2 млрд 700 млн теңгенің туристік жолдамасы кері қайтарылады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
8698

Еліміздің 4 мың азаматы туристік сапардан бас тартты. 

2 млрд 700 млн теңгенің туристік жолдамасы кері қайтарылады

COVID-19 пандемиясы әлем экономикасына қырғидай тиіп жатыр. Шығынға белшесінен батқан салалардың қақ ортасында туризм тұр.

Bloomberg агенттігі биыл жаһандық туризм индустриясы 1 трлн 7 млрд доллар жоғалтатынын жариялады. Ал туризм және әлемдік саяхат кеңесінің атқарушы директоры Глория Гевара саяхат және туризм секторындағы

50 млн адамға жұмыссыз қалу қаупі төніп тұрғанын мәлімдеді.

"2020 жылы әлем бойынша саяхатшылардың саны 25%-ға азайып, жұмыс орындары 12-14%-ға қысқаруы мүмкін. Бұл – 50 млн адам табыссыз қалады деген сөз", – деді Глория Гевара.

Коронавирустың кесірі отандық туризмге де ауыр тиді. Қазақстан туристер қауымдастығының директоры Рашида Шайкенованың сөзінше, туризм саласында жұмыс істейтін 80 мыңнан астам қазақстандық тығырыққа тірелді. Туристік агенттіктер қаржы тапшылығын сезіне бастады.

"Туристер биылғы саяхаттарына алдын-ала төлеп қойған ақшаларын қайтаруды талап етіп жатыр. Алдағы уақытта туристік агенттіктер қызметкерлеріне жалақы төлеу мәселесімен бетпе-бет келуі мүмкін", – деді Рашида Шайкенова.

Қазақстан туристер қауымдастығы директорының сөзінше, қоғамда сыртқы туризм тұралағанда, ішкі туризм дамиды деген түсінік бар. Бірақ дәл қазір бұлай болуы екіталай.

"Осы аптада Наурыз мейрамы басталады. Бұрын дәл осы уақытта ел азаматтары саяхатқа шығатын. Дәл қазір бұлай болмайды. Мұның зардабы тағы да туроператорларға тиеді", – деді Рашида Шайкенова.

Ел аумағына төтенше жағдай енгізіліп, шет мемлекетке шығуға шектеу қойылуына байланысты 5 526 адам алдын-ала жоспарланған туристік сапарларынан бас тартуға тиіс. Бұл туралы Мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев: "Дәл қазір отандық туризм индустриясы қиын жағдайды бастан кешіріп жатыр. Үкімет ел азаматтарының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп, әрекетсіз, шара қолданбай отыра алмайды. Сондықтан 5 526 туристің шет мемлекетке шығуына шектеу қойылды. Олар 2 млрд 700 млн теңгенің туристік жолдамасын кері қайтарады. Бүгінге дейін еліміздің 4 мың азаматы туристік сапардан бас тартты. Туроператорлар туристерден алған ақшаларын толық көлемде қайтарып беруге тиіс", – деді Өркен Бисақаев.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, туристік компаниялар үкіметке төтенше жағдай кезінде мемлекеттік қолдау көрсетуді сұрап, өтініш жолдаған.

"Бүгінгі таңда туризм саласына қолдау көрсетудің тиімді тәсілдері қарастырылып жатыр", – деді Өркен Бисақаев.

Оның дерегінше, қазіргі уақытта шет мемлекетте 4 556 қазақстандық турист жүр. Олардың 2 246-сы - Мысырда, 573-і - Біріккен Араб Әмірліктерінде, 466-сы - Таиландта, 244-і - Мальдив аралында, 216-сы -Үндістанда.  

Өркен Бисақаевтың айтуынша, қазір қазақстандық туристерді елге қайтару шарасы атқарылып жатыр.

"16 наурыз күні Шарм-эль-Шейх-Алматы бағытындағы әуе кемесімен елге 223 турист оралды",  – деді вице-министр.

Айта кетейік 18 наурыз күні Гоа аралынан 235 қазақстандық турист жеткізілді. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі ресми мәлімдеме жасады.

"Туризм және спорт комитеті "Туристік Қамқор" корпоративтік қорымен бірлесіп, шетелде жүрген туристерді елге қайтару туралы шешім қабылады. Отандастарымызды елге жеткізу үшін кезектен тыс 17 әуе рейсін ұйымдастыру жоспарланды. Алғашқы борт 17 наурызда Үндістанның Гоа аралына аттанып, 18 наурыз күні 235 туристі елге алып келді", – деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Естеріңізге салайық, бұған дейін үкімет корновирус пандемиясының алдын алу үшін тұрақты халықаралық рейстерге тыйым салды.

Таяуда "Туристік Қамқор" корпоративтік қоры шет мемлекеттердегі қазақстандық туристерді елге жеткізу тәртібін түсіндірді.

"17 наурыздан бастап "Туристік Қамқор" корпоративтік қоры туристік коды бар азаматтарды елге қайтаруға кірісті. Алдағы 2 аптада SCAT, Air Astana авиатасымалдаушылары арқылы әлемнің 13 еліне 17 рейс жасалып, 4 мыңнан астам турист Қазақстанға қайтарылады. Елге оралу кезінде қиындыққа

тап болған туристер "Туристік Қамқор" корпоративтік қорының http://www.fondkamkor.kz  сайтына кіріп, "Туристерге шұғыл көмек" деген өтінімді толтырулары  немесе 8 (7172) - 27 - 91- 12 жедел желісі мен +7701 534 0580 WhatsApp номеріне  хабарласулары керек", – деп мәлімдеді  "Туристік Қамқор" корпоративтік қоры.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу