10 өңірдің елдімекендерін су басу қаупі бар – министр

968

Елдімекендерден 10,5 млн текше метрден астам қар шығарылды.

10 өңірдің елдімекендерін су басу қаупі бар – министр Фото: ТЖМ

Қазақстанда су тасқыны жағдайы біршама тұрақталды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қазгидрометтің" ақпан және наурыз айларының соңындағы алдын ала болжамына сәйкес республиканың оңтүстік-шығыс, солтүстік және орталық бөліктерінде тәулігіне айлық нормамен мол жауын-шашын түсуі мүмкін. Осыған байланысты 10 өңірдің елдімекендерін су басу қаупі бар. Атап айтқанда, тау суларының ағыны салдарынан Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстары; қардың көп еруіне байланысты Батыс Қазақстан, Ақмола, СҚО, Қарағанды, Павлодар және Қостанай өңірлері", - деді ведомство басшысы Үкімет отырысында.

Оның дерегінше, ТЖМ жергілікті әкімдіктермен бірлесіп су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша қажетті іс-шаралар кешенін өткізген.

"Көктем" республикалық оқу-жаттығу аясында басқару органдарының күштері мен құралдарының нақты дайындығы тексерілді. Шыңғыс Әрінов халықты құлақтандыру жүйесі пысықталып, зардап шеккен азаматтарды жинау пункттері дайындалды деп сендіріп отыр.

Министрдің айтуынша, елдімекендерден 10,5 млн текше метрден астам қар шығарылды.

"Соңғы үш жылдағы статистикаға сәйкес, қабылданған алдын алу шараларына қарамастан жылда Ақмола, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының елді мекендерін су басуда", - деді ТЖМ басшысы Шыңғыс Әрінов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу