19 жастағы қазақстандық Тимофей Скатов ATP 250 турнирінде дебют жасады

880

Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан, жүлде қоры 275.000 АҚШ долларын құрайтын ATP 250 "Astana Open" турнирінің екінші жарыс күнінде 19 жасар Тимофей Скатовтан бөлек, қазақстандық теннисшілерден Александр Недовесов пен Андрей Голубевтер сынға түсті.

19 жастағы қазақстандық Тимофей Скатов ATP 250 турнирінде дебют жасады

Скатов негізгі кестеге ұйымдастырушылардан алған уайлд-кард арқасында енген болатын. Ал оның қарсыласы Руусувуори 1/16 финалға шығу үшін екі іріктеу турнирінде алғашқы кездесуінде  аустралиялық Марк Перселланы, екінші кездесуде  серб Виктор Троицкиді жеңген.

Бірінші сет Эмиль Руусувуоридің еншісіне жазылды. Ол партияда екі брейк жасады. Ал корт иесі қарсыласының доп беруін бір мәрте қайтара алды. Оның өзінде фин спортшысы геймде екі бірдей қателікке жол берген болатын.  Екінші сетте Тимофей Скатов ойын тізгінін өз қолына алуға тырысқан. Алайда қарсыласы өз мүмкіндігін толығымен пайдаланып, жеңіске жетті: 6:2, 6:0.

"Турнирде шеберлігімді шыңдауға мүмкіндік беріп, уайлд-кард ұсынған Федерацияға алғысым шексіз. Алғашқы қадамым сәтсіз болды. Мүмкін жүйкем сыр берген болар. Өкіншіке орай үздік ойын көрсете алмадым. Кей тұста аяғым байланғандай жылдам қимылдай алмадым. Кей тұста тез ойлап шешіп қабылдауға шамам жетпеді. Мен мұнда бірнеше күн болдым. Үздік теннисшілермен бірге жаттықтым. Үйренгенім аз емес. Сондықтан келесі жолы жақсы ойын көрсетемін деп ойлаймын",деді матчтан кейін Тимофей Скатов.

Қазақстандық Александр Недовесов пен Андрей Голубев тартысты өткен кездесуде жұптық разрядтың ширекфиналына өту мүмкіндігін уыстан шығарып алды. 1/8 финалда оларға Аустралиядан келген Люк Сэвилл мен Макс Перселл жұбы қарсы шыққан болатын. Олар турнир рейтингінде екінші тұр. Қазақстандықтар әр матч үшін барын салды, - деп хабарлайды Қазақстан Теннис федерациясының баспасөз қызметі.

Екі жұп та әдемі ойын өрнегін көрсетті. Бірақ аустралиялық теннисшілердің шеберлігі бір саты жоғары болғандай. Ширек финалға Люк Сэвилл мен Макс Перселл өтті. Қорытынды есеп: 6:4, 6:4.

Александр Недовесов пен Макс Перселл  осы турнирдің жекелей сынында да ойнаған. Бірақ екеуі де іріктеу турнирінен аса алмады. Чехиядан келген әлемнің 66-ракеткасы Иржи Весел жарыстың екінші күні әлемнің 48-ракеткасы америкалық Теннис Сандргенді 6:4, 7:6  есебімен тізе бүктірді.
Аслан Карацев пен Андреаса Сеппи арасындағы бәсеке турнирдің уайлд-кардына иелік еткен Сеппидің жеңісімен аяқталды -  6:3,1:6,6:3.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу