​Қазақ болып доп теппесем не етер ем

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3341

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Әзербайжан құрамасымен жолдастық кездесу өткізіп, 3:0 есебімен басым түсті.

​Қазақ болып доп теппесем не етер ем Фото: kff.kz

Бұл ойын "Мен қазақпын" әнімен басталды десем, артық айтпағандығым шығар. Матчтың басында, ортасында (яғни, үзіліс кезінде) және соңында "Астана-Арена" бұрынғыдай шетелдік өлеңдер емес, ана тіліміздегі әндер құйқылжып тұрды. Бәрі де дәл осы "Қазақ болып тумағанда не етер ем?" деген сөздермен басталатын әнмен басталып тұрды. Қанда әсерлі десеңізші.

Ал жасыл алаңдағы ойынға келер болсақ, матч басталған бетте Қазақстан құрамасының жігіттері алға қарай лап қойды. Әзербайжан құрамасын тықсырып қыспаққа ала түсті. Ал доп қонақтарға көшкенде де, жапа-тармағай кері шегінген жоқ. Керісінше, аяғына доп іліккен футболшының аңдысын аңдап, жан-жағынан қаумалап, адымын аштырмады. Мұны футболда "прессинг" деп атайды.

Болгария маманы Станимир Стойлов жаттықтыратын Қазақстан құрамасы қонақтарды әбден састырды. Құйындай орап соғып, қауіп бұлтын төндіре түсті. Бірлі-жарым екі мүмкіндікте есеп ашудың сәті түспеді. Әйтсе де, 12-минутта теңбіл доп Әзербайжан құрамасының қақпасында тулады. Бауыржан Исламхан асқан шеберлікпен айып соққысын орындап, қақпа алдындағы ығы-жығы футболшылардың ішінен Роман Муртазаевтың басын "дәл тапты". Муртазаевқа ала допты басымен сілке салу ғана "қалды". Гол!

Әзербайжан қақпашысы серіктерін "ештеңе етпейді, еңселеріңді көтеріңдер" дегендей жігерлендіріп жатыр. Бірақ одан да пайда болмады. Бір минутқа жетер-жетпес уақыттың ішінде Қазақ елі футболшылары тағы бір гол салды. Исламхан – Шомко – Муртазаев – Мұжықов төртеуі Әзербайжан қорғанысының түте-түтесін шығарып, Серікжан көлбеулете теуіп, қақпашысын да тақырға отырғызып кетті. Гол!

Ашығын айтсақ, "апам да аң-таң, мен де аң-таң" дегендей, Әзербайжан футболшылары да, біз де таң-тамаша болдық. Стойловтың саңлақтары 13 минуттың ішінде Әзербайжан құрамасын "паршалап" тастайды деп ойламап едік. Қонақтар біздің қақпаны алғаш рет, тек 17-минутта нысанаға ала алды. Оның өзі нәтижесіз болып шықты.

Осы екі голдан кейін біздің жігіттер сәл де болса, қарқындарын бәсеңдетті. Өйткені 90 минут бойы дәл осылай зыр жүгіру мүмкін емес. Өз қақпамызға гол жіберіп алмауды да ойлау керек. Сондықтан әрі қарай Қазақ елі құрамасы "тазы болып шалуды" ойлады. Қонақтарының қақпасын торып, оларды өзіміздің айып алаңымызға жақындатпауға тырысты.

Екінші таймда да ойын өрбісі дәл осы қарқында жалғасты. Әзербайжан құрамасының ойыншылары "Астана-Арена" желегіне бейімделе бастағандай. Бірақ біздің жігіттер оларға дес берер емес. Екі команда да бірнеше ойыншысын алмастырды. Станимир Стойлов та біраз ойыншымызды алмастырып, өзгелерге де мүмкіндік берді. Өз кезектерінде, олар да сенімді ақтауға тырысып, жанкештілік танытты.

Бұл ойынның нүктесін жас талантымыз Бахтиер Зайнутдинов қойды. Ол алыстан шірене тартып, допты доғаша иіп, Әзербайжан құрамасының қақпасына тоғытты. Бұл да өте әдемі соғылған гол болды. Есеп – 3:0. Сарыарқа төсіне "жеңеміз" деп, желпініп келген қонақтардың ұнжырғалары түсіп кетті. Ойсырай ұтылып, сөзден тұтылды.

Матчтан кейін Әзербайжан құрамасының бас бапкері Гурбан Гурбанов "Қазақтар тамаша футбол үлгісін көрсетті. Деңгейлері едәуір өскен. Клубтарының ғана емес, ұлттық құрамасының да ойын өрнегі жетіле түскен. Оған, міне, іс жүзінде көз жеткіздік. Алаң иелерінің матч басындағы өте жоғары қарқындарына төтеп бере алмай қалдық", – деді өте сабырлы кейіппен.

Ал Станимир Стойлов "Деңгейімізді жетілдіре түсуге әлеуетіміз әлі де бар. Ең бастысы – осы. Бүгін ірі есеппен жеңіске жеткенімізбен, бәрі де ойдағыдай емес. Жарты сағаттан кейін ойыншыларымыз шаршаңқырап қалды. Еурокубок додалары жігіттеріміздің деңгейін көтере түсуге ықпал етеді деп үміттенгемін. Бүгін бәрі де аянған жоқ", – деп түйіндеді өз ойын.

Қазақстан – Әзербайжан – 3:0 (2:0)

Голдар: Муртазаев, 12. Мұжықов, 13. Зайнутдинов, 90.
Қазақстан: Эрич, Шомко (Сүйімбаев, 52), Малый, Постников, Бейсебеков, Қуат (Логвиненко, 70), Исламхан (Ворогвоский, 90), Мұжықов (Зайнутдинов, 63), Муртазаев, Тұңғышбаев (Жуков, 52), Щеткин (Тұрысбек, 81).
Әзербайжан: Агаев, Гараев, Абышов (Мамедов, 73), Медведев, Халилзаде, Абдуллаев (Алескеров, 63), Гусейнов (Имамвердиев, 63), Гурбанов (Аббасов, 46), Назаров (Диниев, 46), Гурбанов (Шейдаев, 72), Мадатов
Төрешілер: Тян, Бордеан, Мардари (бәрі де – Молдова) 
Астана. "Астана Арена" 22 500 көрермен.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу