сызықтық аймақтарында, сонымен қатар  ойын-сауық орталықтары, театр, спорт алаңдары, музей сынды көпшілік жиналатын жерлерде 13 мың камера жұмыс істеп тұр. Олардың орналасу картасы citycams.kz сайтына жүктелген.

Естеріңізге сала кетейік, "Сергек" камералары Астана әкімдігінің мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі арқылы іске асты. Жобаға 8,4 млрд теңге жұмсалды. Қаржы жекеменшік инвесторлардың есебінен өтелді.

Айтпақшы "Сергек" тек қана жол жүру ережесін қадағаламайды. Ол қоғамдық тәртіпті де назарда ұстайды. "Сергек" орнатылғаннан бері қоғамдық орындардағы қылмыс 21,1%-ға, қала көшелерінде 32,7%-ға, жол-көлік апаттарының саны 20%-ға азайған.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу