18 мамыр күні астероид Жерге шамамен 90 мың шақырым қашықтыққа дейін жақындайды. Бұл – Жер мен Ай арасындағы арақашықтықтың төрттен біріне тең. Аспан денесін Жерден әуесқой телескоптар арқылы тамашалауға болады. Бұл туралы ABC News жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
2026 JH2 деген атауға ие нысанды бірнеше күн бұрын бірнеше обсерваторияның астрономдары байқаған. NASA реактивті қозғалыс зертханасының бағалауынша, астероидтың көлемі шамамен 15-30 метрді құрайды. Ол Жерге жақын өтетін "Аполлон" класына жататын нысандар қатарына кіреді.
NASA мұндай астероидтардың орбитасы Жердің Күнді айналу орбитасынан үлкен болатынын және олардың траекториясы Жер орбитасымен қиылысатынын атап өтті. Астероид Жердің жанынан шамамен 90 мың шақырым қашықтықта өтеді. Бұл – Жер мен Ай арасындағы орташа қашықтықтың шамамен 24%-ына тең. Ғарыш өлшемімен алғанда, бұл өте жақын арақашықтық болып есептеледі.
Бүгінгі таңда ғалымдар аспан денесінің орбитасы мен физикалық сипаттарын жіті анықтап жатыр. Қолдағы есептеулерге сәйкес, астероидтың Жермен соқтығысу қаупі жоқ. Астероидтың траекториясы Юпитер орбитасына дейін созылып, кейін қайтадан Күн жүйесінің ішкі бөлігіне оралады.