Жарыстың басты мақсаты – қазақ күресін насихаттау, спорттық дәстүрлерді нығайту және қатысушылардың шеберлігін арттыруға бағытталған.
Сондай-ақ, аталған турнирде 8 салмақ дәрежесіндегі Қазақстанның ең үздік 8 балуаны анықталады.
Айта кетсек, 2024 жылдың басынан бастап, Қазақстанда қазақ күресі бойынша 5 рейтингілік жарыс өтті. Бұл жарыстардың нәтижесінде әр салмақ дәрежесінде ең көп ұпай жинаған үздік 8 балуан анықталды.
Енді, міне, өз салмағының үздіктері елордадағы бәсі биік дода барысында "Дала қыраны" титулы үшін күресуге мүмкіндік алып отыр.
Сөйтіп, тек 8 жеңімпаз өз салмақ дәрежесінің "Бас балуаны" атағына ие болады.
Сонымен қатар, жеңімпаздар қомақты ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Жарыстың жүлде қоры – 100 000 АҚШ доллары.
Турнирге қатысатын танымал балуандар:
- Жұмажан Қожамбеков – екі мәрте әлем чемпионы, 5-Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының және Дүниежүзілік жекпе-жек ойындарының жеңімпазы.
- Ерсұлтан Мұзаппаров – әлем чемпионы, 5-Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының жеңімпазы.
- Алтынбек Аусағитов – Азия және Әлем кубогтарының жеңімпазы.
- Нұрдәулет Жарылғапов – әлем және Азия чемпионы, "Дала қырандары" РТ екі дүркін чемпион.
- Ерасыл Қажыбаев – "Қазақстан барысы – 2024" турнирінің жеңімпазы, екі дүркін күміс жүлдегер.
– Биылғы турнирдің басты ерекшелігі – шоу элементтерінің енгізілуінде: танымал қазақстандық спортшылар Руслан Әбдіразақов, Саят Шәмшиев және Василий Тахтай боз кілемде ММА спортшылары Фарид Абдуллаев, Ислам Джангоразов және Данил Ельбаевқа қарсы шығып, қазақ күресінің ережесі бойынша күреседі. Сөйтіп, бұл қадам жұртшылықтың дәстүрлі турнирімізге деген қызығушылығын арттыра түсіп, жарысқа жаңа леп береді деген сенімдеміз, – дейді жарысты ұйымдастырушылар.
Бұл спорттық оқиға тек кәсіби спортшылар мен спорт әуесқойларын ғана емес, сондай-ақ Қазақстанның ұлттық мәдениетіне қызығатын кең аудиторияны да қызықтырады деп жоспарланған.