Еліміздегі әр алтыншы бала кедейлік жағдайында өмір сүреді. Бұл ЮНИСЕФ-тің сатистикасымен Мәжіліс депутаты Айжан Сқақова бөлісті.
Оның айтуынша, ана мен балаға қатысты мәселелер орталық уәкілетті органдардың назарынан қашанда тыс қалады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Елімізде әлеуметтік қамсыздандыру әлі де жеткіліксіз деңгейде. Бізде адами капиталға инвестициялау идеологиясына негізделген ана мен баланы дамытудың түбегейлі жаңа көзқарасы мен тұжырымдамасы жоқ. Балалардың кедейлігіне қатысты ұсыныстар да әзірленбейді. Бұл ретте сандарға көз жүгіртудің өзі қорқынышты. Елімізде 1 млн бала әлі де кедей өмір сүреді. Бұл елдегі әр алтыншы бала", – деді депутат.
Халық қалаулысы жәрдемақы түріндегі мемлекеттік қолдау қашанда маңызды екенін атап өтті. Себебі аталған төлем балалардың негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз етеді.
"Ұлттық қор – балаларға" қағидаты бойынша жаңа бағдарламаның іске қосылғаны маңызды. Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50%-ын 18 жасқа толғанға дейін балалардың арнайы жинақ шоттарына аудару ұсынылып отыр. Бірақ өкінішке орай, Үкіметте балалардың әлеуметтік жағдайын түбегейлі жақсарту бойынша осындай жобаларды жүзеге асырудың жаңа тәсілдері жоқ", – деді Сқақова.
Осы орайда депутат адами капиталға инвестициялаудың жаңа моделі қажет деп есептейді. Сондықтан ол жаңа ұлттық жоба қабылдауды ұсынды.
"18 жасқа толмаған барлық балаға шартсыз ай сайынғы бірыңғай жәрдемақыны енгізумен қатар, бұл шараны екі тетікке негіздеу маңызды. Біріншісі, сапалы білімге қолжетімділік, оның ішінде мектеп және мектепке дейінгі білім бар. Екіншісі, денсаулық сақтау жүйесіне қолжетімділік. Бұл бағытта "Ана мен баланы дамытуға инвестиция" Ұлттық жобасын қабылдау қисынды болар еді", – деп атап өтті депутат.
Айжан Сқақованың айтуынша, жобаның бірінші кезеңі балалар кедейлігімен күрес бойынша ұлттық бағдарлама әзірлеуден басталады.
"Бұдан кейін бала күтімі бойынша ақылы кезеңді 3 жылға дейін ұзарту керек. Барлық балаға сөзсіз қолдау ретінде 18 жасқа дейінгі жалпыға бірдей жәрдемақыны енгізу, білім беру, әлеуметтік, баланың мәдени және басқа да қажеттіліктерін қанағаттандыру және "ArtSport" балалар спорт секцияларын қаржыландыру бағдарламасын пысықтап, тезірек сауықтыру шараларын қабылдау қажет", – деді Мәжіліс депутаты.