"Яндекс" пен Uber енді бір ұжым

Компаниялар Ресей мен көршілес елдердегі сапарға онлайн-тапсырыс беру бизнестерін біріктіруге келісім жасады.

"Яндекс" пен Uber енді бір ұжым

7 ақпан күні кешке "Яндекс" (NASDAQ:YNDX) пен Uber Ресейдегі және көршілес елдердегі сапарға онлайн-тапсырыс беру бизнестерін жаңа компанияның құрамында біріктіру туралы келісімді жапқандарын хабарлады.

Келісім жабылған сәтте жаңа компанияға Uber – 225 млн доллар, ал "Яндекс" 100 млн доллар инвестиция салды. Осы инвестицияларды қоса есептегенде компанияның балансындағы қаражат 400 млн доллар болды. Осылайша, ол 3,8 млрд доллардан астамға бағаланып отыр деп хабарлады "Яндекс". Компанияның шамамен 59,3%-ы – "Яндекс"-ке, ал 36,9% – Uber-ге, қалған 3,8%-ы қызметкерлерге тиесілі. Өткен жылдың соңында "Яндекс" компанияның 59,3%-на, Uber – 36,6%-на, ал қызметкерлер 4,1%-на ие болады делінген болатын. Uber қызметкерлердің үлесінің азаюы есебінен әлдеқайда жоғары үлеске ие болып отыр.

Жаңа компанияның бас директоры болып бұрын "Яндекс.Такси"-ді басқарған Тигран Худавердян тағайындалды. Директорлар кеңесіне "Яндекс"-тің төрт өкілі кірді. Олар: Yandex N.V. компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Джон Бойнтон, бас директор Аркадий Волож, операциялық және қаржылық директор Грег Абовский мен копоративтік даму бойынша вице-президент Вадим Маркуч.

Директорлар кеңесіне Uber тарапынан копоративтік даму бойынша вице-президент Кэмерон Поэцшер, Еуропа, Таяу Шығыс және Африка аймақтарындағы компания басшысы Пьер-Димитрий Гор-Коти және ішкі аудиттің халықаралық бөлімшесінің басшысы Мишель ДеБелла кірді.

Келісім жабылғаннан кейін сапарға тапсырыс беру үшін "Яндекс.Такси" және Uber екі қосымшасы да қолданылушыларға бұрынғыша қолжетімді болады. Ал таксопарк пен жүргізушілер бірыңғай технологиялық платформаға көшеді. Сондай-ақ аймақтардағы онлайн-тапсырыс беру және UberEATS тамақ жеткізу бойынша сервис те біріктірілген компания болады.

Біріктірілген компаниялардың операциялық көрсеткіші бойынша толық ақпаратты 2017 жылдың IV тоқсанында "Яндекс"-тің жұмыс қорытындысы бойынша топ-менеджменттің инвесторлармен және сарапшылармен өтетін онлайн-конференциясы кезінде беріледі деп уәде етіліп отыр.

Бұл келісім 2017 жылдың қарашасында Ресей Федерациясының федералды монополияға қарсы қызметімен мақұлданған.

2017 жылдың шілдесінде "Яндекс" пен Uber өздерінің Ресей, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Грузия және Қазақстандағы таксиге тапсырыс беру онлайн-сервистерін бір компанияға біріктіруге келіскен болатын.

Бұған дейін Аркадий Волож abctv.kz-ке берген сұхбатында Қазақстанның 10 қаласында қызмет ұсынатын "Яндекс.Такси" елімізде үлкен сұранысқа ие екендігін айтқан еді.

"Яндекс.Такси" және Uber біріккеннен кейін өзінің брендтерімен жұмыс істей береді, өйткені әр қолданушының қалауы әртүрлі, біреуіне "Яндекс.Такси", ал біреуіне Uber ұнауы мүмкін. Бірақ жүргізушелер мен таксопарктер "Яндекс.Таксометр" базасындағы тапсырыстардың бірыңғай платформасына көшеді. Бұл осы екі сервисті қолданушылар үшін тиімді болады, өйткені машиналардың саны көбейіп, таксидің келу уақыты қысқарады, жалпы сервистің сапасы артатын болады", – деді ол.

Бұл ретте "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев бұдан бұрын заңсыз жолаушы тасымалдайтындармен күресудің орнына олармен жұмыс істеуді ұсынған болатын.

Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев "Атамекен" КҰП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевпен кездескенде әкімдікте коммуналдық автопаркті жеке таксопаркке беру мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтқан еді.

"Әкімдік келесі жылдан бастап өзіне қажетті көлік қызметінде таксиге көшу жобасын бастамақпыз, яғни машиналардан бас тартамыз. Бұл да болса біздің автокөлік компаниялары үшін мүмкіндік болар. Қоғамдық көлік саласында бірқатар жоба бар. Мықты ойыншылардың келуіне қызығушылық білдіріп отырмыз. Бізде әзірге жауапкершілікті мойнына алуға мүмкіндігі жетпей отырған бірнеше автопарк бар. Ең үлкен коммуналдық автопарк те бізде. Егер бизнес келгісі келсе, онда жеке автопаркке беруді қарастырамыз. Бес жылдан жеті жылға, он жылға дейінгі уақытқа келісімшарт беруге және тарифтер мен шарттарды бірлесіп талқылауға дайынбыз", – деді Әсет Исекешев.

2012 жылдан бастап 2016 жылға дейінгі арада Қазақстанда шамамен 20 такси қызметі жұмысын тоқтатқан. 2016 жылдың 26 сәуірінде ҚР президенті Астана, Алматы және облыс орталықтарында біркелкі такси қызметін құру туралы тапсырма берген еді. Осыдан кейін елордадағы таксомоторлық компаниялар Astana Taxi брендіне біріккен. Көліктерде таксометр орнатылып, қысқа нөмірлі бірыңғай байланыс-орталығы және таксиге тапсырма беру үшін мобильді қосымша құрылды. Такси көліктерінің сыртын бірыңғай етіп рәсімдеу бекітілді.

Астана қаласының көлік қызметкерлері қауымдастығының төрағасы Медет Құрманов заңсыз таксистермен күресуді ұсынды. Ол бұл тізімге "Яндекс" және Uber жүйесінде жұмыс істейтіндерді де қосты.

Алайда Тимур Құлыбаев оның сөзін бөліп, заңсыз такси болып жүргендер де өз еліміздің азаматтары екенін және олармен де жұмыс істеу керектігін айтты.

"Оларда біздің елдің азаматтары, оларға тек патент төлету керек, сондай-ақ рұқсат алып, техникалық бақылаудан өтуді талап етуіміз керек.Шындығына келер болсақ, кім тасымалдайтыны бәрібір емес пе? Сіздер жаңа көліктерге қол жеткізесіздер, сапа жағынан ұтуға тиіссіздер, сонымен қатар жүргізуші ағылшын тілінде сөйлеп, қаланың гиды болып, қай жерде не бар екенін білу керек. Жүргізушілердің арасында соңғы жаңалықты бөлісетін өздерінің чаты болуға тиіс. Бірақ та арзан ақша төлеп, қауіпті болса да жетіп қалуды қалайтындар бар. Сіздер осының барлығын ескерулеріңіз керек, өйткені бұл қызметті көрсетіп жүргенде біздің азаматтар. Астана қазір үлкен қала. Барлығы бұл жерге жұмыс істеу үшін келетіні анық. Оларды ысырып тастай алмаймыз. Сондықтан барлығымыз ойланып, ұсыныстарды қарастырып көрейік", – деді Тимур Құлыбаев.

 Бұл ретте өткен жылдың күзінде Астанада автокөлікпен заңсыз қызмет көрсететін жүргізушілерді ескерту бойынша шұғыл-іздестіру шаралары жүргізілді. Заңсыз жұмыс істеген жүргізушілерге 30 АЕК (2017 жылы айлық көрсеткіш 2269 теңге болған) көлемінде айыппұл салынды.

Еркебұлан Қыздарбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу