"Тәуелсіздік полюсі" экспедициясы Антарктидадан оралды

4309

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған "Тәуелсіздік полюсі" ғылыми-зерттеу экспедициясы Антарктидадан қуанышпен оралды.

"Тәуелсіздік полюсі" экспедициясы Антарктидадан оралды

Экспедиция 2016 жылдың 2 желтоқсанынан бастап 2017 жылдың 13 қаңтарына дейін созылды. Қазақстан альпинистері мұзды құрлыққа жол тартып, теңізден 4897 метр биіктікте тұрған Винсон шыңын бағындырды. Бұл шың – "Жұлдызды жетіліктің" ішіндегі алар асуы ең қиын тау.

18 қаңтар күні Орталық коммуникациялар қызметінде Антарктидаға барған "Тәуелсіздік полюсі" ғылыми-зерттеу экспедициясын қорытындылауға арналған баспасөз мәслихатында осы туралы әңгіме болды. Естеріңізге сала кетсек, полярлы экспедиция еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып, Халық Ассамблеясының қамқорлығымен өткізілді.

Экспедицияға ғалымдар мен атлеттер қатысты, олар: команда капитаны Мағжан Сағымбаев, спортшы Юрий Юшин, Ілияс Ғалымбеков, ғылыми қызметкер Дәулет Шәріпов, Арман Баймұхамедов және команданың жалғыз аруы Әлия Ерназарова.

"Жобаның барлық үш кезеңі – Винсон шыңына шығу, шаңғы экспедициясы мен ғылыми зерттеу жүргізу сәтті аяқталды. Еліміздің тарихында алғаш рет Тәуелсіздік күні Қазақстанның мемлекеттік туы Антарктиданың ең биік нүктесіне көтерілді. Экспедицияға қатысушылар қазақстан азаматтарына екі рет сыйлық сыйлады – 16 желтоқсанда Винсон шыңынан құттықтап, 31 желтоқсанда жердің оңтүстік полюсінен жаңа жыл қарсаңында құттықтау сөздерін жолдады. Экспедиция көптеген құштар адамның атсалысуының арқасында жүзеге асты. Осыған орай, мен шын жүректен Қазақстан ұлттық географиялық қоғамы QazaqGeography қамқоршылық кеңесінің төрағасы Кәрім Мәсімовке және QazaqGeography басқарма кеңесінің төрағасы Қанат Байғаринге, ҚХА төрағасының орынбасары Ералы Тоғжановқа, ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевқа, "Бәйтерек" холдингінің басқарма төрағасы Ерболат Досаевқа, "Қазақ Географиялық Қоғамы" ҚБ қамқоршылар кеңесінің төрағасы Нұрлан Әбдуовқа, Назарбаев университетінің президенті Шигео Катсуға, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтановқа, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ бірінші проректоры Нұргүл Хамзинаға, сонымен бірге журналистерге, блогерлерге және барша Қазақстан халқына бізге сенім артып, қолдау көрсеткендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Шын жүректен сіздерге үлкен рақмет!", – деп баяндады "Қазақ географиялық қоғамы" ҚБ төралқа төрағасы Төлеген Тастанбеков.

Атлеттер Мағжан Сағымбаев, Юрий Юшин, Ілияс Ғалымбеков пен дәрігер Дәулет Шәріпов – оңтүстік полюске барған Қазақстанның алғашқы шаңғы экспедициясына қатысушылар, 11 күннің ішінде 217 шақырымды мұздың үстімен жүріп өткендер, дүние жүзіндегі ең жас командалардың бірі болуы мүмкін. Экспедиция мүшелерінің әрқайсысы әлі 30 жасқа толмаса да, Антарктиданы бағындырған тәжірибелі мамандар.

"Экспедиция капитаны болғаным мен үшін үлкен құрмет, сол себептен біздің командамыздың әрбір мүшесі 100%-ға жұмыс істеді деп сеніммен айта аламын. Қиын жағдайда бір-бірімізге тірек болып, қолдау көрсеткенде өз кәсіби саламызда бірнеше жыл бойы жинаған дағдымызбен бөлісе білдік. Бізге қолдау көрсетіп, сенім артқан Қазақстанның барша азаматына алғысымды білдіремін. Антарктидаға экспедиция барысында жинаған баға жетпес өмірлік тәжірибе үшін және бірегей мүмкіндік үшін ҚазГео-ға және менің достарыма алғысым шексіз", – дейді QazaqGeography Алматы қаласы өңірлік өкілдігінің басшысы, экспедиция тобының жетекшісі Мағжан Сағымбаев.

Экспедицияның ғылыми бөліміне биология саласында және Антарктиданың төтенше жағдайында адам физиологиясына әсер ететін деректерді талдаған жас ғалымдардың зерттеулері енді. Зерттеу нәтижесінде дөңгелек үстел мен шеберлік дәрісі өткізілмек.

"Антарктида – ең сырлы және қызықты зерттеу нысаны. Әлемнің көптеген ғалымы оны зерттегісі келеді, сол себепті біз ғылыми-зерттеу экспедициясының бір бөлігі бола алғанымызға қуаныштымыз. Біздің ғылыми тобымыз адам денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау саласында зерттеу жүргізу үшін көптеген дерек жинап алды. Юнион Глетчер базасында болғанымызда шетелдік ғалымдармен танысып, Антарктиданы зерттеген жетекші елдердің зерттеу тәжірибесін қабылдап келдік. Алынған мәліметтер мен ақпарлар өңделіп, талдаудан өткізіліп жатыр", – дейді экспедицияның ғылыми қызметкері Арман Баймұхамедов.

2011 жылдан 2017 жылға дейін үш полярлы экспедицияның құрамында ҚазГео командасының 15 мүшесі Арктика мен Антарктидада болып қайтты. Арктикалық және Антарктикалық бағдарламалардың жетекшісі Нұрлан Әбдуовтің айтуынша, алғашқы антарктикалық автокөлікті экспедицияға қатысушылар бағдарды шапшаң жүріп өткені үшін Гиннес кітабының рекордсмені атанды. 2014 жылы мемлекеттік органдармен бірігіп жұмыс істеудің нәтижесінде 1959 жылғы Антарктида туралы келісімге Қазақстанның қосылуы туралы президент жарлығына қол қойылды.

"Тәуелсіздік полюсі" экспедициясы сонымен қатар "Қазақстан ұлттық географиялық қоғамы" (Qazaq Geography) Республикалық қоғамдық бірлестігінің демеуімен өткізілді. Жобаның бас серіктесі ретінде "Бәйтерек" ұлттық басқару холдингі, серіктестері – Назарбаев Университеті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ қатысты. Ғылыми-зерттеу экспедициясын Қазақ географиялық қоғамы ұйымдастырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу