"Жасыл стандарт" – жаңа өмірге қадам

6806

"Жасыл стандарт"? Бұрын естіп көрдіңіз бе? Естісеңіз де байыбына барып, тереңіне үңілмеген шығарсыз?! Дәл солай. 

"Жасыл стандарт" – жаңа өмірге қадам

Мысалға  делік, сіз бесінші қабаттағы пәтеріңізге көтеріліп келе жатырсыз, дәлізде кіре берістен бастап жоғарғы қабатқа дейін электр шамы  жанып тұр, үнемі солай, тек күндіз өшірілсе, өшірілгені, сөнбесе, ол да жоқ.

Пәтеріңізге кірдіңіз, ваннада ешкім болмаса да, жарық жанып тұр, ешкім көріп жатпаса да теледидар қосулы, ұялы телефон жалғанбаса да, тоққа босқа қосылып тұр, кран дұрыс жабылмағандықтан, су сыздықтап ағып тұр, жылу батареясының қол тигізбестей жанып тұрғаны соншалық, ыстықтан тынысың  тарылады.

Ал осы болып жатқан жағдайлардың бәрі қалтаңызға қаншалықты қаржылай салмақ түсіріп жатқанын сіз бір мезет ойладыңыз ба? Жоқ. Бұл бір сіз ғана емес, көпшілік бас қатыра бермейтін, баршамызға ортақ мәселе.

Бұған "жасыл стандарттың" қандай қатысы бар, жалпы "жасыл стандарт" деген не өзі  дерсің... Бұл сұрақтарға біз сәлден соң қайта ораламыз.

"Жасыл стандарт" та "жасыл экономика", "жасыл технология"  ұғымдары сияқты экологиямен достық қарым-қатынасты сақтап қалуға, бізді қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және осы ізгі бастамаларға көпшіліктің ықыласпен қарап, бір кісідей қатысуына түрткі боларлық заманауи жүйе екені кеше "ЭКСПО-2017 – ұлттық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер" тақырыбында өткен семинар-тренингте айқындалды.

Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы мен Қазақстан әйелдері ассоциациясы ұйымдастырып, ҚР Президенті жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен "ЕХРО&WOMEN"  Халықаралық ұйымы" БЗТ қолдауымен өткен іс-шараға бизнес-құрылымдар, МЕҰ, Қазақстанның даму  институттарының өкілдері қатысты.

Объектілерге "жасыл" технологияларды дендеп енгізуге кәсіпкерлерді тарту мақсатында өткізілген сессияда Ұлттық жаңа стандарт – "Greenstandart.kz" ерікті сертификаттау жүйесінің тұсауы кесілді.

Сонымен "Greenstandart.kz" немесе қазақшаласақ - "Жасылстандарт.кз" ерікті сертификациялау жүйесінің көздеген мақсаты не? Ол кімдерге және не үшін қажет?

Әлемде объектілерді жасыл сертификаттаудан өткізу кең таралған үрдіс. 1992 жылы әлемнің 179 елінің үкімет өкілдері, көптеген халықаралық және мемлекеттік емес ұйымының қатысуымен, БҰҰ-ның қоршаған орта және даму бойынша Рио-де-Жанейрода өткен конференциясында тұрақты дамудың ғаламдық проблемалары анықталып, барлық қатысушымен мақұлданған "Күн тәртібі - ХХІ" бағдарламалық құжаты қабылданды, онда әлемнің барлық мемлекетінің басшыларына өз аумақтарында тұрақты дамудың стратегиялық бағдарламасын әзірлеуге ұсыныс мазмұны жасалған болатын.

Ал өткен ғасырдың соңында халықаралық қауымдастық пен іскерлік орталар негізінде тұрақты даму принциптері сақталып қалған, жасыл немесе экологиялық құрылыс және ғимараттар мен имараттарды пайдалану тұжырымдамасын белсенді талқылай бастады. Нәтижесінде, жылжымайтын мүлік нысандарын жасыл стандарттаудың түрлі жүйесі, сондай-ақ оларды ерікті сертификаттау жүйелері пайда болды.

Ал бұл жердегі жасыл құрылыстың міндеті не еді дейтін болсақ,  жобалау технологиялары мен құрылысты мейлінше экологиялық ету, яғни қоршаған ортаға тигізер зиянын барынша азайтып, тиімді қуат тұтынуды қамтамасыз ету және тұрғындар денсаулығына қолайлы қылу болатын. 

"Greenstandart" жобасының жетекшісі Есбол Абақановтың айтуынша, индустриялды мемлекеттердегі аумақтық инфрақұрылымның негізгі типтері арасында энергия тұтыну көрсеткішін бөліп қарайтын болсақ, 40% құрылысқа, 28% көлік саласына, ал қалған 32% өнеркәсіпке келеді екен.

Оның үстіне, ғимараттар, көлік және өнеркәсіп нысандарын пайдалану барысында олардан бөлінетін газ тәрізді қалдықтардың жылдан жылға көбейе түсетіні тағы бар. Ал Қазақстан әлем бойынша энергияны көп тұтынатын "алғашқы бестіктің" қатарында Өзбекстаннан соң екінші орын алған, одан кейін Украина, Нигерия, сосын Ресей тұр. 

Бұл үдемелі даму үдерісін кешіп жатқан Қазақстан үшін тиімсіз. Сондықтан  энергияны тиімді пайдаланудың аса қажет екенін ескертіп, нақты шешім қабылданған Қазақ елінде көп құжат қабылданды. Соның бірі ҚР Президентінің 2013 жылдың 30 мамырындағы Жарғысымен бекітілген Қазақстанның "Жасыл экономикаға көшуі туралы" тұжырымдамасы.

Алдын-ала жасалған есепке сүйенсек, 2050 жылға қарай "жасыл экономика" аясында көп өзгеріс болмақ. Олар ішкі жалпы өнімді қосымша 3%-ға ұлғайтып, 500 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға, жаңа өнеркәсіп және қызметтер салаларын жасақтауға, халықты өмір сапасының жоғары стандарттарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызбақ.

Осы ретте, қазіргі сүреңсіз экономика сүрлеуімен жүре берсек, оның салдары неге әкелетінін айтпай кетуге болмайды. Ластанған ауа, ауру-дерттің асқынуы, ауыз судың жетіспеуі, жердің азуы, энергияны тиімсіз тұтыну, қымбат тариф, экологиялық емес ауыл шаруашылығы, экономиканың мұнайға тәуелділігі, тағысын тағылар сүреңсіз экономиканың өскелең ұрпаққа қалдырар мұрасы.  

Ал жасыл экономика жарқын өмірге жетелейтін батыл қадам болмақ. Ал ол несімен ерекшеленеді дейтін шығарсыз?! Қуатты тиімді тұтыну, экологиялық өнім, ауыл өмірінің жақсаруы, заманауи және "ақылды" қалалардың пайда болуы, жылу және су ресурстарын ұтымды пайдалану, органикалық өнімдерді және жеңіл өнеркәсіпті дамыту деп тізбектеп айта бергің келеді.

Сөз реті келгенде, жоғарыда келтірген мысалымызға оралсақ,  жаңа дәліздегі күні-түні жанып тұратын электр жарығының шығынын кім өтейді? - Әрине сіз бен біз, пәтер иелері. Еер оны  "сезімтал" жарыққа, яғни кісі келе жатқанда жанып, кете бергенде сөніп қалатын жүйеге көшірсе, ұтамыз ба, ұтыламыз ба?! Бұл жүйеге немістер 50-60 жыл бұрын көшкен деседі.

Ал пәтердегі жарықты тиімді жарықдиодты лампаларға, сондай-ақ, жылу батареяларын қажет кезінде қосып өшіріп отыратын немесе бәсеңдетіп қоятын автоматты түрде басқарылатын жылу жүйелеріне, ал ғимараттарды су жүйелерін  тиімді түріне алмастырсақ, ұтыламыз ба, ұтамыз ба?

Ұлттық "жасыл стандарт" - жасыл экономика принциптерін негізге алған нақтылық пен тиімділік жүйесі. Бұл стандарт Ұлыбританияның BREEAM, АҚШ-тың LEED, Германияның DGBN сертификаттау жүйелерінің негізінде Қазақстанға ықшамдалып, біріздендіріліп жасалған нұсқасы.

Әлем елдерінің өз аумақтарына лайықталып жасаған ұлттық "жасыл" стандарттарына ортақ мәселе - ол экологияға нұқсан келтірмей, қоршаған ортаны қорғау және халыққа қолайлы әрі тиімді жағдайлар жасау. Ел игілігіне икемделіп жасалған қазақи "Greenstandart" жүйесінің әділ бағасын халық уақыты келгенде өзі береді деген ойдамыз. Ең бастысы, сең қозғалып, алға жылжу бар.

Сұлугүл БАКЕСОВА  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу