"Шытынаған" шыны қашан қалпына келеді?

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
8096

Қызылордадағы шыны зауытының құрылысы таяу арада қайта іске қосылуы мүмкін.

"Шытынаған" шыны қашан қалпына келеді? Фото: industzona.kz

Бұл туралы бейсенбі күні өткен баспасөз мәслихатында инвестиция және даму министрлігінің инвестиция жөніндегі комитетінің төрағасы Сапарбаек Тұяқбаев мәлімдеді.

"Өздеріңіз көріп отырғандай, осы мәселеге қатысты тергеу жұмысы жүріп жатыр. Біздің қазіргі міндетіміз – құрылысты тоқтатпай, нысанды дер кезінде тапсыру. Осы мәселеге қатысты министрлікте кеңес өтті. Қазір бұл мәселені шешу механизмін таптық, яғни "Шымкентхиммонтаж" компаниясы бас мердігер емес, бас мердігер консорциумына қатысушы. Бұл компанияны алмастыру консорциуммен жасалған EPC келісімшарты бойынша уағдаластыққа еш әсер етпейді. Сондықтан механизм бар, мәселе шешіліп жатыр. Бұл нысанды жыл соңына дейін дер кезінде тапсырамыз деп ойлаймын. Жалақыға қатысты мәселе де таяу күндері шешілуі мүмкін, содан кейін құрылыс қайта қолға алынады", – дейді ол.

Осы жылдың ақпан айында Қызылорда облысындағы шыны зауытының құрылысшылары төрт ай бойы жалақы алмағаны белгілі болды.

Ақпан айында "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ басқармасының төрағасы Ерболат Досаев холдинг апта соңына дейін шыны зауытының құрылысы жөнінде бас мердігер атына жолданған шағымның жайын анықтайтынын айтты.

"Жұмаға дейін біз қажетті шешімді қабылдаймыз. Яғни "Шымкентхиммонтаж" ЖШС атына өз міндетін орындамағаны жөнінде түсіп жатқан шағымдар анықталады", – деді ол журналистерге.

"Бәйтеректен" қосымша қаржы бола ма?" деген сұраққа ол: "холдингтің осы бас мердігер тарапынан тиісті кепілі бар, рәсімдік шаралар қабылданады", – деп жауап берді. Ал нақты қандай рәсімдік шаралар сөз болып отырғанын басқарма төрағасы нақтыламады. Алайда үлкен дауға қалған жобаға холдинг менеджменті қосымша қаржы салғысы келмейтіні айдан анық.

Жалпақ шыны өндірісі мен өңдеу жөніндегі зауыт құрылысының жобасына қатысты жағымсыз жаңалықтар күн сайын шығады. 13 ақпан күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюросы "Бәйтерек" холдингінің бұрынғы басшысы мен ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев қаңтар айында "алдын-ала келісе отырып, бірнеше рет ірі көлемде пара алған", зауыт құрылысы жобасын іске асыруда ақша жымқыру жоспарын ұйымдастырған деген фактімен ұсталғанын хабарлаған еді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметіне сүйенсек, "холдингтің бұрынғы басшысы "Orda Glass" ЖШС мекемесіне қарасты компания және оның мердігер ұйымы "Шымкентхиммонтаж" ЖШС арқылы 1 млрд теңгені жымқырған".

Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу