"Суретке түсіп, тарқасқан болатын"

Артур Мискарян Артур Мискарян
1911

ШЫҰ ІК отырысының қатысушылары Астанада ортақ банк құрып, жиірек кездесуді ұсынды.

"Суретке түсіп, тарқасқан болатын"

Астанада өткен ШЫҰ іскерлік кеңесінің отырысында экономика, азық-түлік қауіпсіздігі және ШЫҰ іскерлік кеңесінің ішіндегі ұйымдастырушылық мәселелер сөз болды.

"Бүгінгі отырыстың басты мақсатының бірі – өз экономикалық әлеуетімізді күшейту және ұзақмерзімді даму стратегиясын іске асыру", – деді отырыста сөз бастаған іскерлік кеңес төрағасы Райымбек Баталов.

ШЫҰ-ның бас хатшысы Рашид Әлімовтың ойынша, ұйымның іскерлік кеңесі экономикалық мәселелерді шешуде белсенділік танытуға тиіс.

"Аймақтық және жаһандық экономикаларды жандандыру үшін жаңа әдістерді іздеуде ШЫҰ-ның іскерлік кеңесі өз жетекшілік орнын сақтап, ШЫҰ елдерінің экономикалық ынтымақтастығын кеңейту мәселелерінде жөн сілтеуге тиіс. Біздің ойымызша, іскерлік кеңесті экономика мәселелері жөніндегі жұмыс топтарының қызметіне тарту керек , ол Жібек жолының бойымен экономикалық қарым-қатынас орнатуда қозғаушы күштердің біріне айналуға тиіс", – деді Рашид Әлімов.

 "Атамекен" КҰП басқармасы төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев өз сөзінде іскерлік кеңестің қауіпсіздік мәселелеріндегі рөліне ерекше назар аударды.

"Бүгінде әлемдік қауіпсіздік дамудың маңызды шарты болып тұр. Дәл осы экономикалық даму нағыз тұрақтылықтың кепілі болып табылады", – деді ол.

"Біздің ауыл шаруашылығы саласындағы мүмкіндіктерімізді ескерсек, Қазақстанды ШЫҰ елдері үшін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын әлдебір алаң ретінде қарастыруды ұсынамыз. Бүгінде Қазақстан өз сыртқы экономикалық стратегиясын екі бағытта дамытып келеді: экспорттық әлеуетті дамыту және ірі инвестор-компанияларды тарту. Ішкі нарықпен шектеліп қалудың салдары қандай болатынын біз жақсы білеміз", – деп сөзін жалғады Нұржан Әлтаев.

Отырыс барысында ШЫҰ іскерлік кеңесінің атқарушы хатшысы Сергей Канавский кеңестің көшпелі отырыстары жиірек өткізілсе, ІК жұмысының тиімділігі артады деген пікір білдірді.

"Уфада іскерлік кеңестің қолдауымен шағын және орта бизнестің арнайы форумы пайда болды. Кеңес жұмысының тиімділігін арттыру үшін осы үлгіге қайта оралуды ұсынғым келеді, яғни іскерлік кеңестің тағы бір көшпелі отырысын өткізу керек. Қытай тарапы мұндай іс-шараны жыл сайын қаңтар айында Хайнань аралында өткізу туралы ұсыныс тастады. Іс-шара қандай үлгіде өтетіні әзірге белгіленген жоқ, осы сәтті пайдалана отырып жылына бір рет емес, ең кемі жарты жылда бір мәрте кездесу туралы ұсынысымды ойланып көрсеңіздер деймін. Оның үстіне баршамызға аян, Хайнаньда қаңтар айында өте қызық болады. Жұмыс үшін", – деп ұсынысын ортаға салды Сергей Канавский.

Қырғызстанның сауда-өнеркәсіптік палатасының президенті Марат Шәршекеев іскерлік кеңес отырысында ШЫҰ-ның ортақ қорын құру мәселесін көтерді.

"Біз түсінбестік жиі орнап жатады. Қытайдың және өзге елдердің делегациялары келеді: кездесеміз, сөйлесеміз, "жақсы, міндетті түрде" деп жан-жаққа тараймыз. Меніңше, бізге әлдебір қаржылық институт, қор құру керек. Бұл институттарда нақты мәселелер шешілуге тиіс, себебі былтыр ғана жүзге жуық делегация келіп, суретке түсіп, тарқасқан болатын. Біз бір-бірімізбен хат алмасамыз, ал нақты біткен іс жоқ", – деді Марат Шәршекеев.

"Сіздердің ұсыныстарыңыз міндетті түрде ескеріледі, бірақ мен мұндай үзілді-кесілді түйін жасауға асықпас едім", – деп жауап қатты оған іскерлік кеңестің төрағасы Райымбек Баталов.

ШЫҰ іскерлік кеңесі алғаш рет банкаралық бірлестіктермен ортақ жұмыс істеуді жоспарлап отыр.

"Ертең бізде бірлескен отырыс өтеді, онда тек ортақ сұрақтар ғана емес, ең бастысы – жүйелі жұмыс мәселелері де талқыланады, бизнеске біздің елдердегі, оның ішінде қаржы институттарындағы рәсімдерден өту оңай болуы үшін осы мәселені ШЫҰ-ның хатшылығымен талқылап жатырмыз. Сондықтан біз ертең бұл жұмысты жалғастырамыз деп үміттенемін", – деді Райымбек Баталов.

Айта кету керек, ШЫҰ-ның 15-жылдығында қабылданған Ташкент декларациясының мәтінінде ұйымға мүше елдердің ортақ жұмысын қамтамасыз ету мақсатында ШЫҰ банкі мен даму қорын құру қажеттілігі туралы жазылған болатын.

Әйгерім Сүлейменова, Артур Мискарян 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу