197 млн теңге жымқырылған жоқ

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
1869

"Бәйтерек" холдингі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен тексеру қорытындысын БАҚ арқылы хабарлауды сұрады. 

197 млн теңге жымқырылған жоқ Фото: Максим Морозов

Мемлекеттік бизнесті қолдау институттарын біріктіретін "Бәйтерек" ұлттық басқару холдингі" АҚ-ға еліміздің тұрақты экономикалық дамуына серпін беру міндеті жүктелген. Алайда мұндағылар мүлде басқа іспен айналысатын тәрізді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірінші департаментінің аға тергеушісі Данияр Бекайдаровтың 197 млн теңгенің жымқырылуына байланысты "Бәйтерек" холдингінің лауазымды тұлғаларының үстінен қылмыстық іс қозғалғаны туралы мәлімдемесі осындай ойға жетеледі.

"Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ лауазымды тұлғалары мен өзге де адамдарға қатысты тергеу амалдарын бастады. Іс "Технологиялық даму жөніндегі ұлттық  агенттік" АҚ-ның бизнес-моделін түрлендіру бойынша консультациялық қызметке арналған мемлекеттік сатып алуға бөлінген 197 млн теңге бюджет қаражатының жымқырылуына байланысты қозғалып отыр", – деді Данияр Бекайдаров.

Оның айтуынша, қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Мәссаған, безгелдек! Дәл осы мәлімдеме жасалған күні (14.05.2020)  Үкімет басшысы Асқар Маминнің төрағалығымен холдингтің директорлар кеңесінің отырысы өтті. Мұнда 2019 жылы холдинг құрамындағы компаниялар тобының активі 5 трлн 214 млрд теңгені құрағаны, шоғырландырылған таза пайда 51,5 млрд теңгеге жеткені жарияланды.

Айта кетейік, "Бәйтерек" ұлттық басқару холдингі" АҚ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілінің мәлімдемесіне қатысты түсініктеме берді. Онда өткен жылдың қараша айында холдинг 197 млн теңгеге қатысты өз ішінде аудит жүргізуге міндеттелгені, бұл іс тиісінше атқарылғаны, алайда құқықбұзушылық анықталмағаны, тексеру нәтижесі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласындағы департаменіне жіберілгені жазылды.

Холдинг сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік танытатынын және тергеу органдарына ары қарай жәрдемдеуге әзір екенін жариялап, қаражат ұрлау фактісі болмағанына сенімді екендерін мәлімдеді. Осылайша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен транспаренттілік қағидатын сақтау үшін БАҚ арқылы тексеру қорытындысын хабарлауды сұрады.

Холдингтің ресми ресурсында "Технологиялық даму жөніндегі ұлттық  агенттігінің" бизнес-моделін қайта құру үшін Accenture халықаралық консалтингтік компаниясы атынан кеңесші тартылғаны, ол жобаны жүзеге табысты асырғаны, кейін жаңартылған стратегиямен және штат санын екі есе оңтайландырумен Qazaqtechventures АҚ-ның проблемалық портфелі тазартылғаны түсіндірілді.

"Консалтингтік компанияның "Технологиялық даму жөніндегі ұлттық  агенттіктің" бизнес моделін қайта құру бойынша ұсынған қызметінің барлық тәсілдері мен бағыттары Qazaq Tech VenturesАҚ-ның өзекті даму стратегиясына енгізілді. Нәтижесінде компания 2019 жылдың қорытындысы бойынша алғаш рет табыс тапты және соңғы жартыжылдықта қазақстандық стартаптарды одан әрі қаржыландыра отырып, екі жетекші венчурлік қорды бірлесіп инвестициялауға мүмкіндік алды", – деп жазды "Бәйтерек" ұлттық басқару холдингі" АҚ сайты.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу