Негізінен Кәрім Меңдіқанов 2022 жылдан бері Каталонияда жаттығып келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Вингер өткен маусымды "Серданьола" сапында өткізсе, биыл "Сант-Кугат" қатарына қосылды.
Қазақстандық талант келесі маусымнан бастап "Барселонаға" толық ауысады. Осылайша, Меңдіқанов "Барселона" тарихындағы алғашқы қазақстандық футболшы атанды.
Кәрім 2011 жылы Қазақстанда туған. Кәсіби футболшы болуды армандаған ол 2022 жылы Испанияға көшіп, содан бері Каталонияда жаттығады.
Алғашында ол жергілікті "Серданьола" клубының сапында доп теуіп, өзін жақсы қырынан байқатқан. Кейін "Сант-Кугат" командасына ауысып, негізгі құрамға тұрақты ілігуі арқылы бапкерлер сеніміне ие болған.
Кәрім Меңдіқанов – оң қапталда ойнайтын шабуылшы. Ол өзінің жоғары жылдамдығымен, дриблинг шеберлігімен және сенімді ойынымен ерекшеленіп отыр.
Жас футболшыға Испанияның жоғары дивизионының бірнеше клубы қызығушылық танытқанымен, ол "Барселонаның" ұсынысын таңдады.
Меңдіқанов осы күні жаңа клубымен бірге жаттығуларға да қатысып үлгерді.