19 шілдеден бастап не өзгереді?

741

Блогерлердің жазбаларынан кейін көп адам Үкіметтің шешімін қате түсінген сияқты.

19 шілдеден бастап не өзгереді? Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Бұл тақырып кейінгі күндері әлеуметтік желі шекарасымен шектелмей, екі адам кездескенде сөз қылатын көкейкесті әңгімеге айналды.

Шынында не болып қалды?

Блогерлер сөз қылып жатқан мәселе – "Үкіметінің 2021 жылғы 1 шілдедегі №457 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 13 мамырдағы №388 жаңа қаулысынан туындаған. Қаулы екі айдай өтпелі кезеңнен кейін, 2026 жылғы 19 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

Бұл ресми құжат "Жекелеген қызмет түрлерінің және төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдер қабылдауға және банкаралық мобильді төлемдер жүйесін пайдалана отырып мобильді төлемдерді қабылдауға арналған жабдықты (құрылғыны) қолдану тізбесін" бекітеді.

"RB Partners Academy" сарапшыларының түсіндіруінше, QR-ды пайдалануға тыйым салынбайды. Тек 2026 жылғы 19 шілдеден бастап Қазақстанда төлемдерді қабылдау ережелері өзгереді. Енді бизнес сатып алушыларды тек QR-пен шектемей, мыналарды бір уақытта қабылдауды қамтамасыз етуге міндетті:

  • банктік карталарды;
  • QR-кодты;
  • мобильді аударымдарды.

2021 жылғы ескі Үкімет қаулысы бизнеске заңды таңдау құқығын берген еді: касса алдына тек POS-терминал орнатса немесе қабырғаға банктердің бірінің QR-кодын іліп қойса болды, карточкалардан төлем қабылдаудан толықтай бас тартуына болатын еді. Енді бұған жол берілмейді.

Жаңа редакция бизнестен картамен төлем қабылдауға арналған жабдықтарды орнатуды және мобильді төлемдерді қабылдауды қамтамасыз етуді талап етеді. 19 шілдеден бастап бұл – міндеттеме. Ешқандай балама нұсқа жоқ. Әрбір саудагерде міндетті түрде қос құрал да жұмыс істеп тұруға тиіс.

Басты жаңалық – барлық банктерге арналған бірыңғай QR.

"Жеке шотыма аудара салыңызшы!" деген схема біртіндеп өткен күннің еншісінде қалады. Алғашқыда іркілістер, ақаулар болуы, баға өсуі мүмкін, бірақ банктер кэшбэктер мен тиімді шарттар арқылы белсендірек бәсекелесе бастайды. Сатып алушылар үшін көбірек ыңғайлылық пен таңдау еркіндігі туындайды. Бизнес үшін – бірнеше жүйенің орнына бір ғана QR енгізіледі. Осылайша, Қазақстанда қандай да бір банктің QR басымдылығы аяқталады", – деген сенімде сарапшылар.

Эксперттер Үкіметтің осы қаулымен басты "фермерлік" жеңілдікті толығымен жойғанына да назар аудартады. Бұрынғы қаулыда өздері өндірген ауыл шаруашылығы мен балық өнімдерін сататын жеке кәсіпкерлер мен компанияларға қолма-қол ақшасыз міндетті төлем қабылдау туралы талап қолданылмайтын еді. Жаңа редакциядан бұл жеңілдік сызып тасталды.

Жаңа қаулыға сәйкес, қолма-қолсыз және мобильді төлем қабылдауға міндетті бизнес түрлерінің толық тізімі:

  • Көтерме және бөлшек сауда (барлық дүкен мен сауда орындары);
  • Қонақүйлердің қызмет көрсетуі;
  • Автомобильдер мен мотоциклдерді көтерме және бөлшек саудада сату, оларды жөндеу және техникалық қызмет көрсету;
  • Мейрамхана қызметтерін көрсету, тамақтануды ұйымдастырудың өзге де түрлері мен сусындар жеткізу;
  • Әуе және теміржол көлігіне жол жүру құжаттарын (билеттерді), багаж және жүк-багаж түбіртектерін сату;
  • Жүктерді көліктік өңдеу, қоймаға жинау мен сақтау жөнінде қызмет көрсету, жүктерді тасымалдау жөніндегі қосымша көрсетілетін қызметтер мен тасымалдау жөніндегі қызметтер;
  • Туроператорлардың және туризм саласында қызмет көрсететін өзге де ұйымдардың қызметі (турагенттерден басқа);
  • Сақтандыру саласындағы қызмет;
  • Денсаулық сақтау саласындағы қызмет;
  • Білім беру саласындағы қызмет;
  • Кинофильмдерді, бейне және телевизиялық бағдарламаларды тарату жөніндегі қызмет, кинофильм көрсету;
  • Спорт, демалыс пен ойын-сауық ұйымдастыру қызметі;
  • Құмар ойындарын және бәс тігуді ұйымдастыру жөніндегі қызмет;
  • Боулинг (кегельбан) және бильярд бойынша қызмет көрсету;
  • Пошта және курьер қызметі;
  • Шаштараздар мен сұлулық салондарының қызмет көрсетуі;
  • Мамандандырылған дизайнерлік қызмет;
  • Ғимараттарға қызмет көрсету, аумақтарды абаттандыру қызметі.

Нәтижесінде, Үкіметтің осы қаулысы POS-терминал мен мобильді төлемдерді қабылдауға арналған құрылғыларды орнату арқылы қолма-қолсыз ақшаны қабылдауға міндетті кәсіпкерлік түрлерін күрт кеңейтеді.

Мемлекеттік кірістер комитеті осы тізімдегі соңғы 4 жаңа пункттің қосылуын соңғы 5 жылда осы салалардағы кәсіпкерлер санының айтарлықтай өсуімен түсіндірді.

Курьерлердің, сұлулық салондары мен дизайнерлердің қызметтері жоғары сұранысқа ие бола бастады, бұл есеп айырысу үшін заманауи жағдайлар жасауды талап етеді. Енді олар да клиенттерінен қызметі мен тауары үшін шытырлаған купюралармен емес, қолма-қолсыз форматта – мобильді аударыммен, QR-кодпен немесе POS-терминал арқылы картамен төлеуді талап етуге тиіс, деп санайды мемкірістер ведомствосы.

Кімдерге жеңілдік жасалды?

Құжатқа берілген ескертпеге сәйкес, интернет пен телефон байланысы жоқ жерлерде орналасқан бизнес нысандарына тек қолма-қолсыз электронды түрдегі ақшамен есептесу талабы таралмайды. Сонымен қатар, автодүкен, автолавка, фудтраком, автокафе, мобильді кофехана, стритфуд-фургон сияқты қызметін тұрақсыз, жылжымалы сауда нысандары арқылы жүзеге асыратын кәсіпкерлер де мұндай талаптан босатылады.

"Көрсетілген қызмет түрлері жүзеге асырылатын жерлерде төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдауға және банкаралық мобильді төлемдер жүйесін пайдалана отырып мобильді төлемдерді қабылдауға арналған жабдықты (құрылғыны) орнату мен қолдануды қамтамасыз ету ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі жоқ жерлерде стационарлық емес сауда объектілері арқылы жүзеге асырылатын қызметке қолданылмайды", – делінген Үкіметтің жаңа қаулысында.

Қалғандарының бәрі – жаңа міндетке ілікті. Қонақүйлер, мейрамханалар, шаштараздар, курьерлер, дизайнерлер, үй тазалаушы клинингтер, жиһаз жасаушылар, фермерлер мен жексенбілік жәрмеңке саудагерлері – егер ол жерде байланыс ұстаса, картадан төлем қабылдайтын терминал қоюға міндетті.

Бизнес талапты орындаудан бас тартса, не болады?

Мемлекеттік кірістер органы терминалдың болмағаны үшін жауапкершілік тәртібін де түсіндірді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 195-бабына сәйкес, жаза кезең-кезеңімен қолданылады:

Қазақстан аумағында сауда қызметін жүзеге асыру, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету кезiнде дара кәсіпкерде немесе заңды тұлғада төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді жүзеге асыруға арналған жабдық (құрылғы) болмаса, бірінші жолы ескерту жасалады.

Егер әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін 1 жыл ішінде бұзушылықты қайталап жасаса,

  • шағын кәсіпкерлікке – 40 АЕК (2026 жылы – 173 000 теңге),
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 60 АЕК (259 500 теңге),
  • ірі кәсіпкерлік нысандарына – 80 АЕК (346 000 теңге) айыппұл салынады.

Қорыта айтқанда, мемкірістер комитетінің түсіндіруінше, елдің шулауына негіз жоқ, тура бір айдан кейін "мобильді аударымға" тыйым салынбайды. Керісінше, тұтынушылардың құқығын кеңейтетін жаңашылдықтар өмірге жолдама алады.

Төлемдік диктат дәуірі аяқталады: ел бірыңғай QR-ға көшуде

Алдағы 2026 жылғы 19 шілдеден бастап республикада банкаралық QR-төлемдердің бірыңғай жүйесі ресми түрде әрі толыққанды іске қосылады. Оған қосылу бөлшек сауда секторында жұмыс істейтін барлық қаржы ұйымдары үшін ерікті емес, міндетті талапқа айналады.

Бұл іс жүзінде нені білдіреді? Сатушылар клиенттерден тек нақты бір банктің QR-кодымен ғана сатып алуды талап ететін заман өткен күннің еншісінде қалады. Енді кассаға бір ғана бірегей QR-кодты орналастырса, жеткілікті. Ал, сатып алушы тауар немесе қызмет ақысын өзіне үйреншікті кез келген банк қосымшасы арқылы төлей алады.

Бүкіл ел бойынша коммерциялық банктерде, IT-интеграторларда және миллиондаған кәсіпкерлерде POS-терминалдардың бағдарламалық қамтылымын толығымен жаңартуға, кассалық модульдерді қайта құруға және мемлекеттік "Банкаралық мобильді төлемдер жүйесіне" қосылуға бір ай ғана мерзімі қалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу