1,5 жылда 6,5 мың қазақ Қытай азаматтығынан шығарылған

СІМ Қытай қазақтарының қай санаты Қазақстан азаматтығын ала алмайтынын атады. 

1,5 жылда 6,5 мың қазақ Қытай азаматтығынан шығарылған

"Отандастар. Болашаққа бағдар" атты халықаралық дөңгелек үстелге қатысқан Сыртқы істер министрінің орынбасары Шахрат Нұрышев Қытайдағы қазақтардың мәселесі ресми Нұр-Сұлтан тарапынан қалай шешіліп жатқанын баяндады.

"Соңғы кездері Қытайдағы қандастарымызға байланысты неше түрлі әңгімелердің тарауына қатысты қысқаша мәлімет беріп кетейін. Министрлік қандастарымыздың мәселесін шешу мақсатында Қытай тарапымен тығыз диалог орнатып, түрлі келіссөздер мен консультациялар өткізуде.  Өздеріңізге мәлім, 2017 жылдан бастап  Қытай Халық Республикасының Шыңжан-ұйғыр автономиялы ауданындағы миграциялық режимнің және  терроризмге қарсы күрестің күшеюіне байланысты Қытайдағы қандастарымыздың Қазақстанға шығу мәселесі қиындады. Дей тұрғанмен дипломатиялық арналар арқылы атқарылған шауралардың нәтижесінде  қазақтардың Қытайдан Қазақстанға шығу мәселесі дұрыс шешімін табуда.  Қытайлық тараптың мәліметі бойынша қандастардың Қытайдан Қазақстанға шығуына қойылған шектеу алынып тасталған. Тек  Қытайдың заңдарын бұзғандарға ғана  шектеу қойылатыны ескертілді. 2019 жылдың  қаңтар-қараша аралығында  еліміздің Қытайдағы консулдық және дипломатиялық  мекемелерінен 38393 этникалық қазақ виза алып, Қазақстандағы туыстарымен қауышты.  Қос азаматтығы үшін Қытайдан шыға алмай жүрген 35 қазақтың 30-ы босатылып, елімізге оралды", – деген СІМ өкілі қандастарды қос азаматтықтан аулақ болуға шақырды.

"Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес, Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген  тәртіппен қабылдаған этникалық қазақтар  Қазақстанның Қытайдағы дипломатиялық  өкілдіктері арқылы Қытай азаматтығынан шығу мәселесін ресімдеуде.  Қытайдың Қазақстандағы елшілігінің ресми мәліметі бойынша,  соңғы 1,5 жыл ішінде 6,5 мыңнан астам этникалық қазақ  Қытай азаматтығынан шығарылды. Алайда Шыңжандағы көші-қон саласына енгізілген жаңа тәртіпке байланысты  мемлекеттік қызметтегі,  құқық қорғау органдарында қызмет ететін, әскери борышы бар және  партия мүшелері болып табылатын  қазақтардың Қытай азамттығынан шығу мәселесі әлі де болса шешімін таппай отыр.  Дегенмен, министрлік бұл мәселені өз бақылауында ұстап, Қытай  тарапымен жүйелі жұмыстарды жалғастыруда.  Осы ретте Қытайдағы қандастарымызға Қазақстан мен Қытайдың заңнамаларына сәйкес, қос азаматтыққа жол бермеу керектігін тағы да ескерте айтқым келеді" – деді Шахрат Нұрышев.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу