​"Сергек" бейнекамералары тіркеген айыппұлдардың үштен бірі ғана төленуде

2342

Қалған жүргізушілер қазынаны тек хабарлау жүйесі ретке келтірілген соң ғана толтырмақ.

​"Сергек" бейнекамералары тіркеген айыппұлдардың үштен бірі ғана төленуде

2017 жылдың 15 қыркүйегінен елордада "Сергек" жобасы жұмыс істей бастаған болатын. Ол фотобейнетіркегіш жүйесін пайдалана отырып жолда жүру ережесінің бұзылуын тіркеуге бағытталған. Бұл жоба МЖӘ шеңберінде әрі жеке сектордың қаржысына жүзеге асырылуымен қала билігі үшін тиімді болды. Ереже бұзушылықтарды тіркейтін бейнекамераларды "Көркем Телеком" ЖШС өзі қаржыландырғанын айта кетейік. Аталмыш қондырғы тоқтау сызығынан асып кету, автобус жолағымен жүру, бағдаршамға бағынбау және жылдамдықты асыру секілді ереже бұзушылықтарды тіркейді.

Жоспар бойынша жоба өндірілетін айыппұлдар сомасы есебінен өзін-өзі ақтап шықпақшы. (Жалпы алғанда бүгінгі таңда Астанада 1360 камера орнатылған, алдағы уақытта олардың санын 3000-ге дейін жеткізу көзделген).

Жүзеге асырылып жатқан жоба әзірге көздеген нәтижені көрсетпеуде. Құрылғы тіркеген әкімшілік құқық бұзушылықтар саны күн санап көбейіп жатқанымен, өндірілген айыппұлдардың сомасы да дәл солай өсетін емес. Бұған тіпті биылғы жылдың басында АҚтК-ке өзгеріс енгізіліп, соған сәйкес хабарлама алған сәттен жеті тәулік ішінде айыппұлды 50% жеңілдікпен төлеуге болатыны да әсер ете қоймаған.

"Жыл басынан бері 1,2 миллиард теңгенің 165 мыңдай әкімшілік құқық бұзушылығы орын алды. 400 миллион теңгедей өндірілді", – деді Астана ІІД Әкімшілік полиция басқармасының әкімшілік практика бөлімінің басшысы Дархан Ташмұхамбетов 7 тамыз күні "Борышкер" жедел-профилактикалық шара барысында.

Осылайша, бүгінгі таңда "Сергек" кешенінен келіп түскен айыппұлдарды өндіру 35%-ды құрайды. Салыстыру үшін айтар болсақ, жалпы қала көшелерінде тәртіп бұзғандар өздеріне жазылған айыппұлдың 60%-дан артығын төлеп жүр. Әдеттегі әдіспен айыппұл жазу барысында көлік иесі оқиғаның басы-қасынан табылатын болса, бейнебақылау камералары арқылы тіркеуде жағдай мүлдем кереғар.

Жалпы алғанда Астанада күн сайын 2-2,5 мың адам хабарлама алады.

"Азамат көрсетілген (тіркеу барысында. – Авт.) мекенжайда тұрмайтын болса, хат кері қайтып келеді. Мұндай жағдайда ақпарат инспекторлардың планшетіне және "Рубеж" бекетіне келіп түседі. Ереже бұзушы бекетте тоқтатылып, хабарлама табысталған соң ол жеті күн ішінде жеңілдікпен төлей алады. Қазір біз күніне шамамен төрт мыңдай әкімшілік құқық бұзушылықты тіркеп жүрміз", – деп атап өтті Дархан Ташұхамбетов.

ІІД өкілдерінің пікірінше, айыппұлдың өндірілуі хабарламаның жеткізілуіне байланысты. Ал ол хабарлау жүйесінің арқасында ғана мүмкін болмақ. Қазіргі таңда азаматтар айыппұлдар туралы хабарламаны арнайы хатпен, электронды үкімет порталы, СМС-хабарлама арқылы, сондай-ақ жол полициясы инспекторынан ала алады.

"Астанада жедел-профилактикалық шаралар өткізіліп тұрады. Шараның мақсаты – әкімшілік айыппұлдарды өндіру. Жол полициясының инспекторлары 80 пайызға планшетпен қамтылған. Олар ол арқылы мүліктің бұғатталғаны, іздеу жарияланғаны және төленбеген айыппұлдар туралы ақпарат алып отырады", – деді әкімшілік полиция майоры.

Астана ІІД ақпаратына сай, кешеннің жұмысы жол-көлік оқиғасы салдарынан көз жұмғандардың санын былтырғы жылмен салыстырғанда 20%-ға төмендеткен. Былтыр бірінші жарты жылда 21 адам қайтыс болса, биыл 13 адам көз жұмған. Алдағы уақытта Астанада 400-і – сызықтарға және 300-і қиылысқа бағдарланған, жалпы алғанда 700 учаскені камерамен қамтамасыз ету көзделуде.

"Астанада камералар көбейеді, олардың саны әрдайым ұлғайтылып отырады. Азаматтарға жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттігін ескерткіміз келеді. Камералар жол қозғалысы бұзушылықтарымен қатар, қоғамдық қауіпсіздікті бұзушылықтарды анықтауға да мүмкіндік береді", – деп ескертті Әкімшілік полиция басқармасының бөлім басшысы.

Саян Абаев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу