Аталған жоба жаңа оқу жылынан бастап Қазақстанда алғаш рет барлық білім беру ұйымын қамтиды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бағдарлама балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллинг оқиғаларын азайтуға, білім беру ұйымдарында қауіпсіз, қолдаушы және өзара құрметке негізделген орта қалыптастыруға бағытталған.
– Бағдарламаның апробациясы еліміздің 9 өңіріндегі 50 мектепте жүргізіліп, буллингтің алдын алу жүйелері құрылды. Апробация нәтижесінде ең тиімді тәжірибелер Астана, Алматы қалалары мен Абай, Жамбыл облыстарының мектептерінде байқалды, – деп мәлімдеді Оқу-ағарту министрлігі.
Аталған мектептерде шағым → талдау → көмек жоспары → қадағалау үлгісі сәтті қолданылды. Бұл процесте арнайы антибуллингтік топтар мен кейінгі бақылау шаралары іске қосылды.
– Біз "ДосболLIKE" бағдарламасын буллингтің алдын алудағы тұрақты құрал ретінде қарастырамыз. Апробация нәтижелері көрсеткендей, мұғалімдер, ата-аналар мен балалардың бірлескен қатысу жанжалдасу деңгейін төмендетіп, сенім мен сыйластық мәдениетін қалыптастырады және мектеп ортасын анағұрлым қауіпсіз әрі қолайлы етеді, – дейді Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Бағдарлама аясында мамандарды ауқымды даярлау көзделіп отыр. Қазірдің өзінде 2,5 мыңнан астам педагог, психолог және білім беру жүйесінің қызметкері оқытылған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 8 мыңнан аса маманға жеткізу жоспарланды.