Ақшаны елден жылыстатуға "Сыған әдісін" қолдануда

2495

Мәдина Әбілқасымованың "қара тізіміндегі" компаниялардың сорақы схемалары әшкереленуде, деп жазады Inbusiness.kz.

Ақшаны елден жылыстатуға "Сыған әдісін" қолдануда

Алаяқтар атақты брендтерді пайдаланады

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі "заңсыз әрекеттер белгілері бар ұйымдардың" қара тізімін жариялады.

"121 субъекті кірген осы тізімнің өзі алаңдатады. Әрине, дағдарыс, пандемия кезінде алаяқтар қаптап кеткені құпия емес. Ал Әбілқасымова ведомствосының бұл тізімі соның сыртында әр облысқа тармақталған кең ауқымды филиалдық желісі бар тұтас алаяқ компаниялардың елде біраздан қанат жайғанын паш еткендей. Құзырлы органдар бұған қалай жол берген? АҚШ-та мұндайлардың соңына FBI түсер еді. Қазақстанда қаржылық реттеушінің пәрменді тетіктері де, қудалайтын қарулы құрылымы да жоқ. Тізімдегі компаниялардың басым көпшілігі агенттікте тіркелусіз, лицензиясыз жұмыс істеді. Қаржылық реттеу агенттігінің әзірге қолынан келетіні – құқық қорғау органдарына шағымдану ғана", – деген пікір білдірді қаржыгер Ерасыл Марат.

Өз кезегінде Қаржы нарығын реттеу агенттігі әлгі компаниялардың сайттарын тексеру және бұғаттау үшін құқық қорғау және басқа уәкілетті органдармен өзара әрекеттесетінін хабарлады. Алайда тізімдегі 121 компанияға қатысты қандай шаралар қабылданып жатқанын айтпады.

Сонда бұл тізім не үшін керек? Әбілқасымова ұжымының түсіндіруінше, бұл қарапайым азаматтар, бизнесмендер, қаржы нарығының барлық субъектілері күдікті компаниялар туралы барынша хабардар болуы, тиісінше олармен істес болмауы, қаржы салмауы үшін қажет көрінеді.

Қазақстан аумағында заңсыз қызметін өрістеткен фирмалардың тізімі таңғалдырады. Оның ішінде 56 қаржы пирамидасы, 65 заңсыз инвестициялық делдал, яғни жалған брокер бар болып шықты.

Олардың аттары "тартымды", салмақты естіледі, бірінен бірі өтеді: қаржы пирамидасы белгілері бер "BAI-QUAT" ЖШС, "Тиімді депозит", "Жылдам кіріс" интернет жобасы, "Отбасы және жастарды қолдау қоры" корпоративтік қоры, Eurostandarte, "Золото нации" интернет жобасы, "B2B Jewelry", "Richescompany", "River Coins Limited", "Riviera imperial" (deluxe hotel spa), "Onelife" жобасы; заңсыз инвестициялық делдал белгілері бар Global Alliance, Avance.Fund, Capital level, "EVROASIA  GLOBAL  INVESTMENT" АҚ, "EVROPA INVESTMENT" ЖШС деп кете береді.

Көбісі халықаралық танымал брендтерді қарау ісіне пайдаланады. Мысалы, жаһандық ірі биржа Wall Street-ті ("Wall Street Invest Partners"), Forex-Foreign Exchange деген қаржы саласында қалыптасқан валюталық айырбас терминін ("Forex Optimum Group"), француздың атақты Hermes сән үйінің брендін ("hermes-ltd"), америкалық қымбат сағаттар өндірушісінің атауын ("Hamilton компаниясы"), LG-дің атақты слоганын ("Life is good"), тіпті қазақстандық жетекші қаржылық холдинг Halyk брендін өз атауларында ("Halykcompany") заңсыз қолданады.

Қаржылық реттеуші қызметінде заңсыздық белгілері бар әрбір компанияның атауы, сайты, қызмет саласы мен сипаты көрсетілген "қара тізімді" алда тұрақты түрде жаңартып отыруға уәде етті.

Салымдар "перфект мани" жалған валютасына айырбасталған

Қаржылық реттеу агенттігінің тізімінде World Business Consulting (WBC) компаниясы "қаржы пирамидасы белгілері бар" деп аталған.

Қазіргі кезде Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеулер департаменті World Business Consulting-ке қатысты Қылмыстық кодекстің 217-бабы, яғни "адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен қаржылық пирамиданы құру және оған басшылық ету" фактісі бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізуде. Қолда бар дерекке жүгінсек, аталған ұйымның елдегі кейбір басшылары ұсталып, Алматыдағы тергеу изоляторына қамалған.

Бұл пирамиданың ірі өңірлік кеңселері Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Ақтауда және Ақтөбеде әрекет еткен.

Қоғам белсендісі, инвесторлардың бірі Жеңісбек Қуановтың мәліметінше, директорлар деп аталатын компания консультанттарының жақсы ұйымдасқан желісі фирмаға инвестицияларды ұдайы тартуға және қаражатты елден жүйелі түрде шығаруға күндіз-түні жұмыс істеген.

"Біз WBC салымшылары ретінде осы пирамиданың құрбанына айналдық. Тамыздың басында Алматыдағы Экономикалық тергеулер департаментіне шағым жазып, компанияның Ақтаудағы директоры В.Массабаеваны қылмыстық жауапқа тартуды сұрадық. Массабаева кеңседе және өз пәтерінде салымшылардың жинағын өзі қабылдаумен айналысты. Шағымымызда сондай-ақ Ресей тумасы Ольга Чупшеваның да аты аталды. Ол WBC компаниясының негізін қалаушы ретінде қылмыстық жазалануға тиіс. Чупшева клиенттердің қаражатын өз білгенінше жұмсаған. Клиенттердің есепшотында ешқандай актив қалмаған. Салдарынан, клиенттер өз ақшаларын ұзақ уақыттан бері қайтара алмай жатыр", – дейді арыз иесі.

Жалпы, фирма салымшыларының ақшасын кері алуына 2018 жылдың наурызынан бері шектеу қоя бастапты. Бұдан аңғарылатыны – пирамида нышаны бар компания елде ұзақ уақыттан бері жұмысын өркендеткен.

Салымшылардың нағыз ақшалары "перфект мани" деп аталған "ішкі валютаға" – ешқандай құндылығы жоқ электронды ақшаға және "фишкаға" айналдырылған. Компания қалаған клиентінің шотын бұғаттап тастап отырған.

Ол өз клиенттері үшін ешқандай міндеттеме алмаған. Бұған қоса, келісімшарттарда клиенттерге өз ақшасын банктік шотқа шығарып әкетуіне жол берілмейтіні көрсетіліпті. Бұл ретте қаржыны қайтарудың жалғыз жолы қалдырылды: өз орнына жаңа инвесторларды, яғни жаңа құрбандарды әкелгендерге ғана салымы беріліпті.

"Чупшева В.Массабаеваны Қазақстанның батыс өңірлеріндегі бизнесін дамытуға жауапты тұлға және компаниянң 9-шы деңгейдегі директоры ретінде тағайындады. Тәуелді құрылымдардан түскен барлық қаражат соның қолында қордаланды. Өз есепшоттарымызды жандандыру үшін ақшаны соған апаратынбыз. Массабаева ақшаны есептеп алғаннан кейін Ольга Чупшеваға смс-хабарлама жіберіп, клиенттің есепшотын жандандыруды не толықтыруды сұрайды. Ақшаның бәрі Массабаеваның қолында сақталды және Чуашева талап еткен кезде, соның шетелдегі есепшоттарына аударылып отырған", – дейді Ж.Қуанов.

Пирамида елден екі миллион доллар жинап алған...

Бума-бума мол қаражатты шетелге әкету, қадағалаушы органдардың назарын аудартпау үшін "сыған әдісі" деген схема қолданылыпты. Атап айтқанда, компания клиенттері мен серіктестері Түркиядағы кезекті семинарға ұшқанда, өңірлік директорлар әуежайда әрқайсысына 10 мың доллардан салынған конверттерді тарататын болған. Ал түрік елінде кедендік бақылаудан өте сала, конверттер кері жинап алынады.  

Жәбірленушілердің мәлімдеуінше, жұрттан жиналған қаражаттың елеулі бөлігін директорлар да өз мақсаттарына шығындаған. Олар тіпті ел алдындағы беделін пайдаланып, компаниядағы өз міндеттемелерін өтеу үшін клиент бизнесмендерден қарызға ақша алған. Оны азаматтар сот арқылы да өндірте алмапты. Алданғандар әлі күнге шағымдануда.

Жергілікті тұрғындардың наразылығы күшейген соң В.Массабаева олардың телефон нөмірін бұғаттап, Ақтаудағы пәтерін сатып, Нұр-Сұлтанға көшіп кеткен көрінеді. В.Массабаева 2012 жылы жалған құжаттар жасауға және салықтан жалтаруға қатысты қылмыстық іске шатылған деген дерек бар. Алайда Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орайластырылған амнистияға ілігіп, қылмыстық жазадан құтылып кеткен.

Кейбір мәліметтерге жүгінсек, Ольга Чупшева да бұған дейін Қазақстанда жаман атағымен әйгіленген "Delston Capital Group"  компаниясының алаяқтық схемаларына қатысы болыпты. Ол пирамидадан да қаншама қазақстандық зардап шекті.

Чупшеваның қарау тірліктерінен азаматтарға кем дегенде 2 миллион доллар шығын келген деген байлам айтылуда.    

Осыған қарағанда қаржы пирамидалары алаяқтардың неше түрін өзіне тартатын "тартылыс ошақтарына" айналып кеткенге ұқсайды 

World Business Consulting мемлекеттен инвестицияларды, ақшалай активтерді сенімді басқару жөнінде лицензия алмаған. Сондай-ақ акционерлері үшін қаржылық аудит жүргізбеген. Азаматтар қандай құралдарға инвестиция салып жатқанын, қалай қайтаратынын, қаражатын кімдердің басқаратынын білмеген. Бірақ тез баю үшін көзсіз сенген. Жалғыз аргумент – "жұрттың бәрі солай жасап жатыр ғой".

Алаяқ Түркияда талтаң басып жүр ме?

"Ольга Чупшева бұл қылмысына жас әрі амбициозды жігіт Дмитрий Гарбульді және оның анасын тартты. Олармен Чупшева "Delston Capital Group"-те бірге істеген көрінеді. "Dеlston Capital" күйрегеннен кейін 2018 жылы Дмитрий анасымен бірге қылмыстық қудалаудан қашып, Ресейдің Самарасынан Алматыға келіпті. Осында олар Чупшева құрған World Business Conculting жаңа компаниясының ісін дөңгелетуге атсалысады. Қазақстандағы жаңа пирамиданың бастауында осылар тұр. 2019 жылы Дмитрий Гарбулді Мәскеуге барған жерінен Ресейдің Тергеу комитетінің қызметкерлері тұтқындады. Бүгінде ол түрмеде жазасын өтеуде. Оның шешесі Наталья Түркияда жасырынып жүр", – дейді Ж.Қуанов.

Оның айтуынша, Vitality Capital Group Limited Partnership, Popular EU Group Inс, Safir Consulting Limited секілді бірқатар өзге де алаяқ ұйымдардың қызметіне Чупшеваның қатысы бар. Сондықтан ресейлік құқық қорғау органдары оның үстінен қылмыстық істер қозғаған. Қылмыстық жауапкершіліктен басын ала қашқан Чупшева Екатеринбургтен дереу көшіп, қазіргі уақытта Түркияның Аланиясындағы үлкен вилласында тұрып жатқан көрінеді. Қазақстандағы қылмыстық империясын да сол жақтан басқарған деген жорамал бар.

Қазақстан мен Түркия арасы жақсы екені белгілі. Демек, біздің құқық қорғау органдары айыбын дәлелдеп, халықаралық іздеу салып, сұрау жолдаса, түрік билігі алаяқты ұстап, Қазақстанға тапсыруы мүмкін.

Жәбірленушілер шағымына Қаржылық мониторинг агенттігі өз төрағасының блогы арқылы жауап берді.

"World Business Consulting қаржылық пирамидасының ұйымдастырушыларына және басшылығына қатысты Қылмыстық кодекстің 217-бабының 2-бөлімінің 1-тармақшасы бойынша қозғалған №217500121000138 қылмыстық іс Қаржылық мониторинг агенттігінің және департамент басшылығының ерекше бақылауында тұр! Шағымда айтылған жағдаяттар ескерілді және назарға алынды. Сондай-ақ В.Массабаева аталған іс бойынша күдікті деп танылды, оған қатысты тиісті процессуалдық іс-шаралар жүргізілуде", – деп қысқа қайырды агенттік басшылығы.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу