125 млн теңгенің келісімшарты бұзылды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
1708

Полицейлер Л-1 қорғаныш костюмдерін сатып алудан бас тартты.

125 млн теңгенің келісімшарты бұзылды

Қызметкерлерін коронавирустан қорғайтын киіммен қамтамасыз еткісі келген Алматы қаласы полиция департаментінің басына бұлт үйірілді.

Мұндағылар satu. kz сайтында 12 - 60 мың теңге аралығында саудаланған Л-1 қорғаныш костюмдерінің бір жиынтығын 250 мың теңгеден сатып алмақ болған. Полицейлер 500 киім жиынтығына тапсырыс беріп, көрсетілген қызметке 125 млн теңге төлеуге келіскен.

Кім білсін, әлеуметтік желіде "бұл не деген батпан құйрық" деп дабыл қағылмағанда, полиция қызметкерлері "шыттай" киініп жүрер ме еді?

Абырой болғанда, алыс-беріс жасалған жоқ. Бірақ қоғам дүрлігіп, шу шықты.

Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бұрынғы мүшесі, кәсіпкер Арман Шораев instagram парақшасына: "Алматы қаласының полиция департаменті, баспасөз қызметі, Салтанат Әзірбек, сіздер осыдан 3 апта бұрын қоғамға менің қамауға алынғанымды ерекше ықыласпен жеткізіп едіңіздер. Енді, сондай рахатпен халыққа сатып алудың мән-жайын түсіндірулеріңізді сұраймын", – деп жазды. Ал protenge.kz : "Жалпы құны 125 млн теңгені құрайтын келісім жасалған.Тапсырысты орындайтын компания әлі күнге дейін мемлекеттік сатып алуға қатыспаған. Ал satu.kz -те мұндай костюмдер 12-60 аралығында сатылып жатыр",– деп мәлімдеді.

Осының ізінше Алматы қаласы полиция департаменті БАҚ өкілдеріне түсінік беріп, хабарлама таратты.

"Наурыз айында төтенше жағдай режимі жарияланған соң полицейлерге қорғаныш заттарын алу керек болды. Бірнеше компанияның ұсынысы мен  мен бағасы салыстырылып, 4 мамырда ең төменгі баға ұсынған компаниямен келісімшарт жасалды. Құжатта тауар сипаттамасына және бағасына сай болмаған жағдайда полиция департаментінің келісімшартты бұзу құқы бар екені туралы бөлек тармақ бар", – деп жазды Алматы қаласының полиция департаменті.

Белгілі болғандай, 6 мамырда полиция департаментіне Л-1 қорғаныш костюмдері жеткізілген. Алайда оның сапасы сын көтермеген.

"Жеке қорғаныс киімдері коронавирус инфекциясынан қайтыс болған адамдарды, сондай-ақ инфекция ошақтары табылған жерлерді тексеретін жедел-тергеу топтарына арналған. Алматы қаласының полиция департаменті тауардың сапасы бағасына сай емес екенін көріп, жазбаша түрде келісімшартты бұзатынын көрсетті", – деді полиция департаментінің өкілдері.

Кеше, 11 мамыр күні келісімшарт күшін жойды.

Біле жүріңіз, төтенше жағдай кезінде Алматы қаласының 5 мыңнан астам полиция қызметкері карантиннің сақталуын қамтамасыз етті.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу