2 тамызда ғасырдың "ең үрейлі" құбылысы орын алады

5799

XXI ғасырдағы ең ұзақ күн тұтылуы 2027 жылы 2 тамызда болады.

2 тамызда ғасырдың "ең үрейлі" құбылысы орын алады Фото: canva

Интернетте 2 тамызда бүкіл әлем 6 минутқа қараңғылыққа шомады деген ақпарат тарады, деп жазады inbusiness.kz сайты Space басылымына сілтеме жасап.

Мұндай құбылыс тағы 100 жыл бойы қайталанбайды деген де болжам бар. Бұл хабарлама шындыққа біршама жақын болғанымен, кей тұстары нақты ғылыми дерекпен сәйкес келмейді.

2027 жылдың 2 тамызы – астрономия тарихындағы ерекше күн болмақ. Бұл күні XXI ғасырдағы ең ұзақ толық күн тұтылуы тіркеледі.

Астрономдардың есебі бойынша, Ай Күнді толық жабатын кезең 6 минут 22 секундқа созылады. Бұл – Жерден бақылауға болатын ең ұзақ түнек сәттерінің бірі.

Салыстырсақ, 2024 жылдың сәуірінде Солтүстік Америкада өткен толық күн тұтылуы ең ұзақ дегенде 4 минут 28 секундқа ғана жеткен еді.

Тұтылудың толық фазасы 258 шақырымдық жіңішке жолақпен өтеді. Бұл жолақ Испанияның оңтүстігінен басталып, Гибралтар, Солтүстік Африка елдері – Марокко, Алжир, Тунис, Ливия, Мысыр арқылы өтіп, Таяу Шығысқа – Сауд Арабиясы, Йеменге, әрі қарай Сомали мен Судан аумағына жетеді. Осы 11 елдің тұрғындары аспан нұрының көзден таса болған сәтін толықтай тамашалай алады.

Күн тұтылудың жартылай фазасы Африканың көп бөлігінде, Оңтүстік Азия мен Еуропаның кейбір өңірлерінде көрінеді. Алайда басқа құрлықтарда бұл құбылыс байқалмайды. Демек, "бүкіл әлемге қараңғылық түседі" деген түсінік шындыққа сәйкес келмейді. Бұл – Жердің географиялық орналасуына және Күн мен Айдың орбиталық қозғалысына байланысты.

Ғалымдар ерекше астрономиялық құбылысты өз көзімен көргісі келетін жандарға алдын ала дайындалуға кеңес береді. Әсіресе тұтылу жолағында орналасқан өңірлерде ауа райының қолайлы болуын бақылап, арнайы қорғаныш әйнектер немесе күн фильтрлері арқылы қарау қажет. Күнге тікелей қарау – көру қабілетіне зақым келтіруі мүмкін.

2027 жылғы толық күн тұтылуы – тек астрономияға қызығушылар үшін ғана емес, бүкіл адамзат үшін бірегей ғылыми әрі табиғи құбылыс болмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу