2 400 шаруаға 5 пайызбен несие беріледі

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
5392

Бюджеттік кредитке 70 млрд теңге бөлінді. 

2 400 шаруаға 5 пайызбен несие беріледі

Президенттің пәрменімен республикалық бюджеттен шағын және орта шаруа қожалықтарына көмек көрсету үшін "ҚазАгро" ұлттық басқару холдингіне 70 млрд теңге жолданды. Қомақты қаржы холдингтің еншілес ұйымы

"Аграрлық несие корпорациясы" АҚ арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қарызға беріледі. Несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесі - 5%.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 31 наурыз күні халыққа арнаған

мәлімдемесінде төтенше жағдай кезінде мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына жан-жақты қолдау көрсетілетінін жариялады.

Президент көктемгі егіс жұмыстарының маңыздылығына назар аударып, үкіметке ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге дизель отынының 1 литрін 165 теңгеден беруді тапсырды.

"Осыны қамтамасыз ету үшін 390 мың тонна жанармай жеңілдікпен сатылады", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге қаржылай қолдау көрсетілетіні туралы сөзі шағын және орта шаруа қожалықтарын қатты қуантты. Себебі олар карантин кезінде науқанды қалай бастаймыз, дизель отынын қымбат бағаға қалай сатып аламыз, айналым қаражатын қалай толықтырамыз деп алаң-елең болып отырған.

"Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы бойынша көктемгі егіс жұмыстарына қосымша 100 млрд теңге бөлінетіні де дәтке қуат болды.

"Аграрлық несие корпорациясы" АҚ 2 400 шаруға 5 пайызбен берілетін 70 млрд теңгені "Кең дала" бағдарламасы арқылы үлестіретін болды.

Бұл туралы "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ баспасөз қызметі:

"Жеңілдетілген несие 3 млн гектар егіс алқабына тұқым сеуіп жүрген шағын және орта шаруа қожалықтарын қамтиды. Шаруалардың бюджеттік кредитке қолжетімділігін арттыру мақсатында кепіл саясатының шарттары өзгертілді.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің кез келген жылжитын, жылжымайтын мүлкін кепіл ретінде қабылдау туралы шешім шықты. Осыған сәйкес шағын және орта шаруа қожалықтары кепілге жер телімдері мен ауыл шаруашылығы техникасын қоя алатын болды", – деп хабарлады.

Белгілі болғандай, бюджеттік кредитті рәсімдеу барысындағы бизнес-процестер оңтайландырылып, шаруалардан талап етілетін құжат саны қысқарылды. Бұрын заңды тұлғалар қарыз алу үшін 27 құжат тапсыратын. Қазір олардан 13 құжат сұралады. Ал шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлерден осыған дейін 16 құжат талап етілді. Енді олар 12 құжат өткізеді. Оңтайландыру жұмысы өтінім қарау мерзімін 30 күннен 10 жұмыс күніне қысқартты.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу