Алматы облысының Райымбек ауданында "Ақиқат" атты аяқ киім тігетін шағын цех бар. 2012 жылдан бері жұмыс істеп тұрған осы кішкентай өндіріс жыл сайын 1000 дана етік тігіп, 7000 пар аяқ киімді нарыққа шығарыпты.
"Осыдан 7 жыл бұрын аяқ киім жөндейтін орын ашқанда бізге күліп те, күдікпен де қарағандар көп болды. Шынымен біздікі тәуекел еді. Нарынқолда етік жөндететін адам қайдан болсын. Содан өзіміз неге етік тікпеске деген ойға келдік. Ақырындап ісімізді бастадық. Қажетті былғары, тері, табан жасайтын резеңкені Алматыдан тасыдық. Білмегенімізді сұрадық, үйрендік. Осылайша өзі өндірісімізді жолға қойдық", дейді ауылдағы кәсіпкер ана Орынгүл Баратжан.
Орынкүл – өмірге құштар жан. Өзі 3-топтың мүгедегі болса да, қарекеті көп жанға үлгі. Қазір мүмкіндігі шектеулі әйел былай тұрсын, қол-аяғы балғадай, тепсе темір үзетін ер-азаматтың өзі қол қуысырып үйінде жатқан жоқ па?! Ал Орынкүл өмірлік серігіне арқа сүйеп, алға қадам басудан шаршамады. 2012 жылы алғаш етік тігуді қолға алғанда ауылдастары әжуалап, "Әйелден етікші шығатын ба еді, тәйірі..." дегенде жолдасы "Жұрттың сөзін қайтесің!" деп рух берген. Екеулеп істеген іс ілгерлеп, шаңырақтарына береке кірді. Отбасында 4 бала өсіп келеді.
"Қазір біздің "Ақиқатымыз" адамдарға жұмыс беруге көшті. Цехтың мүмкіндігін ұлғайтып жатырмыз. Кәсіпкерлер палатасы қол ұшын беріп, несие алуымызға, бизнесті дамытуға жол көрсетті. Енді өзіміз де ебі бар адамдарды баулып, етік тігуге үйретіп жатырмыз. Қазір 8 үйренушіміз бар" дейді Орынкүл.
Шағын цехтың аяқ киіміне сұраныс артып келеді екен. Әрі бұлар тікен етік жылдың барлық мезгіліне арналғандығымен ерекше болып тұр. Орынкүлдің басты ұстанымы: тауар бағасы қымбат болмауға тиіс. Сапасына да кепілдік береді. "Біздің өнімнен қандай бір ақау шықса, бірден жаңасына ауыстырып немесе ақшасын қайтарамыз. Әзірге шағым жоқ. Етіктеріміз 5 жыл киіс береді. 1 жылға дейін кепілдік береміз. Біз үшін сатып алушының разылғы мен рахметі қымбат" дейді кәсіпкер.
Гүлжан Амангелдіқызы, Алматы облысы