16 жасқа дейінгі ел құрамасы алғаш рет әлем чемпионатына жолдама алды

1228

Таяуда ғана 16 жасқа дейінгі қыздар құрамасы теннистен әлем чемпионатына жолдама алса, бұл жолы жасөспірімдеріміз іріктеуде қарсылас шақ келтірмей, тарихи нәтиже көрсетіп отыр.

16 жасқа дейінгі ел құрамасы алғаш рет әлем чемпионатына жолдама алды

Шымкент қаласында 16 жасқа дейінгілер арасында Азия - Тынық мұхит аймағы бойынша әлем чемпионатына жолдама алған төрт команда анықталды. Қазақстандықтар ширек финалда әлемдегі үздік құрамалардың бірі - Аустралияны ұтты. Алдымен Заңғар Нұрланұлы Лахлан Макфадзенді 5:7, 6:3, 6:1 есебімен тізе бүктірді. Содан кейін Әмір Омарханов Джейк Дембоны жеңді - 6:2, 6:3. Осылайша, 16 жасқа дейінгілер арасында күзде Испанияның Кордоба қаласында өтетін командалық әлем чемпионатында Қазақстаннан қыздармен қатар ұлдар құрамасы да алғаш рет өнер көрсетеді.

Ертең Оңтүстік Кореямен өтетін жартылай финалдық матч ештеңені шешпейді. Өйткені Қазақстан, Оңтүстік Корея және Жапония әлем чемпионатына жолдама алды. Төртінші жолдама иесі Өзбекстан мен Таиланд арасындағы кездесуде анықталады.

Сонымен қатар қазақстандық теннисшілер халықаралық турнирлерде сәтті өнер көрсетуде. Еліміздің бірінші, әлемнің 49-ракеткасы Рим ATP 1000 турнирін жеңіспен бастады. Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 142-орында тұрған испаниялық Педро Мартинес-Портеромен өткізді. Бублик қарсыласын 6:3, 7:6 (7:4) есебімен тізе бүктірді. Александр Бублик мастерс жарысының екінші айналымында әлемнің 35-ракеткасы, 20 жастағы америкалық Бен Шелтонмен шеберлік байқасады.
Әлемнің 51-ракеткасы Юлия Путинцева Рим WTA 1000 турнирінің екінші айналымына шықты. Юлия алғашқы айналымда рейтингіде 76-орында тұрған болгариялық Виктория Томовамен шеберлік байқасып 6:7, 7:6, 6:0 есебімен ұтты. Юлия Путинцева үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 5-ракеткасы, америкалық Кори Гауфпен кездеседі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу