"Жедел жәрдем" жүйткіп жетеді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
7419

Елімізде жедел медициналық қызмет көрсету туралы жаңа бұйрық күшіне енді. 

"Жедел жәрдем" жүйткіп жетеді

Аbctv.kz ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бекіткен бұйрықтағы жаңашылдықтарды жалпақ жұртқа түсіндіруді жөн көрді.

Сонымен жаңа реформадан күтілетін нәтиже қандай? Біріншіден, науқасқа  уақытылы әрі сапалы медициналық қызмет көрсету. Екіншіден, медициналық мекемелердегі мамандарды және ондағы жабдықтардың мүмкіндігін ұтымды пайдалану. Үшіншіден, госпитальға дейінгі өлім-жітім деңгейін төмендетіп, адамдардың өмір сүру ұзақтығын ұлғайту.

Министрлік ел тұрғындарына жедел медициналық көмек көрсетудің сараланған тәсілін ұсынып отыр. Бұл ретте жедел шақыртулар науқастың  ауру белгілеріне (синдромына) байланысты оңтайландырылып, төрт санатқа жіктелген.

1 категория: пациенттің өміріне тікелей қауіп төніп, шұғыл медициналық көмек қажет етілетін жағдай. Бригаданың келу уақыты - 10 минут.

2 категория: пациенттің өміріне қатер төнуі ықтимал, алайда тығырықтан медициналық көмексіз шығуға болатын жағдай. Мұндай жағдайда көмек көрсету бригадасы 15 минутта діттеген жерден табылуы тиіс.

Пациенттің денсаулығына қатер төнуі мүмкін, бірақ жағдайды медициналық көмексіз реттеу. Бұл 3 категория. Бригада 30 минутта келуі керек.

4 категория: науқастың денсаулығына және өміріне тікелей қауіп төнбейтін жағдай. Мұндайда жедел медициналық қызмет өкілдеріне берілетін уақыт - 60 минут.

1, 2 және 3 категорияларға жататын науқастарға жедел медициналық көмек станциясы қызмет көрсетеді. Ал 4 категориядағы пациенттер емханалардағы жедел медициналық көмек бөлімшелеріне жүгіне алады. Мұндай бөлімшелер шақыртуларды тәулік бойы қабылдайды.

Саладағы жаңашылдық шұғыл көмек көрсетудің үш кезеңі арқылы госпитальға дейінгі өлім-жітімді төмендетуге бағытталған. Бірінші кезең - зардап шегушіге алғашқы көмек көрсету бригадасының келуіне дейінгі жедел медициналық көмек. Екіншісі - фельдшерлік немесе дәрігерлік бригадалардың жедел жәрдем қызметін көрсетуі. Үшінші кезең – стационарлық мекемелердің қабылдау бөлімдерінде медициналық көмек көрсету.

Жаңа бұйрыққа сәйкес, алғашқы көмек бригадасы келгенге дейін жедел медициналық көмекті арнайы медициналық білімі жоқ адамдар көрсете алады. Бұл топқа полиция қызметкерлері, патрульдік қызмет, өнеркәсіп кәсіпорындарының және білім беру, көлік, әлеуметтік салалардың өкілдері жатады.

Реформаның тағы бір жаңашылдығы - қабылдау бөлімдерінде жаңа дәрігерлік мамандықтың енгізілуі. Ол "emergency doctor" - қабылдау бөлімінің дәрігері деп аталады. Олардың міндеті - уақытылы жедел медициналық көмек беру. Сондай-ақ қажет болған жағдайда пациенттердің жай-күйін тұрақтандыру үшін алғашқы реанимациялық және басқа да ем-дом шараларын қолдану жатады. 

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу