12 сағат бойы операция жасаған хирург: "Операциядан кейін белім қарысып, орнымнан тұра алмай қалдым"

959

Елімізде және шет мемлекеттерде мыңдаған күрделі операция жасаған нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев ең ұзақ әрі күрделі өткен операция туралы әңгімелеп берді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

12 сағат бойы операция жасаған хирург: "Операциядан кейін белім қарысып, орнымнан тұра алмай қалдым" Фото: Аяжан Төлендиева

– Ең ұзақ жасаған операциям шамамен 12 сағатқа созылды. Бір қыз бала түсті, басында екі аневризма бар екен. Артериясын жауып, күретамырға қосымша тамыр тіктік. Бәрі сәтті аяқталды. Операциядан кейін белім қарысып, орнымнан тұра алмай қалдым, – дейді ҚР ПІБ Медорталығы хирургия жөніндегі директорының орынбасары Мыңжылқы Бердіқожаев.

Хирургтың айтуынша, әріптестерінің арасында бір тәуліктен артық операция жасағандары да бар екен. Төзіміне таңғалмай көріңіз.

– Операция столына ауыр жағдайда келетін науқастар болады. Ота жасап жатқан кезде жоспарды ауыстыруға тура келетін "форс-мажор" болуы да ықтимал. Осы жағдайлар да өте қиын болады. Мұндай операциялар екі-үш сағатқа созылса да, адамды қатты шаршатады. Бүкіл күш-қуатыңды сол екі-үш сағат ішінде жұмсап жіберуің мүмкін,– дейді жоғары санатты нейрорхирург.

Мыңжылқы Бердіқожаевтың айтуынша, дәрігерлердің отбасына да оңай емес. Жұмыста ұзақ уақытын өткізеді, аяқ астынан басқа қалаларға ұшатын сәттері көп болады. 

"Отбасының түсінігі мол болуы дәрігерлер үшін ерекше маңызды", - дейді дәрігер. 

Айта кетелік, Мыңжылқы Бердіқожаев – Қарағанды мемлекеттік медицина академиясының түлегі, "Болашақ" бағдарламасымен Ресей әскери-медициналық академиясында (Санкт-Петербор) клиникалық тәжірибеден өткен. Коронавирус пандемиясы кезінде маман кеңесіне жүгінетіндер қатары артып, нейрохирург дәрігер вируспен күрес бойынша белсенді жұмыс істеумен танылған болатын.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу