"12 желтоқсан – Алаш күні ": Премьер-министр бастаманы мемлекеттік комиссия қарауына ұсынбақ

1402

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов 12 желтоқсанды – Алаш күні деп белгілеу жөніндегі бастаманы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның қарауына ұсынбақ. 

"12 желтоқсан – Алаш күні ": Премьер-министр бастаманы мемлекеттік комиссия қарауына ұсынбақ Фото: primeminister.kz

Аталған бастаманы кеше ғана тараған Мәжіліс депуаттары ұсынған, деп хабарлайды Inbusiness.kz тілшісі.

Үкімет басшысының депутаттар сауалына берген жауабына сәйкес, қазіргі таңда, Президенттің жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша құрылған мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатыр. Ол комиссия өз құзыретіне сәйкес 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық, заңды және саяси тұрғыдан ақтау мәселелерімен айналысуда.

"Жыл сайын "Ақ жол" партиясының бастамасымен ұйымдастырылатын "Алашқа тағзым" шеруі мен жылдағы дәстүр бойынша 31 мамыр – Саяси қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жоғары деңгейде ісшаралар ұйымдастырылып жатыр. Алдағы уақытта, көтерілген мәселе Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның қарауына ұсынылатын болады", - дейді Әлихан Смайылов.

Еске сала кетейік, аталған бастаманы депутат Берік Дүйсенбинов көтерген еді. Ол өз сөзінде "іс жүзінде хандық үлгідегі ыдырап  кеткен Қазақ мемлекеттілігін қайта жаңғыртуда, яғни, бүгінгі тәуелсіздіктің негізін қалауда  жиырмасыншы ғасырдың басында заманауи Қазақ мемлекетін құруға ұмтылыс жасап, білім мен  қажыр-қайратын салып, осы жолда шахид болған Ұлт көсемдерінің, Алаш Республикасы арыстарының ролін ерекше атап өтуіміз керек" деп мәлімдеген.

"Биыл Алаш Республикасының құрылғанына 105 жыл толды. Естеріңізге сала кетейін, 29 маусымда "Ақ жол" фракциясы бұл датаны мемлекеттік деңгейде атап өтуді талап еткен депутаттық сауал жолдаған болатын. Алайда, Үкімет бұл мәселені өкілетті министрліктерге тапсырғаны туралы жүре  жауап берді. Сонымен, өкінішке қарай, бұл  тарихи дата тағы да  атаусыз қалды.  Бұл мерейлі күнді тек алаштанушылар мен біздің "Ақ жол" партиясы ғана түрлі  іс-шара өткізіп, атап өтті. Бүгінде тарихи әділдікті орнататын күн жетті деп санаймыз. Тарих тағылымын ұрпаққа насихаттау мақсатында алаштанушы ғалымдардың бастамасын қолдай отырып,  Тәуелсіздік күнінің қарсаңындағы 12 желтоқсанды – тарихи құжаттармен дәлелденген Алаш Республикасының құрылған күні ретінде – "Алаш күні" деп ресми белгілеуді және жыл сайын мемлекеттік деңгейде атап өтуді сұраймыз", - деген еді депутат Әлихан Смайыловқа қарата. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу