180 мың қазақстандық 42 500 теңге төлемін мемлекетке қайтарды

5140

ТЖ-ға орай әлеуметтік төлем алғандар "қудалауға" ұшырауда. 

180 мың қазақстандық 42 500 теңге төлемін мемлекетке қайтарды

Кейінгі кезде билік органдарына төтенше жағдай көмегін мемлекетке кері қайтармаған жұмыскерлерді жұмыс берушілердің қудалай бастағаны туралы шағым түсуде. Бұл мәселе елді алаңдатып отыр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Осындай мәселеге жолыққан азаматтар бұл шаралардың қаншалықты заңды екенін білгісі келеді. Солардың бірі – Арайлым Мұқажанова. Оның кәсіпорны өткен жылғы пандемиямен күрес кезінде жабылып, ұжым мүшелері үйлерінде болған екен. Осыған орай көмекке жүгінген.

"Енді жұмыс берушіміз оны қайтарыңдар деп жатыр. Мен сонда не себепті 42,5 мың теңге көмекті мемлекетке кері қайтаруым керек? Төлем электронды өтінішіме сәйкес аударылды, онда барлық негіздер тегіс жазылған. Тиісінше, өтінішім мақұлданып, маған ТЖ кезіндегі әлеуметтік төлем берілді. Мен бірінші лектегілермен бірге алдым. Екінші лекке де ілігетін едім. Алайда басшылықтан 42 500 теңге сұрамау туралы нұсқау келіп түсті. Біз соған сөзсіз бағындық. Сөйтіп, екінші рет төлем ала алмадым. Бұған еш таласым жоқ, келісемін. Бірақ төленген ақшаны енді менен алып қоюға қандай қақылары бар? Енді мемлекет алдында берешек болып қалыппын. Егер қайтармасам, жұмыстан қуамыз деп қорқытып жатыр", – дейді Арайлым.

Ол мұндай қысастыққа мойынсұнғысы келмейді: "Билік көмегін қайтарғысы келсе, сотқа жүгінсін" деп бекінді.

Жалпы, әлемде көптеген ел міндетті карантин мен төтенше жағдайға орай жұмыс істеп, салық төлеп келген әр азаматына демеу жасады. Қазақстан да осы өркениетті үлгіге жүгінді. Бірақ салық төлеушілердің барлығына бірдей көмек бермеді.

Ресми мәлімет бойынша 2020 жылы пандемия кезінде барлығы 4,6 млн адамға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) әлеуметтік төлем төленіпті. Негізі, оған 9 миллионға жуық адам зәру екенін білдірген деседі. Дегенмен, билік әртүрлі себеп пен сылтау тауып, миллиондардың меселін қайтарды. Нәтижесінде, төтенше жағдай мен карантин шектеулерінің енгізілуі кесірінен табысынан айырылған 4,6 млн қазақстандыққа (біреуіне бір, кейбіріне екі-үш рет) көмек ретінде қордан жалпы сомасы 476 млрд теңге төледі. 

Үкімет биылғы жылы төтенше жағдай енгізілсе, 42 500 теңге аудармайтынын мәлімдеді. Ел Парламенті бекіткен, 2021–2023 жылдарға арналған республикалық бюджетте бұған қаражат қарастырылмаған. Рас, егер тосыннан ел Президенті осыған ықтияр білдірсе, ондай қаржы Үкімет резервінен алынуы мүмкін.

Ал МӘСҚ-тың ақшасы оған жетпейтін көрінеді. Себебі 42,5 мың теңге көмек сыртында қор коронавирус жұқтырған денсаулық сақтау қызметкерлеріне және COVID-19 дертінен қаза тапқан медицина мамандарының отбасыларына 20,5 млрд теңге төлем төлепті.

Аталған қордың "қоржынында" 1,1 трлн теңге болған.

Жалпы алғанда, індет ушыққан 2020 жылғы 10 айда МӘСҚ 704,4 миллиард теңге төлем жасады. Бұл қаражат қорға келіп түскен жарналар сомасынан 3,2 есе асып түсті.

Әйтсе де, ТЖ әлеуметтік төлемін жаппай кері жолдаған қазақстандықтар МӘСҚ-ты біраз байытқан сыңайлы: оралған қаражаттың жалпы сомасы 7 млрд 650 млн теңгеден асыпты.

"Өткен жылы аталған әлеуметтік төлемді алған адамдардың үлкен көлемі өзінің азаматтық парызын түйсініп, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының есепшотына шамамен 180 мың төлемді қайтарды. Бұл шара ерікті түрде жүргізілді және мемлекет төленген қаржыны қайтаруды талап етпеді", – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов.

Оның айтқанына сенсек, жұмыс берушілердің 42,5 мың теңгені қорға кері аударуды талап етуі – негізсіз.

"Жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек келісімшартын бұзудың негіздері Еңбек кодексінің 52-бабында көрсетілген. Бұл ретте төтенше жағдай режимін енгізу кезінде табысын жоғалтпаса да, азаматтардың жұмысынан айырылу бойынша біржолғы әлеуметтік төлемді – 42 500 теңгені алу жағдайы кездесті. Сонымен бірге Еңбек кодексінің 115-бабында жалақыдан ұстап қалудың негіздері жазылған. Жұмыскердің жалақысынан ұстап қалулар сот шешімі бойынша, сондай-ақ Қазақстан заңдарында көзделген жағдайларда жүргізіледі", – деді министр.

Қалай болғанда, ТЖ-ға орай әлеуметтік төлем алғандардың кейбірі қиындыққа кезіккендерін айтуда. Мысалы, жеке кәсіпкер, 2 бүлдіршіннің анасы Гауһар Құралбаева биыл үшінші бөбегін күтіп отыр.

"2020 жылы пандемияның бірінші толқыны кезінде мемлекет халықты 42 500 теңге төлеп, қолдайтынын жариялады. Содан шектеулерге байланысты кәсіпкерлік қызметім доғарылғандықтан, былтырғы сәуір мен тамыз аралығында 3 рет 42,5 мың теңгеден алдым. Ал 2021 жылдың ақпанында "Азаматтарға арналған Үкімет" мемкорпорациясына жүгініп, жүктілік және босануға байланысты әлеуметтік төлемдер алуға құжаттарымды тапсырдым", – дейді ол.

Алайда артынша оған "Азаматтарға арналған Үкіметтің" және МӘСҚ-тың өкілдері телефон шалып, пандемия кезінде алған барлық төлемін толық көлемде мемлекетке қайтаруға тиіс екенін хабарлапты.

"Яғни, мен 148 мың 750 теңге аударуым керек. ХҚКО мен қордың қызметкерлері егер төлемді қайтармасам, бала тууға қатысты әлеуметтік төлемдер төлеуден бас тартатындарын мәлімдеді. Неге аққұла мені қудалап жатқанын түсінбедім. Әйтпесе, мысалы, мемлекеттік қызметте істейтін кейбір таныстарымның өзі мен қатарлы 42 500 теңге көмек алды. Неге онда ТЖ төлемін алған болашақ аналарды ғана қыспаққа салуда? Мемлекет басшылығының қазақтың басын өсіруге қатысты мәлімдемелері бос сөз болғаны ма?", – дейді кәсіпкер.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу