"1000 орын – көше саудасы": аукциондар онлайн өтеді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2537

Жер телімдерін бөлу процесіне блокчейн технологиясы енгізілді.

"1000 орын – көше саудасы": аукциондар онлайн өтеді

Былтыр Астана қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы кезекті бір пилоттық жобаны жүзеге асырған еді. Дәлірек айтсақ, басқарма халықаралық Bitfury компаниясымен бірлесіп, жер телімдерін бөлуге арналған аукциондарға жаңа технологияларды енгізу жағын қарастырған болатын. Басқарма басшысы Әлішер Әбдіқадыровтың сөзінше, жоба тиімділігін көрсеткен. Сондықтан бұдан былай "1000 орын – көше саудасы" жобасы аясындағы аукциондарды толықтай онлайн форматта өткізу туралы шешім қабылданған.

"Бұрын аукциондар дәстүрлі әдіспен, яғни адамдардың қатысуымен өтетін. Аталған жағдай кәсіпкерлердің көп уақытын алатын, қолайсыздық тудыратын. Бұдан былай бұл процестер онлайн форматқа көшеді. Оның ашықтығын қамтамасыз ету үшін блокчейн технологиясы қолданылады. Енді аукционға ешқандай өзгеріс енгізу мүмкін емес. Барлық процес пен аукционның нәтижелері құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті тарапынан тексеріледі", – дейді басқарма басшысы.

Әлішер Әбдіқадыровтің сөзінше, қазір аукционға қатысу үшін ұялы телефон арқылы тіркеліп, бастапқы кепілдік жарнасын төлеп, өтініш беруге болады.

"Осыдан екі апта бұрын онлайн форматта аукцион өтетіндігі туралы хабарлама тарады. Бүгін, яғни 24 қаңтарда қатысушылардан өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталады. Ал дүйсенбі, 28 қаңтарда жер телімдерін бөлу бойынша аукцион өтеді. Интернеттегі мекенжайы: http://qamqor.gov.kz/adalauction/", – деп толықтырды сөзін Әлішер Әбдіқадыров.

Еске сала кетейік, бұған дейін астаналық кәсіпкерлердің "1000 орын – көше саудасы" жобасына, оның ішінде аукционға қатысты мәселелерін бірнеше мәрте жазған едік.        

Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының сөзіне сүйенсек, Астана бизнеске қолайлы өңір ретінде қалыптасып келеді. Мәселен, 2018 жылдың қорытындысына сәйкес, Астана экономикасының 61 пайызын шағын және орта бизнес құраған. Бас қала бұл көрсеткіш бойынша өңірлер арасында көш бастап тұр. Былтыр бизнестің экономикадағы үлесі 2017 жылмен салыстырғанда 19,5 пайызға артқан.

"2050 жылға дейін Астана қаласының жалпы ішкі өнімінің 50 пайызын шағын және орта бизнес құрауға тиіс. Мемлекет басшысы осындай тапсырма берген болатын. Біз бұл міндетті уақытынан бұрын орындадық. Демек, Астанада өз бизнесін ашамын деушілер үшін жақсы климат қалыптасып келеді деген сөз. Ендігі міндет осы деңгейден түспей, көрсеткішті одан әрі ұлғайту", – дейді Әлішер Әбдіқадыров.

Сонымен қатар, өткен жылы Астанаға 1 трлн 56 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл елорда тарихында бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.

"Астана инвесторлар үшін тартымды қалаға айналып келеді. Бұған дейін қала көп жағдайда мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын. Мысалы, 2009 жылы Астанаға тартылған инвестицияның 53 пайызы мемлекеттік қазынадан бөлінген. Ал қазір инвестицияның 86 пайызын жеке инвесторлар иеленіп отыр. Барлық инвестицияның 71 пайызы немесе 750 млрд теңгесі шағын және орта бизнеске тиесілі", – дейді басқарма басшысы.

Сондай-ақ былтыр Астанада жаңадан 13 мың кәсіпкер тіркелген. 2019 жылдың 1 қаңтарындағы дерекке сүйенсек, қазір бас қалада 125 мың кәсіпкер тұрады. Аталған көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 28,2 пайызға өскен. Астанадағы экономикалық белсенді халықтың 65 пайызы шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейді.

Әлішер Әбдіқадыровтың айтуынша, Астанада шағын және орта бизнес құрылыс, сауда секторларында жақсы дамыған. Қазір қалада экономиканы әртараптандыру процесі жүріп жатыр. Сондықтан бас қала ендігі жерде туризмді дамытуға баса мән бермек. "Астана" халықаралық қаржы орталығының ашылуымен қаржылық қызметтер секторында да ілгерілеу болады деген болжам бар. Бұдан бөлек, қайта өңдеу саласына да басымдық берілмек.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу