Осыдан 5 жыл бұрын Щучье-Бурабай курорттық аймағында премиум санатындағы Burabay гольф-клубы қолданысқа берілуге тиіс болды. Алайда оның құрылысы межелі мерзімінен 3 жыл кешікті.
Қателерін жуып-шайғысы келді ме, әлде арзан атақ пен абыройға қарық болуды көздеді ме, кім білсін, жобаны жүзеге асырған "ҚазМұнайГаз - Сервис NS" компаниясы жобаның таныстырылымына президентті шақырды. Айтып айтпай не керек, 2017 жылдың тамыз айында "жасыл алаң" елбасының қатысуымен ашылды. Сол кезде жобаға жауаптылар гольф-клубты жер-көкке сыйғызбай мақтап, аумағы 103 гектарды құрайтын нысанның 40 гектарында жасыл желек болатынын баяндады. Сонымен қатар гольф-клубтың архитектуралық жұмыстарын оңтүстіккореялық компания атқарғанын, ал жобаның супервайзер қызметі американдық компанияға жүктелгенін жеткізді. Бұған қоса гольф-клуб PGA стандартына ие болғанын, яғни бұл жерде халықаралық турнир ұйымдастыру мүмкіндігі бар екенін сүйіншіледі. Қызды-қыздыға келгенде "гольф-клуб шетелдік және отандық инвесторларға қолайлы инвестициялық климат қалыптастырады" делінді.
Ақиқатын айту керек, жоғарыдағының барлығы құр сөз болды.
"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының қаржысына салынған гольф-клуб өзін-өзі ақтамады. Тығырықтан шығу үшін гольф-клуб бір емес, төрт рет бәссаудаға қойылды.
Алғашқы бәссауда 2018 жылы қарашада, екінші бәссауда желтоқсанда ұйымдастырылды. Өтініштің түспеуі салдарынан екеуінде де бәссауда өтпеді деп жарияланды. Алғашқы бәссауда да гольф клуб 16 млрд 415 млн-ға, екінші бәссауда да 12 млрд 3 млн-ға бағаланды. 2019 жылдың 29 қаңтарындағы үшінші бәссауда да гольф клубтың құны 12 млрд 3 млн теңгеден 4 млрд 104 млн теңгеге түсірілді. Төртінші бәссауда 15 наурызда өтті. Осы бәссауда да гольф клубқа 4 млрд 104 млн теңгеге ұсынылды. Бұл құрылысына 16 млрд теңге жұмсалған жоба 4 есе арзан бағаға сатылды деген сөз.
Келісім бойынша жаңа қожайын алдағы 5 жылда гольф-клубтың негізгі қызметін өзгерте алмайды. Жаңа қожайын меншік құқығы ауысқанға дейін гольф-клубтың құрылысын тәмамдауы тиіс.
Гольф клубтың құрылысы 90% аяқталған. Қазір бұл жерде club-хаус, VIP-вилла, мейрамхана, қонақ үй бар.
Айта кетейік, жобаны толық аяқтауға қосымша 2 млрд теңге қажет.
Қанат Махамбет