"Шанхай апталығы" көрмесі ашылды

Сұлугүл Бакесова Сұлугүл Бакесова
3128

Астанада "Шанхай апталығы" халықаралық көрмесі өз жұмысын бастады.

"Шанхай апталығы" көрмесі ашылды

Көрмеге қатысушылар Шанхай қаласының азуын айға білеген тоғыз ірі компаниясы. Олардың ұсынған жаңа технологиялары, экономиканың энергетика, автомобиль құрастыру, құрылыс, химиялық өнеркәсіп, текстиль және тамақ өнеркәсібі сияқты экономика секторындағы тауарлары мен жабдықтары Астанадағы "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесінің "Болашақ энергиясы" тақырыбымен тұспа-тұс келіп отыр.

"Шанхай апталығы" көрмесінің Астанада өтуіне Шанхай қаласының  халықаралық саудаға жәрдемдесу комитеті ықылас білдіріпті. Көрменің мақсаты Қазақстан мен Шанхай арасындағы іскерлік байланысты кеңейтіп, күшейту екен.

Көрмеге келушілердің басты назары энергетика саласындағы әзірлемелерге ауды. Өйткені, осы бағытта жұмыс істейтін Қытайдың төрт бірдей корпорациясы, атап айтқанда, Shanghai Electric Group Co. Ltd, Shenergy Group Co. Ltd, Shanghai GCL New Energy Investment Co. Ltd, CEFC China Energy Company Limited компаниялары көрме қонақтарына атом энергетикасы саласындағы инновациялық әзірлемелерін,  жасыл энергия өндірісі саласындағы жаңалықтарын, яғни атомдық электростанциялар блогының мини-үлгілері, газ турбиналары, теңіздегі жел электростанцияларына арналған жабдықтар, сондай-ақ, күн панелдерінің сыйымдылығы жоғары модельдерін ұсынды.

Өнімдері көпшіліктің қызығушылығын тудырған корпорацияның бірі Shangtex Holding Co. Ltd-нің құрылғанына 130 жылдан асыпты. Қытайдағы ірі текстильді компаниялардың қатарынан ойып тұрып орын алатын корпорация өз бизнесін Қытайдың түрлі облыстарымен қатар халықаралық саудада, текстиль өндірісінде, бернд-менеджмент және сән саласына қатысты бизнесте дамытып келеді екен.  Shangtex өз отандас кәсіпорындары арасында текстильді-галантериялық бұйымдарды экспорттауда көшбасшы болып табылып отыр, оның импорттық және экспорттық көлемі 5 миллиард АҚШ долларын құрап отырған көрінеді. Бүгінде 200-ге жуық компанияның басын біріктіріп отырған Shangtex-тің "Шанхай апталығы" көрмесіне алты еншілес компаниясы өз өнімдерін алып келіпті. Соның бірі,  1950 жылы құрылған Shanghai Conch Apparel Co Ltd компаниясы "Conch" брендімен  тек жоғары класты жейделер, костюмдер мен аксессуарлар шығару ісімен айналысады екен. Бүгінде Қытайдың 500 ең бағалы брендінің рейтінгісіне кіріп отырған "Conch" брендінің бағасы 3,955 миллиард юаньді құрауда.  Ал әлемге әйгілі "NEWEST" бренді үнемі экологиялық таза өнімді өзіне арқау еткен. Соңғы жылдары компания экологиялық таза материалдарды өз өнімдеріне жиі қолдануда. Мәселен, "NEWEST"  брендімен шығарылатын шабадандардың арасында пластмасса  бөтелкелерді ерітіп, жаңа материал шығару арқылы жасалғандары да бар. Қытайлық компания өкілінің айтуынша, 4 пластмасса бөтелкеден бір шабадан шығаруға болады екен. Тіпті, пластмассаны еріту арқылы киімдер де тігуге болатынын және сондай киімдер Қытайда қолданыста жүргенін, олардың сапасы мақтадан тігілген киімдерге қарағанда анағұрлым төзімді әрі денеге жайлы, бағасы да арзанырақ екенін айтады  компания өкілі.

Shangtex-ке қарасты екінші бір ұйым TANLON әсіресе, өндірісте жұмыс істейтін темір дәнекерлеушілер үшін таптырмас киім үлгілерін алып келіпті. PSA (Polysulfonamide fiber) деп аталатын талшық материалдарынан тігілетін және тоқылатын киімдер термиялық төзімді, яғни отқа шыдамдылығымен, киім мөлшерінің өзгермей, бірқалыпын сақтайтындығымен, химиялық төзімділігімен және киіп жүруге қолайлығымен ерекшеленеді. Бұл материалдан жасалған киімдерді Қытайда жеке бастың қауіпсіздігін сақтау үшін кеңінен қолданады. Осы материалдардан жасалған қап іспеттес дүниелер зауыттардың мұржаларына да кеңінен қолданылатын көрінеді. Қызуға шыдамды материалдар түтін арқылы атмосфераға бөлінетін көмірқышқыл газын азайтып, экологияның ластануын төмендетеді екен.

Shangtex қытайдың ұлттық киімдерінде алып келіпті. Олар таза жібектен тігілген ұзынды-қысқалы, қыздар мен келіншектерге арналған көйлектер.

Көрмеге қатысушы келесі бір компания SHANGHAI HUAYI (GROUP) COMPANY Қытайдағы химиялық өндіріспен айналысатын жетекші компаниялар қатарынан. Компания бес негізгі саламен айналысады, атап айтқанда, химиялық энергия, органикалық машиналар, заманауи материалдар, химиялық технологиялар және химиялық өнеркәсіп қызметтері.

Ал Bright Food (Group) Co. Ltd,  Shanghai Building Materials (Group) Co. Ltd компаниялары да "Шанхай апталығы" көрмесіне құрылыс, текстиль, тамақ өнеркәсібі саласындағы ең жаңа, ең үздік туындыларын алып келіпті. Шай отаны саналатын Қытайдың түрлі шайлары, ертеректегі  жасау технологиясы әлі күнге сақталған арақтары, жұпар иісті сабындары, тағысын тағы өнімдері көрме төрінен орын алған.

Осы көрмеде SAIC MOTOR CORPORATION LIMITED PASSENGER VEHICLE CO компаниясы тұңғыш рет ROEWE ERX5 және  MAXUS eG10 электрокарларының жаңа модельдерінің тұсауын кесіп, өз өнімдерінің ерекшелерімен жұртшылықты тәнті етті.

Көрменің ашылуы салтанатына ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Қайыров, Шанхай Халық үкіметі жауапты хатшысының орынбасары Цзинь Синмин, ҚР Сыртқысауда палатасы басқамасының төрағасы Аян Еренов, Шанхай қаласының халықаралық саудаға жәрдемдесу комитетінің төрағасы Ян Цзяньжун қатысып, көрме жұмысымен танысты. Жалпы көрме кәсіби қоғамдастық мамандарының қызығушылығын тудырғаны байқалады. Тіпті,  ортақ тіл тауып, қызу  әңгімеге көшкендері де болды. Көрме шеңберінде тиімді іскерлік байланыс пен өзара тиімді сауда келісімдерін жасауға барлық қолайлы жағдай жасалған. Алдағы күндері "Шанхай апталығы" көрмесінің павильоны "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесінде де ашылады деп күтілуде. 

Сұлугүл Бакесова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу