2 мыңға жуық итбалық қырылды: Мамандар нақты себебін білмей отыр

533

Қазанның соңынан бастап Маңғыстаудағы Каспий теңізінің жағалауында итбалықтардың қырылып жатқаны туралы хабар тараған еді. 

2 мыңға жуық итбалық қырылды: Мамандар нақты себебін білмей отыр Фото: Риа Новости

Әуелде 100, кейін 300-ден асқан өлекселер қазір 2 мыңға жуықтады. Жүздеген итбалық қырылып жатқанда бұны табиғи процестерге жатқызушылар болған. Алайда санның еселенуі қалай болғанда да анықталмаған бір жайттың барын аңғартты. Сонымен, итбалықтар неден қырылуда, себебін білу мүмкін бе?

Өндіріс, ластану немесе балықшы факторы

Жағдай қазір расымен мамандардың алаңдаушылығын тудыруда. Гидробиология және экология институты, Итбалықтарды зерттеу және оңалту орталығы, сондай-ақ Микробиология және вирусология ғылыми-зерттеу институтының өкілдері мәселені зерттеуге кіріскенге ұқсайды. Балық инспекциясы да Каспий теңізі акваториясы мен аумақтық суларына мониторинг жүргізіп жатыр. Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті инфекциялық аурулардың бар-жоғын тексеру үшін сынамалар алыпты. Дегенмен бұның бәрі нақты себебі анықталды дегенді білдірмейді, тек болжамдар ғана айтылуда.

Балық шаруашылығы комитеті ықтимал себептердің бірі ретінде теңіздегі жер сілкінісі салдарынан жерасты газдарының бөлінуін алға тартқан. Зерттеулердің қорытындысы 3-4 айда белгілі болады. Зерттеулер аяқталған соң ғана түпкілікті қорытындылар жасалады. Ал оған дейін қырылған итбалықтар саны арта беруі мүмкін.

2008 жылы Халықаралық табиғатты қорғау одағы Каспий итбалығының жойылып кету қаупі барын жіктеген. Ондаған жылдар бойы мұнай барлау, өнеркәсіптік ластану және шамадан тыс балық аулау Каспий экожүйесіне зиян келтіріп, 1970 жылдардан бері итбалықтар санын екі есеге азайтты. ХХ ғасырдың басында итбалықтар саны 1,2 миллионға жетсе, бүгінде 75 000-270 000 аралығына дейін азайып қалған. Бірақ нақты санын ешкім тап басып айтпайды.

Жыл сайын дауылдан кейін Каспийдің Әзербайжан жағында 2000-ға жуық итбалық өлексесі жағаға шығып қалады. Енді осы жағдай бізге де келіп отыр. Болжанған бірнеше себептің бірі ретінде ластану және пестицидтер жайы айтылады. Зерттеуші Тариэль Эйбатовтың пікірінше, Каспий теңізінің бүлінуі итбалықтардың азаюына әсер ететін тағы бір маңызды фактор.

Ресей мен Әзербайжандағы Еділ мен Кура өзендерінің сағасына жақын сулар гексахлоран мен басқа да ауылшаруашылық пестицидтерінің жоғары деңгейін көрсетеді. Бұл химиялық заттар итбалықтардың майында жиналып, жемтік іздеп оңтүстікке көшкенде улы концентрацияға айналады.

– Итбалықтар тері астындағы майға қор жинайды, оның қалыңдығы 15 сантиметрге жетуі мүмкін. Бұл майдың құрамында ластанған сулардан сіңірілген зиянды токсиндер бар. Ұрғашы итбалықтар көбею үшін солтүстікке кеткенде, үш айлық ашығу кезеңінде қоректену үшін осы қорды пайдаланады. Нәтижесінде олардың ағзасындағы токсиндердің деңгейі күрт артып, қысырлық пен сәтсіз буаздыққа әкеледі, – деген Эйбатов.

Келесі бір себеп – балықшылар құрған аулар мен браконьерлік. Заңсыз балық аулау ісі де үлкен қауіп төндіретіні жасырын емес. Көптеген итбалықтар Ресей мен Әзербайжандағы браконьерлер орнатқан торларға түседі. Сонымен бірге кей зерттеушілер жаһандық жылыну итбалықтардың санына әсер етеді деген пікірлерге қарсы шығып, адамның іс-әрекетін басты фактор ретінде атауда.

Ал Маңғыстау облыстық балық шаруашылығы және аквамәдениет қауымдастығының басшысы Данияр Әкімжанов балық аулау торларын итбалықтар өлімінің негізгі себебі деп санамай, мәлімдеме жасаған.

– Итбалықтардың қырылу жыл сайын күз және көктем айларында қайталанады. Біздің балықшылар Каспий теңізіне ауды жыл бойына салады. Сондай-ақ, аулары 24 сағат бойы судың астында жатады. Ендеше, итбалықтар неге тек күзде, көктемде өледі деген сұрақ туындайды. Басқа бағыттардан іздеу керек деп ойлаймын. Ғылыми зерттеу институттары дұрыс жұмыс істеулері керек. Сынамалар алады, бірақ нәтижелері бізді қанағаттандырмайды. Әлі күнге нақты себебін айта алмай отыр, – деп шағымданыпты Әкімжанов.

Кей заңнама себебін анықтауға кедергі етеді

Әуелде-ақ итбалықтар қырылып бастағанда біз Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі, ECOJER қауымдастығының Маңғыстау облысы бойынша аймақтық экологиялық кеңесінің төрағасы Әділбек Қозыбақовқа хабарласып, мәселенің себебін білуге тырысқан едік. Маман да итбалық қырылуының себебін дөп басып айтып бере алмады, себебі кедергі етіп тұрған заң нормалары бар екен.

– Мәселені зерттеуге тәуелсіз сарапшыларды тарту қажет. Бірақ мұнда кедергілер жетерлік. Мысалы, ҚР Кәсіпкерлік Кодексіне сәйкес, тәуелсіз сарапшыларды тек қана мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын компаниялар есебінен тартуға болады. Тек осыдан соң оларды тексеріске Экология департаменті мен прокуратура шақырып, жұмыстарға араластыра алады.

Егер олар бюджеттен қаржыландыруға тәуелді болса, қалай тәуелсіз сарапшы атанады? Менің ойымша, мониторингтік жұмыс кезінде мемлекеттен қаржы алмайтын, тек табиғат жанашыры есептелген мамандар шақыртылуға тиіс. Ал бұл процесті жоғарыда айтқан Кәсіпкерлік Кодекске тиісті өзгертулер енгізіп қана іске асырамыз, – деген еді ол.

Енді жуырда сарапшы Үкіметтен қылмыстық іс қозғауды сұрауда. Комиссия құрылып, кінәлілерді анықтап, өтемақы төлеуі керек екен. Өйткені итбалықтардың қырылуы экологиялық қана емес, экономикалық та зардабы бар мәселе.

– Бір итбалықтың кұны – 193 АЕК (АШМ-нің 2017 жылғы бұйрығы бойынша) немесе 712 556 теңге. Енді соны 2 мыңға көбейтсек – 1 425 112 000 теңге. Ал қазір итбалық Қызыл кітапқа енгізілген. 2000 итбалық қырылды. Бұл үлкен бір резонансты оқиға, трагедия деп айтуға болады. Демек, қылмыстық іс қозғалуы керек деп ойлаймын, – дейді Әділбек Қозыбақов.

Десек те, жақын арада итбалықтардың қырылу себебі анықтала қоймайтындай. Шамамен келесі жылдың ақпан немесе наурыз айларында белгілі бола жатар. Алайда кінәлілер табылған күннің өзінде оларға жаза қолданыла ма, ол жағы белгісіздеу жайт.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу