15 тәулікке қамалған азамат көз жұмды

4660

Бұзақылық  үшін қамалған ауыл тұрғыны қамауда отырғанда денсаулығының нашарлағанын айтып бірнеше рет шағым білдірген.

15  тәулікке қамалған азамат көз жұмды

Қарағанды облысының Осакаров ауданында қамауда отырған 37 жастағы Центральное  ауылының тұрғыны Сергей Малайдың  денсаулығы күрт нашарлап, жан сақтау бөлімінен бірақ шыққан. 10 шілдеде аудандық ауруханада оған ота жасалғанмен, өрімдей азаматтың өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған. Сергей Малайды 2 шілде күні Центральное ауылынан полиция қамауға алған. Сергейді ауылдастары соққыға жыққан, алайда олардың ар-намысына тиетін сөздер айтты деген айыппен өзі тұтқынға түсіпті. Бейресми деректер негізінше, сол күні қамауға алынғанда Сергей өзінің  денсаулығына шағымданып, дәрігер көмегін сұрапты, алайда жедел жәрдем бұл күні көмек көрсетпеген. Қарағанды облысының полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бұзақылық  жасап, өзгелерді боқтағаны үшін Сергей Малайды Осакаров аудандық соты 15 тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарған. Соттан кейін бұл азаматты полиция қызметкерлері Осакаров аудандық ауруханасына апарып, дәрігерлік тексеруден өткізген. Осыдан кейін марқұмды қайтадан изоляторға қамауға жіберген. Алайда оның жағдайы жақсармаған. Полиция қызметінің мәліметінше, 8 шілдеге дейін бірнеше рет бұл жерге жедел жәрдем шақыртып отырған. Ақыр-соңында Сергейдің хәлі қатты нашарлағанда ғана ақ халатты жандар оны ауруханаға алып кеткен. Полиция департаменті баспасөз қызметінің таратқан ақпараты бойынша аталмыш азаматты қамау изоляторында полиция қызметкерлерінің ұрып-соғу фактісі анықталмапты. Қайғылы жағдайға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бап, 3-бөлігі бойынша яғни медициналық және фармацевтикалық қызметкерлердің кәсіби міндеттерін дұрыс орындамау салдарынан абайсызда кісі өліміне әкеліп соқтыру бабы бойынша іс қозғалып, тіркеуге алынған.

Жедел жәрдемнің не үшін марқұмды ертерек ауруханаға әкетпегені және бұл азаматтың  денесіне ауылда кімдердің жарақат салғаны анықталып жатыр. Тиісінше сараптама жасау тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Ал бұл мәселеге қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасы қызметтік тексерудің жүргізіліп жатқанын мәлімдейді. Жедел жәрдем қызметінің шақырту түскен дыбыстық жазбалары тексерілуде .Денсаулық сақтау саласының мамандары мәліметтер анықталғанда жұртқа жария ететінін айтуда.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу