100 кәсіпорын халықаралық сертификатқа ие болады

Дүниежүзілік банк қазақстандық кәсіпорындарды сертификаттауға 7 млн доллар бөлмек. 

100 кәсіпорын халықаралық сертификатқа ие болады

Бұл туралы "Қосалқы келісімшарт биржасы-2019"  форумында айтылды. Мұнай-газ, металлургия және және тау-кен өнеркәсібіне тауар өндіріп, қызмет көрсетуші кәсіпорындарды қолдауға арналған шарада "QazIndustry" индустрия және экспорт орталығының басқарма басшысы Әлішер Әбдіқадыров осындай жағымды жаңалық жеткізді. Халықаралық сертификатқа ие болған кәсіпорындар кейін трансұлттық компаниялардан тікелей тапсырыс қабылдайтын болады. 

"Қазақстанның жеткізушілерін дамыту бағдарламасы" деп аталатын жоба екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде елдегі шағын және орта кәсіпорындардың ішінен 200 нысан іріктеп алынады. Кейін ол кәсіпорындардың нақты әлеуетін сарапшылар арнайы барып бағалайды. Кәсіпорын жұмысындағы жетілдіруді қажет ететін тұстар белгіленіп, 3 айдың ішінде кемшілік жойылуы керек. Соның нәтижесіне қарай 200 кәсіпорынның 100-і екінші кезеңге өтеді.  Бұл сатыда таңдаулы 100 кәсіпорын халықаралық стандарттарға сай сертификат алуы керек. Оған жұмсалатын шығынның 70%-ы жоба аясында қаржыландырылады. Яғни кәсіпорынның өзі тек 30 %-ын  ғана өтеу керек. 

Мұндай қолдауға ілігу үшін отандық кәсіпорындарға төмендегідей талап қойылып отыр. Әуелі кәсіпорын Қазақстан аумағында тіркелген заңды тұлға болуы тиіс. Егер шетелдік инвестицияның қатысы болса,  инвестордың акция пакеті 25 %-дан аспағаны жөн. Кәсіпорындағы тұрақты жұмысшылар саны 21-500 аралығында болуы тиіс. Соңғы екі жылдағы жылдық ақша айналымы 50 млн теңгеден кем түспей, салық берешегі болмауы керек. Соңғы 3 жылда төлеген салықтың көлемі 1 млн теңгеден кем болмауы да қадағаланады. Жобаға қатысушы кәсіпорын банкрот жағдайында болмауы керек. "Сенімсіз жеткізушілер" тізімінен тыс тұруы да ескеріледі. 

Әлішер Әбдіқадыровтың айтуынша, аталмыш сертификатқа ие болған кәсіпорындар Еуразиялық экономикалық одақ көлемінде бәсекеге қабілетті өндірушіге айналмақ. 

"Шараға мұнай-газ, металлургия және тау-кен өнеркәсібінің "Еуразиялық топ", "Қазцинк", "Қазақмыс корпорациясы", "Қазтеміртранс", North Caspian Operating Company N.V., KAZ Minerals тобы, Karachaganak Petroleum Operating B.V., PSA Kazakhstan, "АрселорМиттал Теміртау", "АгромашХолдинг KZ", "Қостанай минералдары", "Қазақалтын ТКК" сияқты өкілдері қатысып отыр. Олар машина жасау, тау-кен металлургия, химия, мұнай өндірісіне  қызмет көрсетуші кәсіпорын өкілдерімен байланыс орнатуда. Өндірістегі жергілікті құрамның үлесін арттырудың төте жолы осы болып отыр. Жобаға Дүниежүзілік банк те атсалысады. Екі кезеңге 7 млн доллар бөлу көзделген", - дейді "QazIndustry" АҚ басқарма төрағасы.

Биылғы биржаның нәтижесінде KAZ Minerals тобы мен "Новопек", "ComTrade Product", "IC textile" ЖШС арасында жалпы сомасы 16,3 млрд теңгенің келісімшарты жасалды.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу