10 жылғы сарсаң 10 күнде шешілді

Сан-саққа сандалудан шаршаған кәсіпкер "Антикор орталығына" арыз жазып, ақыр соңында машақатты мәселе түбегейлі оң шешімін тапты 

10 жылғы сарсаң 10 күнде шешілді

Нұржан Мирманов 20 жылдан бері Қызылорда қаласына қарасты Баймұрат батыр ауылында жеке шаруашылығын жүргізіп келеді. Алайда 2010 жылы шаруа қожалығының жер теліміне байланысты мәселе туындап, содан бері жеріне иелік ету үшін осы уақытқа дейін әр есіктен әділдік іздеген.

"2010 жылы құжаттарды қайта жинаған кезде жер қатынастары бөлімі құжаттарды басқа мекемеге рәсімдеп жіберген. Содан 2011 жылы соттасып, одан жеңіп шығып, жерді қалпына келтірілсін, деген сот шешімі шығады. Бірақ  бұл шешім осы уақытқа дейін орындалмай келді, - дейді "Нұржан М" шаруа қожалығының төрағасы Нұржан Мирманов.

Кәсіпкердің айтуынша, содан бері бармаған жері, қақпаған есігі қалмаған. Талай табалдырық тоздырып мардымды жауапта алмапты. Бар сұрары өзіне тиесілі жер телімін бұрынғы қалпына келтіріп құжаттарын алу ғана. Сан-саққа сандалудан шаршаған кәсіпкер "Антикор орталығына" арыз жазып, ақыр соңында машақатты мәселе түбегейлі оң шешімін тауыпты.

"Әкімшілікке де арыз жаздым. Одан бөлек біраз жерге арыз барды. Ешқайсысынан жауап ала алмадым. Земельный қағаздарымды бермеді. Өзімнің құжаттарымның көшірмесін сұраған болатынмын архивтен, оның өзін ала-алмай жүрдім біраз уақыт. Осы мекемеге арызданып ем, бірден 10 күннің ішінде алып берді", - дейді кәсіпкер.

Нұржаннан бөлек жыл басынан бері "Антикор орталығына" осындай мәселемен 3 арыз түсіп, барлығында да кәсіпкерлер құқығы қорғалған.

"Таяуда ғана қала тұрғынының ауылшаруашылығы мақсатындағы жер теліміне қатысты сұрақтар туындады. Тиісті құжаттардың көшірмелерін алып, өзінің құқығын қалпына келтіру мақсатындағы өтініш агентік төрағасының блогына түсті. Өтініш біздің департаментке жолданды. Нәтижесінде азаматтың құқығының қамтамасыз етілуіне қол жеткізіліп отыр. Әрине бұл жұмысты өзге мемлекеттік органдарымен және жергілікті билік органдарымен бірлесе іске асырдық, - деді облыс бойынша жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Ниязов.

Мәселенің тез шешілгеніне разы болған кәсіпкер агенттік өкілдеріне алғысын білдірді. 

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу