16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні

2421

Бүгін – Наурызнама онкүндігнің үшінші күні.

16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні Фото: aqmeshit-aptalygy.kz

Қазақ салт-дәстүрге сүйене отырып, өзара қарым-қатынасын реттеп отырған, бір-бірін үнсіз түсініп, сыйласқан. Қазір сол дәстүрдің біразы ұмыт болды.

Қазақтың салт-дәстүрі ағайын, туған-туыс, көршілер арасында жақсы қарым-қатынастың қалыптасуына және ынтымақтастықта өмір сүруіне жол ашқан.

Бүгіндері атаулары өзгерсе де, кейбір салт-дәстүрлерді қаймағын бұзбай сақтап отырған өңірлер бар. Әсіресе, Қазақстанның батыс пен оңтүстік облыстарында қазақтың салт-дәстүрлерін тастамай, күнделікті тұрмыста ұстанып жүр.

Мысалы, ат тұлдау, аяққа жығылып кешірім сұрау, ақсарбас атау, аунату, байғазы беру, босаға байлау, енші беру, ерулік беру, жылу жинау, қалау айту, қазан шегелеу сияқты дәстүрлер сақталған.

Десек те қолданыстан мүлдем шығып, ұмыт болғандары да жетерлік екен.

Қазақ салт-дәстүрді құрмет тұтып, қалтқысыз орындаған халық. Өйткені сол арқылы барлық қарым-қатынасты ушықтырмай реттеп отырған. Яғни, көп мәселені дәстүр жолымен шешкен. Тіпті құда түсудің, олармен тез табысудың жолын да қарастырып қойған.

Мысалы, "Біз шанышар" дәстүрін алсаңыз, одан қазақтың балаға деген қамқорлығы мен оның болашағы үшін жасалатын қадамдарын байқауға болады.

Біз шанышар

Ертеректе қазақтарда қонақтарын ақы алмай күткен, ол үшін арнайы жатын үйлерін, ас дайындайтын асханасын, күтушілерді, тіпті көлігіне дейін алдын ала сайлап қоятын болған. Қонақтың жағдайын жасап, дұрыс күте алмаса сөгіс естіп, тіпті ондайда айыпқа дейін салатын болған. Мәселен, табаққа салынған еттің ақ тамыры не қол еттің безі алынбай қонағына тартылса, айыбын қоса төлеген.

Осы көп тегін тамақтың бірі – түстік ас. Қазақ түскі асын жаз кезінде таяқтың көлеңкесі жоғалып, күн шаңырақтың үстінен түскен кезде ішкен. Осы уақытқа тап келгендер үй иелерімен бірге отырып, шайын ішіп, тамағын жеген соң аттанып кетеді. Көбіне қона бермейді.

Ал "біз шаншуға" келгендер ешкіммен сөйлеспей, аттарының ер тоқымын бір жерге жинап, түскі астан соң да кетпей қояды. Үй иесі қонаққа арнап мал сояды. Қонған адам ертесіне сиыр түсте үн-түнсіз атттанып кетеді. Әдетте мұндайда шалдар келеді. Қонақ кеткен соң үйдегілер бар гәпті түсіне қойып, дереу сырмақ қағады. Қайрағын іздейді. Содан сырмаққа шаншылған бізді көріп, қайрақтың жоғалғанын біледі.

Бұл – "Ұл ержетті, қыз бойжетті. Қосқұлақ бала бізде де бар. Қас сұлу сізде бар. Жекжат болайық" дегені. Егер қызы бар үй қайрақты сұрамаса, әлгі қонақ болып кеткен шалдар келіп құда түседі.

Құда күту

Құда күткенде жасы үлкен, аса қадірлі адамдарынан басқаларын әзіл-қалжыңның астына алып, сайқымазақтап, ойын-күлкіге айналдырады. Жұртты күлкіге қарық қылды.

Мәселен,есіктің алдынан тұзақ құрып, кірген құданың аяғына білдірмей іліп, тартып жығады. Үйден шығар кезде екі әйел екі бақан әкеліп, ашасын қаратып тұрып бақан түртер ырымын жасап сыйақы алған. Құдаларды шешіндіріп, әйел киімін кигізіп, шуда жіпке тізіп қойған түйенің құмалағынан жасалған моншақты тағып, мойындарына жіп байлап жетелеп жүрген. Тіпті сүйретіп апарып үстіндегі киім-пиімімен ағын суға тастаған.

Киіз үйдің шаңырағы мен уықтарын алып тастап, құдалардың бірін кереге ішінде отырған әйелдердің арасына лақтырып жіберетін де дәстүр болған. Олар оны орталарына алып, бірі жеңіне, бірі аяғына, тағы біреулері желкесіне жармасып дегендей, жұлқылап, қытықтап, шымшып есіктен сытылып шыққанша әбден жұлқылап алады.

Кейбірде мұндайдан хабары бар әккі құда, атын жетектеп әкелген сәттен-ақ өзі ішке секіріп түседі. Оның бұлай істейтінін күтпеген әйелдер шошып жан-жанға шегіншектеп кеткендерінде, зып етіп даладан бір-ақ шығып отырған. Ал сасқалақтап жер сипап қалған әйелдердің ондайда тек бір-бірін келекелеуден басқа амалдары қалмайды.

Балдыз қалың

Балдыз қалың салты бойынша қалыңдығы қайтыс болса болашақ күйеу төлеген қалың малын қайтарып алмай, сол отбасының екінші қызын алуға құқы бар.

Егер ол үйдің басқа қызы болмаса, төлеген малдың жартысы қайтарылады және күйеу ұрын барып, балдызын алатын болып, келіссе, үстіне "балдыз қалың" төлейтін болған. бұрынғы қалың малдың үстіне түйе бастатқан бір тоғыз қосылады. Егер ұрын келмеген болса, "балдыз қалың" төленбейді.

Көгентүп, жиенқұйрық

Бұл салт тек қыздан туған жиендердің құрметіне жасалатын. Ондағы мақсат құдалар арасында жиен немеренің де қадірлі екенін көрсету. Алыс жолға шыққан кезде ата-анасымен бірге еріп келген кішкентай балаларға бұзау, құлын, қозы-лақ атайды. Бұл – көгентүп беру. Атаған көгентүбін кейін бермей кету – өнегесіздік, дүниеқоңыздық саналған.

Ал жиенқұйрық сол отбасына жиен болып келетін балаға жасалады. Яғни, нағашы жұртына келген жиен-баланы құда күткендей сыйлап, оның үш қалауын еш қарсылықсыз орындаған. Кейбір өңірлерде "қырық серкеш" деп атаған.

Бәсіре атау

Ежелгі әдет-ғұрыптардың бірі. Ата-анасы баласына арнап ен салған жас төлді "бәсіре" деп атайды. Бәсірені сол баланың қажетіне, тойына жаратады.

Хан талау

Халық сенімін ақтамаған, мейірімсіз ханды халқы жазалаған. Ханға тиесілі мал-мүлкін, билігін тартып алған. Бұл – барымта емес, хан талапай деп аталған. Ашынған халық ханнан көңілі қалған кезде осындай шешім қабылдаған. Дәл осындай шешімді атқамінер белсенділерге, сұлтандарға, төрелерге қолданған.

Сондықтан жағдайы бар адамдар кедей отбасына, жесір әйелдерге үнемі көмектесіп отырған. Соның бір көрінісі, тұрмысы нашар адам дәулетті адамнан, кейде жақын көршілерінен, жақындарынан ат майын уақытша сұрап алып пайдаланған. Бұл – ат майын сұрау дәстүрі. Осылайша, ауыл адамдары бір-біріне жанашырлық, қамқорлық танытқан.

Сыралғы

Қазақта аң аулау – үлкен мереке болған. Бірақ аң аулаудың қанша қызығына түскенмен, ерекше белгілері байқалған аңдарды атпаған. Әсіресе, мола басына жақын жерде жүрген жан-жануарларға тиіспеген. Өйткені әр аңның киесінен қорыққан. Ал қанжығаларын майлап, аң аулаудан қайтқан аңшы өзіне "Майлансын" деп айтқан адамға ойланбастан атып алған аңын сыйға тартқан. Аңшының сыйын "сыралғы" деп атаған. Ал қақпанға түскен аңды алу ұрлыққа жатпаған. Бірақ орнына бір зат қалдырып кету керек екен.

Қазақ салт-дәстүрін зертеушілер ұмыт болған салттардың қолданысқа қайта енуі екіталай дейді. Сондықтан сақталып қалған дәстүрді жоғалтып алмай, оны алдымен мектеп оқушыларына оқытып, бойларына сіңіру қажет. Ал тарих қойнауында қалған ескірген дәстүрлердің негізін сақтай отырып, заманауи үлгіге орай ұстанса, тез қолдау табады дейді зерттеушілер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу