1 600 педофил халық есебінен күн көріп отыр

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
2338

Кәмелет жасына толмаған жасөспірімдерді зорлағандардың арасында 1-ақ жылға сотталғандар бар.  

1 600 педофил халық есебінен күн көріп отыр

Елімізде 1 500-ге жуық педофил мен қыз зорлаған 2 800 қылмыскер ресми есепке алынған. Олардың 1 600-і темір тордың арғы жағында шырт түкіріп жүр. Себебі жатар жер, ішер ас дайын. Уайым жоқ, қарын тоқ. Түрмедегі күндік, апталық, айлық, жылдық шығындары  салық төлеушілердің есебінен өтеліп жатыр. Тіпті педофилдерге мәжбүрлі химиялық кастрация жасау да бюджеттен қаржыландырылады.

Біле жүріңіз, педофилдерді мәжбүрлі химиялық кастрациялау туралы заң  2018 жылы қаңтар айында күшіне енген.

Азғындардың арасында түбіт мұрты жаңа тебіндеген жас жігіт те, ата сақалы аузына түскен  кәрі шал да бар. Алғашқысы – 18, соңғысы – 77 жаста.

Қария деуге ауыз бармайтын қаскүнем былтыр 5 жасар баланы қорлаған. Осы үшін Қылмыстық кодекстің 124-бабы бойынша 5 жылға сотталған. Иә, иә, бейкүнә баланың тағдырын талқандағаны, ата-ананың жүрегіне жазылмас жара салғаны үшін небары 5 жылға бас бостандығынан айрылған.

Айналамызда есепке алынбаған қанша педофил жүргені белгісіз. Белгісі олар бар және балаларға үлкен қауіп төндіреді.

Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есеп комитеті іске қосқан infopublic.pravstat.kz сайтында кәмелет жасына тол­маған балаларға қарсы жыныстық қолсұғушылық қылмысы бойын­ша есепке алынған педофилдердің 217-нің ғана суреті мен мекенжайы көрсетілген. Қалғандары қайда? Бұл сұраққа нақты жауап берілуге тиіс.

Сұмдығы сол, педофилдің "құрбаны" болған еліміздегі ең кішкентай сәби 2-ақ жаста болған. Атап көрсетерлігі, педофилдердің дені қылмыстық кодекстің 120, 121, 122, 124- баптары бойынша сотталған. Бұл баптардың барлығында жаза мерзімі өте аз.

Күлесіз бе, жылайсыз ба, 8 жасар баланы зорлағаны үшін 4 жыл, 13 жасар жасөспірімге қиянат жасағаны үшін 1-ақ жыл арқалаған азғындар бар. Оларға соттың неге рақымшыл болғаны түсініксіз.

Былтыр Тараз қаласындағы мектептердің біріндегі дәретханада 7- сынып оқушысы зорланды. Ел шулап, облыстық білім басқармасының басшысы, мектеп директоры, сабақ кезінде оқушыны дәретханаға жіберген мұғалім, кезекші мұғалім, вахтер мен оқу ісінің меңгерушісі қызметінен кетті. Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев та жылы орнымен қош айтысты. Облыс басшысы ескерту алды. Ал бейнекамераға түсіп қалған 38 жасар педофил 25 жылға сотталды. Биыл 23 шілде күні Сәтбаев қаласында 5 жасар балаға жыныстық қол сұғушылық жасалғанда да қоғам дүр сілкінді. Қала тұрғындары полициядан күдіктіні халыққа тапсыруды талап етті. Жағдай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақы­л­ауына алынып, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың, ҚР бала құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саинның назарында тұрды. Әзірше қылмыскерге қандай үкім шығарылатыны белгісіз. Ешкім қызметінен кеткен жоқ. Халық педофилдің тұзағына түскен қыздың ата-анасы Жезқазған, Сәтбаев қалаларының тұрғындарына үндеу жариялап, қыздарының суретін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таратуды доғаруларын сұрағаны мен "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС жапа шеккен отбасыға жан-жақты қолдау көрсетіп жатқанынан ғана хабардар.

Дәл осындай сұмдық оқиға Ақтөбе қаласының ВОХР ықшамауданында 2020 жылғы 22 шілдеде, яғни Сәтбаевтағы оқиғадан бір күн бұрын болған.

Орал қаласындағы түрмеден жазасын таяуда өтеп шыққан адам дүкенге келген 12 жасар жасөспірімді күштеп алып кетіп, зорлап тастаған. Тергеу барысында оның бұған дейін, яғни 9 шілде күні бір әйелге қиянат жасағаны анықталған. Өкініштісі, 13 күнде 2 рет зорлық жасаған қылмыскердің айуандығы Сәтбаевтағы оқиғаның тасасында қалып қойды.

Бұл аз десеңіз, жақында Батыс Қазақстан облысында мұнан өткен сорақы жағдай болды. Алқабилер 12 жасар қызды зорлаған педофилді 2,5 жылға соттау туралы үкім шығарды. Қылмыстық іс бастапқыда ҚР қылмыстық кодексінің 120-бабының "кәмелетке толмаған жасөспірімді зорлау" деген тармағы бойынша қозғалған, кейін 122- баптың "16 жасқа толмаған тұлғамен жыныстық қатынас немесе сексуальдық сиапттағы өзге әрекет жасау" деген тармағына алмастырылған. Салдарынан 12 жасар қыз педофилмен  жыныстық қарым-қатынасқа өз еркімен түскен болып шыққан. Ал 21 жасар азғын жеп-жеңіл жаза арқалаған.

Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында: "Біз заңнамамызды ізгілендіру ісіне көбірек мән беріп, азаматтардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырдық.  Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет. Бұл мәселені шешуді парламентке және үкіметке тапсырамын!" – деді. Осының ізінше, ҚР бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов мәжілістің жалпы отырысында балаларға қарсы жасалған зорлық-зомбылық үшін қылмыскерлерге қатаң жаза қолданылатынын жариялады.

"Зорлау мен сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жаза қатаяды. Атап айтсақ, зорлау, яғни жәбірленушіге немесе басқа адамдарға күш қолданып, оның дәрменсіз күйін пайдаланып, жыныстық қатынас жасау ауырлығы орташа қылмыстан ауыр қылмыс санатына көшеді. Бұл жерде татуласу болмайды. Ал балаларға қарсы жасалған осындай қылмыс үшін жаза тіпті қатал болады. Қылмыстың бұл түрі ауыр қылмыс санатына жатады. 14 жасқа толмаған балаларға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыс  үшін 20 жыл немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы ұсынылды", – деді бас прокурордың орынбасары.

Бұған қоса ол педофилия бойынша айғақтарды бұрмалағаны үшін, біліп тұрып, хабарламағаны үшін де жауапкершілік көзделгенін мәлімдеді.

"Бұл әрекеттер ауыр қылмыс санатына кіреді. Мысалы, интернатта тәрбиеленіп жатқан балаларға қарсы қылмысты тәрбиеші жасырған болса, тиісті жауапкершілікке тартылады", – деді Марат Ахметжанов.

Сөзбен айтқанда барлығы керемет. Өкініштісі іс жүзінде заң солқылдақ. Қытай, Африка,  Сауд Арабиясы, Иран, Ирак, Оңтүстік Корея мемлекеттеріндегідей біздің елде де педофилдерге өлім жазасы қолданылатын болса, "нәпсінің құлдары" қазіргідей тайраңдамас еді.  

Заңгер Есберген Алау­ханов педофилдерге өлім жазасын қолдану керек деп санайды.

"Химиялық кастрацияны жүзеге асырып, қылмыскерлерге аяушылық жасаудың қажеті жоқ. Оларға қатал жаза қолдану қажет. Сонда ғана біз қоғамды айуандардан арашалаймыз. Әрине, кейде қоғамда "бір адамға бола өлім жазасын қолданамыз ба?" деген са­уал туындайды. Олай деуге бол­мас. Қажет болса, заңды қатайтып, өлім жазасына кесу жолдарын қарастыру қажет. Бұларды ішкі істер саласының қызметкерлері ұдайы бақылауда ұстап отырмаса, жағдайдың бұдан да ушығып кетпесіне кім кепіл? Бұл – жаман ауру. Бұлар әбден моральдық тұрғыдан азғындап, адамгершілік шегінен шыққан адамдар. Өкінішке қарай, дәл осы қылмыс түріне өлім жазасы жоқ. Өлім жазасы енгізілсе, қылмыскер баланы өлтіріп қояды деп қорқудың қажеті жоқ. Бұл бап қылмыстық кодексте арнайы көрсетілуі керек, – дейді Есберген Алау­ханов.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу