"Серпін-2050" бағдарламасына құжат қабылдап жатыр

Ақжол Қараспан Ақжол Қараспан
7480

Оңтүстік Қазақстанның жастары солтүстік облыстарда тегін білім алудан үмітті.

"Серпін-2050" бағдарламасына құжат қабылдап жатыр

ҰБТ аяқталып, жұрттың бәрі ұл-қыздарын жоғары оқу орнына әзірлеп жатыр.

Балы жоғарылар білім ордасын шертіп жүріп таңдайтындарына сенімді болса, төмен бал алған түлектер қайда барарларын білмей жүр.

Оңтүстікте мектеп бітірген баласын жетектеп жүрген ата-ана көп. Олардың барлығы мемлекеттік гранттан үмітті. Қазір бұл  өңірде еліміздің солтүстік облыстарында тегін оқуға мүмкіндік беретін "Серпін-2050" бағдарламасына құжат қабылданып жатыр.

"Серпін -2050" бағдарламасы басы артық жұмыс күші бар өңірлерден басқа жерлерге, сондай-ақ ауылдардан қалаларға жұмыс күшін тартуға бағытталған бірегей жоба. Оңтүстік жастарының басым бөлігі аталмыш жоба арқылы  білім алуға құлшынып отыр. Өйткені жобада жұлдызы жанғандар тегін оқиды, жұмыспен қамтылады және баспаналы болады", – деді облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Балмаржан Нарбекова.

Оның мәлімдеуінше, осы уақытқа дейін "Серпін-2050" бағдарламасы аясында Оңтүстік Қазақстан облысының 5,5 мыңнан астам түлегі жоғары оқу орнында тегін білім алу құқына ие болған. "Серпін -2050" бағдарламасы оңтүстікте жақсы танымал. Себебі биыл облыста бағдарламаны насихаттау барысында 80 кездесу өткізіліп, оған 8 мыңға жуық жас адам қатысқан. Бұған қоса таяуда аудандар мен қалаларда  "Серпін күндері" өткізілді.

"Бізге Солтүстік, Шығыс, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Атырау облыстарының  22 жоғары, 30 орта және арнаулы оқу орындарының өкілдері келіп, 8 мың адаммен жүздесіп кетті. Осының нәтижесінде биыл 5 мыңға жуық түлекті тегін оқумен қамтамасыз ету жоспарға енгізілді", – деді Балмаржан Полатқызы.

Гүлзина Шырынбекова есімді түлек бағын сынап көру үшін құжат тапсыруға арнайы келген екен. Осы туралы ол: "Биыл колледж бітіріп, қолыма диплом алдым. Ағылшын тілін қазіргіден де терең меңгеру үшін  жоғары оқу орнына грантқа түсуге талпындым. Алайда ҰБТ-дан тиісті ұпай жинай алмадым. "Серпін-2050" бағдарламасы бар екенін құрбыларымнан білдім. Бағымды тағы бір мәрте сынамақшымын", – деді.

Биыл жоба аясында Солтүстік, Шығыс, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Атырау облыстарының жоғары және арнаулы  оқу орындарына 4513 грант бөлініпті.  Оның 3793-і жоғары оқу орнына, қалғаны колледждерге тиесілі екен.

Айта кетейік, "Серпін-2050" бағдарламасының алғашқы қатысушылары осы жылы диплом алды.  Солардың бірі Ұлжалғас Октябрь. Ол Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің  филология факультетін қызыл дипломмен тәмамдап, ата-анасын қуанышқа бөледі.

"Серпін-2050" бағдарламасы менің бағымды ашты десем артық айтқандық болмайды. Осыдан төрт жыл бұрын ҰБТ-ғы көрсеткішім Алматы, Астана қалаларындағы жоғары оқу орындарына қабылдануға жетпей қалды. Сол кезде ата-анам "Серпін-2050" бағдарламасымен білім алуға кеңес берді. Дереу шешім қабылдап, оқуға аттандым. Бұйыртса, 4 жыл білім алған университетімнің магистратурасына құжат  тапсырғалы отырмын, – деді Ұлжалғас Октябрь.

Ақжол Қараспан 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу