1,4 млн қазақстандықтың мойнында салықтық берешек бар

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3120

Ел тұрғындарының салық органдары алдындағы қарызы 20,9 млрд теңгеге тең.

1,4 млн қазақстандықтың мойнында салықтық берешек бар Фото: ortcom.kz

1,4 млн қазақстандықтың мойнында 20,9 млрд теңге салықтық берешек бар. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев мәлім етті.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингке қатысқан Жайдар Іңкәрбаевтың баяндауынша, салықтың берешектің негізгі сомасы немесе 70 пайызы көлік салығына тиесілі. Бүгінде ел тұрғындары 14,4 млрд теңге көлеміндегі салықтық берешегін төлемеген.

"Жалпы берешектің 12 пайызын немесе 2,5 млрд теңгесін жер салығы құрап отыр. Мүлік салығының үлесі – 1,4 млрд теңге немесе 6,7 пайыз", – деді Жайдар Іңкәрбаев.

Ал салық төлемей жүргендердің дені – шымкенттіктер. Шамамен 148 мың шымкенттік тұрғын салық органдарына қарыз екен. Сондай-ақ 139 мың түркістандық, 116 мың жамбылдық және 114 мың астаналық тұрғын салық төлемеген.

"Салықтық қарыз сомасы бойынша Алматы қаласы бірінші орында тұр. Қала тұрғындары мемлекеттік кіріс органдарына 5,5 млрд теңге қарыз. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында 2 млрд теңге, Маңғыстау облысында 2 млрд теңге, Шымкент қаласында 1,6 млрд теңге берешек қалыптасқан", – деді Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары.

Еске сала кетейік, биыл жеке тұлғалардың салықтық берешектеріне рақымшылық жасау туралы шешім қабылданған болатын.

"Жыл басынан бері жеке тұлғаларға салық рақымшылық жасау үшін үлкен дайындық жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, деректер базасын уәкілетті органдармен салыстырып тексеру, сондай-ақ салық төлеушілердің дербес шоттарын өзектендіру мақсатында есептеулердің толықтығы мен дұрыстығын түгендеу жүргізілді", – деді Жайдар Іңкәрбаев.

Оның айуынша, салықтық берешек бойынша есептелген өсімпұлды есептен шығарудың жалғыз ғана жолы бар. Яғни, жеке тұлға салықтар бойынша жинақталған қарыздың негізгі бөлігін төлесе болғаны.

"Салық төлеушілерге бұл үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Мемлекеттік кіріс органдары күн сайын жеке тұлғалардың дербес шоттарының жай-күйіне мониторинг жүргізеді және үш жұмыс күні ішінде негізгі борышты төлеген кезде өсімпұлды есептен шығару туралы тиісті шешім шығарылады", – деп толықтырды ол.

Сонымен қатар, бүгінге дейін салықтық берешегін өсімпұлымен қоса төлеп қойған адамдарға, өсімпұл сомасы қайтарылады. Ол үшін мемлекеттік кіріс органдарына өтініш беру қажет. Соның негізінде артық төленген сома өтініш берушінің атындағы есепшотқа аударылады.  

Дегенмен, әзірге бірде-бір борышкердің өсімпұлы шегерілмеген. Өйткені, өсімпұлды шегеру ережесі нақтыланып жатыр.

Еске сала кетейік, шағын және орта бизнес нысандарына да салықтық рақымшылық беріліп отыр. Бүгінге дейін акция аясында 40 мың қазақстандық салық айыппұлынан құтылған.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу