110 кәсіпкерге 30 млн теңге айыппұл салынды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
5532

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті бағасын қымбаттатқандар қатаң жазаланды. 

110 кәсіпкерге 30 млн теңге айыппұл салынды

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов тағы да дабыл қақты. Бизнес-омбудсменнің пікірінше, жергілікті атқарушы билік кәсіпкерлерді тым қатаң жазалап жатыр.

Естеріңізге салайық, бұған дейін Рустам Жүрсінов төтенше жағдай режимiн бұзғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 476-бабы бойынша жауапкершілікке тартылған кәсіпкерлердің жазасын жеңілдетуді сұрап,  Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов пен Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа хат жолдаған.

"Төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлердің қамауға алынуы шектеу шараларының әсерін күшейтеді және әлеуметтік-қоғамдық шиеленісті ушықтырады. Бизнеске онсыз да оңай тиіп жатқан жоқ. Бұл жағдай оларды тығырыққа тірейді. Кәсіпкерлерді әкімшілік қамауға алу шарасын 10 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу немесе ескерту жасау шарасымен алмастыруды сұраймыз", – деп жазған Рустам Жүрсінов.

Бұл жолы Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Алматы қаласының кәсіпкерлеріне араша түсті. Ол төтенше жағдай кезінде 110 кәсіпкерге салынған 30 млн теңге айыппұл "жығылғанға жұдырық" болды дегенді алға тартып, жергілікті атқарушы билік бизнес субъектілерін жазалауға ерекше құлшыныс танытып отырғанын айтты.

"Кейбір әкімдіктердің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағасының мөлшерін арттырған кәсіпкерлерге ескерту жасамастан, бірден әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 202-бабы бойынша жауапкершілікке тартып жатқаны алаңдаушылық туғызады. 23 наурызда төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында Президент құқық қорғау және фискалдық органдар тарапынан кәсіпкерлерге қысым жасаудың кез келген фактісін алып тастауды тапсырған болатын", – деді бизнес-омбудсмен.

Ол 3 сәуірде сауда, Ауыл шаруашылығы және Ұлттық экономика министрліктері бірлескен бұйрыққа қол қойып, төтенше жағдайға байланысты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті бөлшек сауда бағасын бекіткенін, бұйрықта әлеуметтік маңызы бар 9 атаулы азық-түлік тауарының бағасын қымбаттатқан кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны нақтыланғанын тілге тиек ете келіп, орталық мемлекеттік органдар өңірлердегі баға белгілеу тізбегіне жан-жақты талдау жүргізбегенін жеткізді.

"Баға әр өңірде әртүрлі болуы мүмкін, ал шекті бағаны арттырғаны үшін кәсіпкерге бірінші жолы 277 мың теңге, бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанса 555 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Өкінішке қарай, орталық мемлекеттік органдар азық-түліктің қымбаттатуға болмайтын құнын өңірлердегі бағаны салыстырмай белгілеген. Сауда желілері мен үй жанындағы дүкендер тізбеге енген азық-түлік тауарларын қолданысқа енгізілген шекті бөлшек бағадан әлдеқайда жоғары бағамен сатып алған. Дәл осы тауар түрлерін сатумен айналысатын кәсіпкерлер баға туралы талапты бұзып, айыппұл төлеуге немесе зиян шеге отырып, тауарын өзіндік құнынан төмен бағамен сатуға мәжбүр болады. Бұл кәсіпкерлік мақсатына қайшы", – деді Рустам Жүрсінов.

Оның дерегінше, Ақтөбе облысы бойынша бірінші сұрыпты 1 келі бидай ұнының шекті бағасы - 146 теңге болып белгіленген. Мұнда ұнның нақты құны - 180 теңге. Батыс Қазақстан облысында бірінші санаттағы он жұмыртқаның шекті бағасы - 275 теңге көрсетілген,  ал оның өз бағасы 400 теңге.

"Өзге өңірлерде де жағдай мәз емес. Өнім өндірушілердің тауарларын төмен көтерме бағамен сатуға мүмкіндігі жоқ. Ал шекті бағадан асырғаны үшін салынатын қомақты айыппұл өңірлерде кейбір тауарлардың тапшылығын туғызып отыр. Өйткені сатушыларға тауарды көтерме бағамен сатып алу тиімсіз. Себебі оның құны көбінесе шекті бөлшек саудадағы  бағадан жоғары болады", – деді Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл.

Рустам Жүрсіновтің айтуынша, Ақмола облысының Small супермаркеттер желісі айыппұл төлемес үшін сөреден күнбағыс майын алып тастауға мәжбүр болған. Себебі бұл тауардың көтерме бағасы шекті бөлшек сауда бағасынан жоғары.

Біле жүріңіз, бізде 64 түрлі азық-түлік өнімі бар. Оның 19-ы әлеуметтік маңызы бар тағам түріне жатады. Соның ішіндегі төтенше жағдай кезінде бірінші сортты бидай ұны, бірінші сортты ұннан жасалған бидай наны, өлшеніп сатылатын рожки, қарақұмық жармасы, тазартылған күріш, сиыр еті, I санатты тауық жұмыртқасы, күнбағыс майы және ас тұзы сынды 9 түрлі азық-түлік тауарына шекті бөлшек сауда бағасы бекітілген. Бұл дәл осы тауарларды қымбат бағаға сатуға болмайды деген сөз.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу