1 268 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
5888

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл кәсіпкерлерді қатаң жазаламауды сұрады. 

1 268 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Наурыз айының 15-і мен сәуір айының 3-і аралығында төтенше жағдай режимiн бұзғаны үшін 1 268 кәсіпкер әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 476-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. 748 адамға айыппұл салынып, 472 адам әкімшілік қамауға алынды. 48 адамға ескерту жасалды.

Жоғарыдағы бап бойынша төтенше жағдай режимiн бұзған тұлғаларға ескерту жасау, 10 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу немесе  15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу сынды тәртіптік шара қолданылуға тиіс. Өздеріңіз көріп отырғандай, құзырлы органдардың өкілдері қатаң шараға жүгінгенді жөн көрген. Яғни "шаш ал десе, бас ал" деп түсінген.

Мысалы, Петропавл қаласының мамандандырылған әкімшілік соты кәсіпкер Н. Бимберин мен Н.Ульманды дүкендерінде жадынама мен бетперде  таратпағаны үшін 5 тәулікке қамау туралы шешім шығарған. 1 сәуірде Ақмола облысы Жақсы аудандық сотының қаулысымен Жақсы ауылының үш кәсіпкеріне дәл осындай шара қолданылған. Кәсіпкерлерге дәмханада дезинфекция жүргізу үшін міндетті үзіліс жарияланбаған, дүкендерде желдету кестесі болмаған деген айып тағылған. Ақтау қаласының әкімшілік соты көпбалалы және әлеуметтің осал тобына жататын отбасыларға көмек көрсетіп, қайырымдылық шарасын ұйымдастырған кәсіпкерді 5 тәулікке қамап тастаған. Полицияның пікірінше, адамдар топталып, бір жерге жиналған, яғни төтенше жағдай режимінің талабын бұзған.

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов жоғарыдағы сорақылықтарды жіпке тізіп, Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов пен Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа хат жолдады.

"Төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлердің қамауға алынуы шектеу шараларының әсерін күшейтеді және әлеуметтік-қоғамдық шиеленісті ушықтырады. Бизнеске онсыз да оңай тиіп жатқан жоқ. Бұл жағдай оларды тығырыққа тірейді. Кәсіпкерлерді әкімшілік қамауға алу шарасын 10 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу немесе ескерту жасау шарасымен алмастыруды сұраймыз", – деп жазды Рустам Жүрсінов.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Премьер-министрдің бірінші орынбасары - қаржы министрі Әлихан Смаиловқа да хат жолдады. Бұл туралы Рустам Жүрсінов: "Біз төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлердің статистикалық есеп беру мерзімін шегеруді сұрадық. Бұл ұсынысымыз мақұлданған жоқ, алайда кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтын болды. Дәл қазіргі сәтте осының өзі кәсіпкерлер үшін жағымды жаңалық болып тұр", – деді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу