Digital нарығының қатысушылары Алматыда бас қосып, PR және жарнама нарығының бағыттарын талқылады.
2017 жылдың қорытындысы бойынша жарнама нарығында дәстүрлі БАҚ өзінің позициясын жоғалтпапты. Жарнама берушілердің 67%-ы телеарнаға, 10%-ы мерзімді баспасөз бен ақпарат агенттіктеріне, 8%-ы ғаламтор мен әлеуметтік желіге жүгінуді құп көріпті. Бұл туралы "Қазақстан видео-Интернешнл" ЖШС бас директоры Ілия Жұманов айтты.
"Жарнама берушілер телеарнаға көп көңіл бөледі. Себебі интернет-маркетинг нарығында жарнаманы алға жылжытатын маман тапшы. Рич-медиада да осындай жағдай қалыптасқан", – деді ол.
Оның сөзінше, digital ортада жарнама беру шығыны жыл сайын өсіп келе жатыр. Жыл соңына дейін ғаламтордағы жарнамаға жұмсалған қаржы 6 млрд теңгеге жетуі мүмкін.
"Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 46%-ға көп көрсеткіш. Егер осы қарқын сақталса, 2018 жылы ғаламтордағы жарнамаға жұмсалған қаржы 9 млрд теңгеге жетіп жығылады", – деді Ілия Жұманов.
2018 жылы видео-жарнама нарығының тамырына қан жүгіреді деген болжам бар екен. Биыл ғаламтор мен әлеуметтік желілерде видео-жарнама таратушылардың қатары өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға көбейіпті. Қазақстан тұрғындарының 85%-ы мобильді интернетті пайдаланатын көрінеді. Бұл туралы Vi Digital Қазақстанның өкілі Виталий Савков: "Ғаламторға қосылған әр қазақстандық тәулігіне кем дегенде 85-90 рет телефонын тексереді және күніне 2,5 сағат ғаламторда отырады. Бұл мобильді жарнаманың болашағы зор деген сөз", – деді
"Das Smart" агенттігінің gigital бағытының директоры Алдияр Төлепов те онлайн жарнаманың болашағы туралы жақсы пікірде.
"Жарнама берушілер 2015 жылдан бері қарай интернетке инвестиция сала бастады", – деді ол.
2017 жылдағы онлайн -жарнаманың капиталы туралы мәліметтер әлі жаңартылып үлгірмепті. Ал 2016 жылғы көрсеткіш, "Das Smart" өкілінің мәліметінше, 20 млн АҚШ долларына жеткен. Бұл тек шартты түрде алынған мәлімет. Себебі digital-жарнама телеарналар мен мерзімді баспасөз сияқты мемлекеттік тапсырысқа қатыспайды, жарнама жүйесінде біріктірілген сатып алу деген жоқ.
"ШОБ-тың жарнама нарығындағы үлесі аз, алайда ықыласы мен талпынысы зор. Онлайн -жарнама тек жекелеген тапсырыс берушілердің қатарынан өсіп келеді. Ірі компаниялар соңғы жылдары онлайн-жарнаманы сырттай ғана бақылап келді. Олар енді ғана медианың осы сегментінің тиімді екенін түсініп отыр", – деді Алдияр Төлепов.
Оның айтуынша, бұрын бренд тауарлардың көмегімен контентті көтеруге әрекет жасалынатын. Қазір тенденция өзгерген, жарнаманың мүмкіндіктері әртараптандырылған. Сәйкесінше бренд емес, сапалы контент бірінші орынға шыққан.
"Әлеуметтік желілер контенттерді үшке бөліп қарастырады. "Instagram" желісі жастарға басымдық береді. Қазір қазақстандықтардың арасында неғұрлым көп жазылушы немесе көрермен жиғандар өздерінің аккаунттарын сатуды немесе жарнама жасау арқылы табыс табуды әдетке айналдыра бастады. Мысалы бірнеше миллион жазылушы жинаған аккаунттың нарықтық құны 5-10 мың АҚШ доллары құрайды. Ал "Facebook" аудиториясын интелектуалдар деп бағалауға болады. Онлайн-жарнама соған қарап бейімделеді. "Вконтакте" әлеуметтік желісі де жастарға бағытталған. Ол көп жағдайда ойын -сауыққа басымдық береді. Бұл желінің мүмкіндігін дұрыс пайдалана білген ойын-сауық орталықтары мен дәмханалар немесе әншілер өздерін табысты жарнамалап жатыр", – деді Алдияр Төлепов.
Басқосу барысында Қазақстанның интернет бизнесі мен мобильді коммерция қауымдастығының президенті Константин Горожанкин цифрлық маркетинг, мессенджерлер мен чат-боттар сонымен қатар "Тelegram" арқылы табыс табу көздерін тілге тиек етті. Ол интернетті қолданушылар көп болғанымен, электронды сауда жасайтындар аз екенін жасырмай жеткізді.
Биыл digital нарығы қарқын алды. Қазақстанға "Marcon", "Astana Digital Forum", "Top Digital Forum", "MobiEvent " сияқты ірі ойыншылар келді. "Google" корпорациясы Қазақстандағы онлайн видео жарнамасын іске қосса, "Яндекс" компаниясы өзінің өкілдігін ашты. Сондай-ақ перформанс маркетингі бойынша Ресейдің "Linkprofit" компаниясы осы жылдың тамыз айында СРА жүйесін (жарнама берушілер мен digital нарығы қатысушылары арасындағы серіктестік бағдарламасы) Қазақстанда дамытуға ниетті екенін айтты. Жиында осы компанияның бас директоры Дмитрия Юхневич Қазақстан мен Ресейдегі компаниялардың басым бөлігі ғаламтордағы жарнаманың тапсырыс берушілер үшін тиімді екенін енді ұғынғанын тұспалдады.
"Цифрлы Қазақстан" бағдарламасы СРА-жүйесінің дамуына жол ашады деп үміттеніп отырмыз. Нарыққа қатысушылар арасында перформанс маркетинг ретінде танымал болған бұл сегмент маркетологқа деректер базасын ұсынып, өнімді сату, жарнамалау процестерін барынша жеңілдетеді. Деректер базасында жиналған мәліметтер арқылы жарнама беруші тұтынушының өнімнің қай түріне көбірек қызығып отырғанын және сатып алу үшін жарнаманы қандай форматта беруді қалайтынын білуге жағдай жасайды. Бұл жүйе дамыса, БАҚ-тағы бәсекелестікті дамытады. Бұрын мемлекеттік тапсырыс арқылы күн көріп, соны қанағат тұтып жүрген басылымдар жаңа жүйеге бейімделеді", – деді ол.
Гүлбаршын Сабаева