100 мың адам баспаналы болады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
6842

Биыл "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында шамамен 10,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.

100 мың адам баспаналы болады

Былтырдан бері елімізде іске асырыла бастаған "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасының алғашқы жылы аяқталды. Демек, бір жылды түйіндейтін кез келді. Осыған орай, ел үкіметі "Нұрлы жер" бағдарламасының бір жылдық қорытындысын жариялады.

Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, 2017 жылы елімізде қаржыландырудың барлық көздері бойынша жалпы көлемі 11,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Осылайша, жоспар (10,1 млн шаршы метр) 110,4%-ға орындалды.

Тұрғын үйлердің басым бөлігі, яғни 9,4 мың шаршы метрі немесе 83,9%-ы тұрғындар мен жеке үй салушыларға тиесілі. Жалпы, республика бойынша 100 812 тұрғын үй пайдалануға берілген. Олардың 27 908-і – жеке үй (4,3 млн шаршы метр), 72 904-і – көп қабатты тұрғын үй кешеніндегі үйлер (6,9 млн шаршы метр).

Республиканың барлық өңірінде тұрғын үйді пайдалануға беру көлемдері артқан. 2016 жылмен салыстырғанда тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі БҚО-да 42,4%-ға, ОҚО-да 36,2%-ға, Қостанай облысында 35,6%-ға, Павлодар облысында 31,2%-ға, Ақтөбе облысында 28,5%-ға, Жамбыл облысында 24,9%-ға, СҚО-да 21,8%-ға, Маңғыстау облысында 17,6%-ға, Ақмола облысында  16,9%-ға, Қызылорда облысында 12,6%-ға өскен.

Тұрғын үй құрылысына 979,8 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның 153,9 млрд теңгесі – мемлекеттік инвестициялар. Мемлекеттік инвестициялар есебінен 1 427,4 мың шаршы метр (24 159 пәтер) тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған еді. Бұл жоспар 104,4%-ға орындалды. Осылайша, биыл мемлекеттік инвестициялар есебінен 1490,9 мың шаршы метр (25 095 пәтер) тұрғын үй пайдалануға берілді.

Ел үкіметінің ресми сайты хабарлағандай, "Нұрлы жер" бағдарламасын іске асырудың алғашқы жылының қорытындысы жақсы нәтиже көрсетті. Несиелік (102,6%, 986,3 мың шаршы метр) және коммерциялық тұрғын үйлерді (104,7%, 291,1 мың шаршы метр) пайдалануға беру жоспары асыра орындалған.  

2018 жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен 10,5 млн шаршы метрден астам немесе 100 мыңға жуық тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның ішінде мемлекеттік инвестициялар есебінен жергілікті атқарушы органдар сатып алу құқығынсыз 3 599 арендалық пәтер (189 000 шаршы метр) салуға тиіс. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар 14 815 несиелік тұрғын үй (900 700 шаршы метр) салуы керек. Сонымен қатар, "Қазақстан ипотекалық компаниясы" АҚ арқылы сатып алу құқығымен 1 859 арендалық пәтер (103 мың шаршы метр) салынады деп күтілуде. "Самұрық Қазына" жылжымайтын мүлік қоры 5251 коммерциялық пәтер (286 100 шаршы метр) салуды жоспарлауда.

Еске сала кетейік, бағдарламаның мақсаты – мемлекеттің тұрғын үй құрылысына қатысуын азайту. Яғни, тұрғын үй құрылысын қаржыландыруда бюджеттің үлесін мейлінше төмендету. Осылайша, бұл бағытқа жеке инвестициялар тартып, бизнесті қолдау, сондай-ақ ипотекалық несиелендіру, тұрғын үй қарыздары секілді халыққа қолжетімді құралдарды ұсыну.

"Нұрлы жер" бағдарламасы 15 жыл бойы жүзеге асырылады. 2031 жылға дейін аталған бағдарлама аясында елімізде 1,5 млн отбасыға тұрғын үй салу жоспарлануда. Сонда шамамен жыл сайын 100 мың адам қоныс тойын тойлайды.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу