10 мың теңгеге әлемді ұшақпен аралауға болады

1534

Әлем бойынша қалай арзан саяхаттауға болады?

10 мың теңгеге әлемді ұшақпен аралауға болады Фото: canva

Тісқаққан туристер өздері ғана білетін осы лайфхак туралы ешкімге тіс жара бермейді.

Қазақстаннан дүниежүзінің кез келген еліне, тіпті көршілерге ұшу удай қымбат тұрады, қалта қағады. Әрине, кейде қазақстандық авиакомпаниялар, лоукостерлер билеттердің жаппай сатылымын ұйымдастырады.

Бірақ ол жыл ішінде өте сирек өткізіледі, ал, саяхатқұмар қазақстандықтар кез келген мезетте, өзі қалаған уақытта шетелге шыққысы келеді.

Бұл ретте турагенттік мамандары іргедегі Өзбекстанға немесе Қырғызстанға автобус не пойызбен барып, өзге елдерге солар арқылы ұшу арзандау болатынына назар аудартады.

Өйткені көршілерде авиакеросин арзан, әуежайлардың қызмет көрсету құны төмен. Әрі авиакомпаниялардың саны көбірек болғандықтан, шынайы бәсеке бар.

Дегенмен, сыралғы саяхатшылар одан да арзанын тапты. Мысалы, туризм сарапшысы Екатерина Тимирязева үйіңізден әуежайға дейін таксиге қанша төлесеңіз, өзіміздің Азия құрлығы бойынша сондай ақыға сапарлауға болатынын жеткізді.

"Мұның сырын білмейтін көптеген туристер авиабилеттерге шектен тыс шығындалуын жалғастыруда. Егер турагенттіктердің базасымен немесе стандартты іздеу және брондау жүйелерімен шектелмесеңіз, сізді қандай керемет мүмкіндіктер күтіп тұрғаны үш ұйықтасаңыз түсіңізге де кірмейді! Мысалы, егер сіз Таиланд, Вьетнам, Малайзия, Қытай немесе Индонезияға саяхаттауды жоспарласаңыз, онда әрбір бағыттан қомақты ақша үнемдеуге шансыңыз бар! Ең бастысы – авиабилетті қайдан және қалай іздеу керектігін білуіңіз керек", – деді сарапшы.

Бұл үшін дұрысы – ағылшын тілін білгеніңіз жөн. Білмесеңіз, бірақ белсенді, оптимист, әрі шыдамды болсаңыз және телефоныңызда аудармашы болса, сол да жеткілікті.

Сонымен, Екатеринаның мәліметінше, Азиямызда жүздеген авиакомпания жұмыс істейді, арасында сіз ешқашан атын естімегеніңіз де кездеседі.

Мысалы, Singapore Airlines, Japan Airlines, Flydubai, Emirates, Qatar Airways сияқты премиалды, сән-салтанатты әуе тасымалдаушылары әр туристің аузында жүр.

Сонымен қатар, AirAsia, Scoot, VietJet (қазақстандықтарға етене таныс бола бастады), Nok Air, Cebu Pacific және басқа да лоукостерлер толып жатыр.

Міне қызықты жайт: егер айталық, Вьетнамға жетіп алсаңыз, осы елден ары қарай Таиланд, Камбоджа, Қытай, Малайзия сияқты елдерге ұшақпен ұшу Астанадан Алматыға қатынайтын пойыздың билетінен – орта есеппен 15 мың теңгеден көп арзанға түседі.

Кейбір тәжірибелі саяхатшылар осы көрші елдер арасында тіпті елордадағы екі пиццаның орташа құнынан (8 мың теңгеден) де арзанға авиабилет тауып жүрген көрінеді.

Әйтсе де, сарапшылар ондай бағаны Қазақстанда отырып, сайттардан таба алмайтыныңызды, сізге көрсетілмейтінін немесе 1,5-2 есе бағаға қымбат сатылатынын ескертті.

Неге? Өйткені Қазақстан БҰҰ классификациясы бойынша "табысы орташадан жоғары", яғни, ауқатты елдерге жатады. Сондықтан алгоритмдер бойынша қазақстандықтарға арзан билеттер ұсынылмайды. Оны өзге, кедей елдердің тұрғындары бірінші көреді.

Moneytimes порталы Азия ішінде кез келген бағытта ең тиімді билеттерді тауып алу үшін келесі "тексерілген" тәсілдерді қолдануға кеңес береді.

1. Датаны өзгертіп көріңіз

Шетелге шығатын қазақстандықтар жақсы біледі, сапар күнін тіпті бір күнге әрі не бері жылжытса, авиабилет құны күрт қымбаттап не арзандап шыға келеді.

Азияда да солай: билет бағасы ұшу күніне қарай кейде бірнеше есеге дейін құбылады. Мысалы, Малайзияның астанасы Куала-Лумпурдан Индонезияның Балиіндегі Денпасар қаласына ұшу сейсенбіде 10,5 мың теңге тұруы мүмкін, ал, жұманы таңдасаңыз, екі еседей қымбатқа түседі. Авиакомпаниялардың, лоукостерлердің сайттарындағы бағалар күнтізбесін пайдаланыңыз, онда да баға тұрғысынан барынша тиімді күндерді көре аласыз.

2. Ауысып отырудан қорықпаңыз

Портал сарапшысының пікірінше, діттеген елге тікелей ұшпай, жолай Бангкокта, Куала-Лумпурда немесе Шанхайда басқа ұшаққа ауысып отыру билет бағасын екі есеге дейін арзандатуы мүмкін.

Бұған қоса, егер виза талап етілмесе және сапар арасында жеткілікті үзіліс болса, жеткен қалаңызды шамалы аралап шыға аласыз.

Мәселен, таяуда жолай Куала-Лумпурда қайта отыру арқылы Ханой – Бали маршрутімен ұшқан туристердің біріне барып-қайту (екі жаққа) авиабилеті шамамен 70 мың теңгеге ғана түсіпті. Егер тікелей рейсті таңдағанда, 130 мың теңгеге дейін қаржы шығаратын еді.

3. Жаппай сату науқандарын қадағалап отырыңыз

Қазақстандық тасымалдаушыларға қарағанда, азиялық лоукостерлер билеттерді жаппай сату акцияларын жиі өткізіп тұрады. Оның барысында ұшу құны 7-10,5 мың теңгеге дейін құлдырайды. Олардың акцияларына жазылыңыз.

Бүкіл әлем елдері көз тігіп отырғандықтан, билеттер лезде ту-талақай етілуі мүмкін. Сондықтан мамандар AirAsia, Scoot, VietJet сияқты авиакомпаниялардың әлеуметтік желілеріне де жазылуды ұсынады. Бұдан бөлек, жеңілдіктер агрегаторлары да бұл істе сізге басты бір көмекші.

4. Әуежайларды ауыстырыңыз

Көптеген ірі қалаларда бірнеше әуежай бар. Мысалы, сарапшылар Таиланд астанасы Бангкокте Дон Муанг әуежайынан ұшатын рейстердің билет бағасы Суварнабхумиден көтерілетін ұшақтарға қарағанда арзандау болып келетініне назар аудартты.

Бұдан бөлек, ірі мегаполис не курорттық қала емес, оның іргесіндегі шағын шаһардың әуежайына ұшып бару билет бағасының 30%-ына дейінгісін үнемдеуге мүмкіндік беруі мүмкін.

5. Инкогнито режимін пайдаланыңыз

Билеттерді Қазақстанда не ауқатты саналатын басқа елде отырып іздесеңіз, локацияңызды "сөндіріп", инкогнито режимінде кіргеніңіз маңызды.

Сайттар, әсірісе, жасанды интеллект сіздің тұрғылықты жеріңізді, бұған дейін жасаған басқа сатып алуларыңыз бен брондауларыңызды, тіпті әлеуметтік желіңізді талдап, сізге тек қымбаттау ұсыныстарды ғана ұсынуы әбден мүмкін. Сол себепті браузерді инкогнито режимінде ашыңыз. Сонда басыартық қымбаттатусыз, "таза" күйдегі баға ұсыныстарын көре аласыз.

6. Әлдеқайда ертерек брондаңыз

Келесі апта не бір ай ішінде ұшып кету керек болса, өте арзан билет таба алуыңыз неғайбыл. Лоукостерлер үшін жолаушылардың билеттерді 2-3 ай бұрын сатып алғаны ерекше маңызды. Сонда олар барынша арзан билеттерді ұсына алады. Ұшу күні жақындай түскен сайын тариф те жоғарылай береді.

Арзан авиабилеттерді қайдан іздеуге болады?

Бастылары – платформалар. Тәжірибелі туристер арасында танымал сервистердің бірі – Trip.com. Ол орыстілді сайттардың басым көпшілігінде жоқ тиімді ұсыныстарды көрсетеді. Бірақ интерфейсі орыс тілінде.

Сондай-ақ ол қарапайым іздеу кезінде қазақстандықтарға "көрсетілмеуі" мүмкін Hong Kong Airlines, Lion Air, Cebu Pacific, Nok Air және басқа лоукостерлерді қолжетімді етеді. Олардың билеттерінің құны арзандығымен шын қайран қалдырады.

Ресейлік емес басқа да шетелдік платформалар ондаған авиакомпаниялармен тікелей, эксклюзивті ынтымақтастық орнатқан. Тиісінше, билеттерді айталық, өзге сервистерге қарағанда 10 мың теңгеге дейін арзанға ұсына алады.

Қосымшасында жеңілдіктер мен промокодтарды ұсынады. Олардың көмегімен 5 мың теңгеге дейін қосымша жеңілдік алуға болады.

Ютубтағы блогерлердің бірі бұл лайфхакты жеке өзі тексерді: вьетнамдық Данангтан Гонконгке дейінгі рейстен 70 мың теңгедей үнемдеген: Trip.com сервисінде Hong Kong Airlines авиакомпаниясы оның қалаған датасына ең арзан билетті ұсыныпты. Дәл осы кезде бұл әуе тасымалдаушысының сол ұсынысы басқа жүйелерде көрініс бермеген.

Біз өз кезегімізде бұл сараптаманың тек ақпараттандыру мақсатын ғана көздейтінін, кеңес-рекомендация болып табылмайтынын ескертеміз. Тікелей рейспен ұшу немесе жолай ауысып отыру, лоукостермен жеңіл-желпі күйде ұшу немесе сапар кезінде тамақтандырып, чемоданмен жүруге рұқсат ететін беделді авиакомпанияны таңдау – сіздің өз еркіңізде.

Ал, егер ақшаны жолға емес, көл-көсір әсерге жұмсағыңыз келсе, ұшу форматына қатысты көзқарасыңызды өзгертіп көріңіз. Бюджеттік саяхат та жарқын бола алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу