Алматы облысындағы Шонжы ауылында салынып жатқан спорттық-сауықтыру кешенінің ғимараты құлады. Нысанның құрылысы 2019-жылы басталған және 2020-жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған болатын. Құрылысқа 1,171 миллиард теңге бөлінген. Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат Нұрахунов ғимарат не үшін құлады деген сұраққа жауап бере алмады. Ол жақын арада объектіге тергеу жүргізетін арнайы комиссия келуі керек екенін ғана айтты.
"Ертең сарапшылар тергеу жүргізеді. Түстен кейін темірдің бір бөлігі ғана құлады. Тек бір жерде ғана төбесі құлады. Енді біз анау-мынау деп айта алмаймыз", - деп түсіндірді Нұрахунов.
Бүгін Алматы облысының әкімдігі Шонжыда салынып жатқан спорт кешенінің құлауына қатысты түсініктеме берді.
Алматы облыстық құрылыс басқармасы бастығының орынбасары Еркебұлан Усманбаевтың айтуынша спорт кешенінің құрылыс алаңында жұмысшылардың бір де біреуі құлау кезінде зардап шеккен жоқ. Қазір мамандар төтенше жағдайдың себептерін анықтап жатыр.
"Нысанда елу адам жұмыс істеді. Құрылысқа жауапты "Лидер НК" ЖШС құрылыс компаниясы. Мұнда үш ғимарат салу жоспарланған. Сол ғимараттардың біреуінің шатыры құлаған. Мұның себептері әр түрлі болуы мүмкін. Адам факторы да болуы мүмкін. Құрылыс барысында мүмкін біреу болтты дұрыс бұрамаған болар. Жалпы кез-келген нәрсе болуы мүмкін. Мүмкін дәнекерлеу жұмыстары аяқталмаған болар", - деді Еркебұлан Усманбаев Tengrinews.kz-ке берген сұхбатында.
Бірақ облыстық құрылыс басқармасы бастығының орынбасары бұл оқиға құрылыс барысына әсер етпейді деп санайды. Жағдай ретке келсе, жұмысты жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
"Біз құрылысты қайта ретке келтіреміз. Бұл объектінің құрылысын әрі қарай жалғастырамыз. Жылдың аяғына дейін аяқтауымыз керек еді. Енді барлығы пандемияға байланысты болып тұр. Егер қайта карантинге жабылса, онда келесі жылға қалады. Ал, жалпы нысанды біз биыл пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз", - деді Еркебұлан Усманбаев.
Ермұхамед Мәулен