1 сәуір ел күтпеген жаңалықпен есте қалғалы тұр

18626

Ресейлік маркетплейстер клиенттеріне маңызды шешімін жариялады.

1 сәуір ел күтпеген жаңалықпен есте қалғалы тұр Фото: ablcompany

«Мы прекращаем работу c 1 апреля!», – делінген хабарламада. Бұл жерде әңгіме «Озон» мен «Wildberries» қосымшаларының кейбір смартфонда енді істемейтіні туралы болып отыр.

Қазақстанда танымал ресейлік онлайн-ритейлдің қос алпауыты – Wildberries бен Ozon ескірген операциялық жүйелерде өздерінің мобильді қосымшаларын қолдауды доғаратындарын қатар мәлімдеді.

Салдарынан, iOS 12, Android 8.0 Oreo және басқа да ерте нұсқаларын әлі күнге пайдаланып жүрген тұтынушылардың барлығы бұл маркетплейстердің мобильді қосымшаларынан тапсырыс беру мүмкіндігінен айрылады.

Ресейлік ақпарат құралдарының жазуынша, «онлайн-базарлардың» бұл шешімі пайдаланушылар арасында резонанс, қызу пікірталас және көптеген сұрақ туғызды. Кейбір тұтынушының тұспалдауынша, маркетплейстер бұған қазіргі экономикалық күрделі кезеңде шығындарын оңтайландыру үшін барып отырса керек.

Алайда қос компания да өз шешімдерін қауіпсіздік деңгейін арттыру және пайдаланушылардың дербес деректерін қорғау қажеттілігімен түсіндірді.

«Ескірген операциялық жүйелердің ақаулы, осал тұстары көп болады. Оны алаяқтар, хакерлер, өзге де қылмыскерлер жеке ақпаратты ұрлау, құпия мәліметтерге қол жеткізу үшін пайдалануы мүмкін. Мысалы, олардың олқылығы клиенттің банк карталарының деректерін, адамның тұрғылықты мекенжайын және басқа да сырларын білуге мүмкіндік беріп қояды. Өйткені адамдар тапсырысты жеткізу адресі ретінде негізінен жұмыс орнының немесе үйінің мекенжайын көрсетеді», – деді салаға маманданған журналист Анна Ефимова.

Бірақ сарапшылар ресейлік маркетплейстердің бұған меркантильді, пайдақорлық ниетпен барып отырғанын да жасырмайды.

«Ескірген операциялық жүйелерді қолдау – олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін салмақты адами, қаржылық және басқа ресурстарды шығындауды талап етеді. Салдарынан, оларды ары қарай қолдап тұру экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып шығады», – деп хабарлады «Progoroduhta» порталы.

Бұдан бөлек, көнерген операциялық жүйенің мүмкіндіктерінің шектеулі болуы мобильді қосымшаның жаңа функциялары мен мүмкіндіктерінің дұрыс жұмыс істеуіне кедергі болуы ықтимал. Соның кесірінен, пайдаланушылар теріс айналып, олардың саны азаюы ғажап емес.

Мамандар Wildberries бен Ozon-ның бұл шешімі – тосын, тың қадам еместігіне, бұл ұялы қосымшаларды әзірлеу саласында жиі қолданылатын стандартты тәжірибе екеніне назар аудартты. Тіпті жаһандық алып технологиялық компаниялар да ескі операциялық жүйелерді қолдаудан дүркін-дүркін бас тартып тұрады.

Мысалы, Apple бұл тұрғыда аса агрессивті саясатымен танымал. Компанияның ресми шығарылғаннан кейін небәрі 1 жыл ғана өткенде «iOS 15»-ті қолдауды доғаруы – соның жарқын үлгісі. 2022 жылғы 12 қыркүйекте «iOS 15» ресми түрде «iOS 16»-мен ауыстырылды.

Ал, былтырғы 18 желтоқсаннан бастап, компания iOS 8 және одан ерте нұсқалары орнатылған барлық iPhone, iPad пен iPod-тарда резервтік көшіруді тоқтатты.

Сондай-ақ, Google де мезгіл-мезгіл Android-тың ескі нұсқаларын қолдаудан бас тартып тұрады. Осы арқылы алпауыттар адамдарды өзінің жаңа құрылғыларын сатып алуға мәжбүрлейді.

Яғни, бұл тірліктердің ар жағында тек қауіпсіздік мәселелері ғана емес, сонымен бірге өткізілімді арттыру, ресурстарды оптимизациялау, жаңа технологияларды ілгерілету сияқты мақсаттар тұр.

Мына жағдайда әрине, адамдарға өз құрылғыларын операциялық жүйелердің өзекті нұсқаларына дейін жаңарту қажет болады. Олай жасамаса, тура бір аптадан соң Wildberries бен Ozon мобильді қосымшаларына қол жеткізе алмай қалады.

Сарапшылар құрылғысын жаңартқысы келмейтін пайдаланушыларға басқа жол қалатынын еске салды. Әрі қарай сауда жасағысы келсе, онда маркетплейстердің сайттарының веб-версияларын қолдана алады.

Бұл мобильді қосымшадай сонша ыңғайлы емес. Дегенмен, сайт та онлайн-дүкендердің барлық функцияларына қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

«Адамдардың бәрі бірдей төл гаджеттерін жаңарту, дереу жаңасын сатып алу мүмкіндігіне ие емес. Қолданыстағысына үйреніп қалғандықтан жаңасына көшкісі келмейтіндер де көп болатыны сөзсіз. Оның үстіне бюджеттік құрылғылардың көпшілігінде операциялық жүйені жаңарту күрделі болады немесе бұл мүлдем мүмкін емес. Мұндай жағдайда веб-версияға көшу – жалғыз нұсқа болып қалады. Немесе, қытайлық маркетплейстерге көшіп алады. Қалай болғанда, дербес деректердің қауіпсіздігі – пайдаланушылар үшін басымдық болуға тиіс», – дейді Ефимова.

Қорыта айтқанда, технологиялық индустрияда белең алған жалпы үрдіс паш еткендей, сәл-пәл болса да ескіріп қалған жүйелерден компаниялар жаппай бас тарта бастайтын заман келді. Wildberries бен Ozon да солардың алдыңғы легінде жүр.

Өйткені телефоны ескі адамдарды маркетологтар автоматты түрде «кедейлер сегментіне» жатқызады, содан «олар мол сауда жасамайды, астатөк табыс түсірмейді» деп санайды.

Сондықтан ескі операциялық жүйелерді қолдаудан бас тарту арқылы мұндай клиенттерді жаңа, жоғары сегментке көтерілуге итермелейді немесе оларды қолдаудан бас тартады.

Бір рет шығын шығарып, үлкен сауда жасаған, айталық, жаңа смартфон сатып алған адамның «ішкі тежегіші» бұзылып, ары қарай маркетплейстерден өзге де заттарды қаптатып, тоқтаусыз сатып ала бастайтын, тіпті «шопоголикке» айналып кететін құбылыс белгілі.  

Осы орайда мысалы, қазақстандық алпауыт ұялы оператордың қазіргі кезде өз клиенттеріне жаппай таратып жатқан хабарландыруы назар аудартады.

«5G біздің арамызда, ал, Сіздің телефон әлі күнге оны қолдамай ма?!», – деген келемежден басталады sms-хабарлама. Әрі қарай компания клиенттеріне ескі телефондарын әкеліп, жаңа смартфонға айырбастап алуға қоймай-қоймай үгіттейді.

Өйткені ескі телефоны бар клиенттер негізінен ұялы телефонды сөйлесу не хабарлама жазу үшін пайдаланады. Мобильді кино, видеосервис, мобильді кітапхана, музыка, электронды және аудиокітаптар, курстар мен білім беру платформасы, интеллектуалды викторина, мобильді ойындар және басқа да ұялы оператордың ақылы жазылымы бар шетсіз-шексіз сервистерін пайдаланбайды.

YouTube-те, әлеуметтік желілерде де ұзақ отырмайды. Трафикті көп тұтынбайды. Ал, егер оператор осындай адамдарды функциясы көп жаңа смартфон алуға ынталандыра алса, онда әлгі адам алдынан ашылған жаңа өрісті көріп, көзі жайнап, «өткен жылдардың есесін қайтару» үшін әлгі функцияларды құныға пайдалануға кірісуі мүмкін. Тиісінше, шығарар шығыны да, төлер төлемі де артады.

Сондықтан темірдей жігер танытып, «кірпіш» телефонмен жүрген азаматтарға жыл сайын түрлі «қысым» күшейе беруі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу