20 мыңнан астам отбасының тұрғын үй кезегі сақталады

1271

Сенатта азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселесіне қатысты заң жобасы қаралып қабылданды. 

20 мыңнан астам отбасының тұрғын үй кезегі сақталады

Сенаторлардың алдында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов баяндама жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Министр заң жобасы мүгедектігі бар адамдардың құқығын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарды орындау шеңберінде мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, еңбек ардагерлері және өзге де санаттарды қоса алғанда, азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірленгенін мәлімдеді. 

Серік Шапкенов құжатта мүгедектіктің себебіне қарамастан, I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын азаматтарға жәрдемақы тағайындау мәселесі қарастырылғанын айтты. 

"Қазіргі уақытта I топтағы мүгедектігі бар 66 мың адамның әрбір үшіншісі күтім жәрдемақысымен де, жеке көмекшінің қызметімен қамтылмаған. 
Заң жобасы сыртқы қамқорлыққа мұқтаж 24 мың адамды күтім бойынша жәрдемақымен қамтуға мүмкіндік береді", – деді министр. 

Серік Шапкеновтің сөзінше, бала денсаулығының бұзылу және тіршілік әрекетінің шектелу дәрежесін ескере отырып, заң жобасында 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу көзделген. Бұл шара көрсетілетін оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті, оның ішінде бала ауруының дәрежесіне қарай жәрдемақының мөлшері бөлігінде саралауға жағдай туғызады. 

"Мүгедектігі бар балалардың барлық топтары үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37%-ға дейін ұлғайтылады. Бұл шара 30 мыңнан астам мүгедектігі бар балаға қатысты болады", – деді министр. 

Белгілі болғандай, заң жобасында мүгедектік бойынша және асыраушыдан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыны бір мезгілде алу құқығын беру көзделген. Бұл асыраушысынан айырылған және құрамында мүгедектігі бар балалары бар отбасылардың табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. 

"Қазіргі уақытта мүгедектігі бар балалар ата-аналары ажырасқан кезде бір мезгілде алимент пен мүгедектігі бойынша жәрдемақы ала алады. Сондай-ақ ата-анасының біреуі немесе екеуі (асыраушысы) қайтыс болған жағдайда, балаға мүгедектігі бойынша жәрдемақы немесе асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы беріледі. Осы норма 2 мың балаға мүгедектігі бойынша жәрдемақымен қатар (мөлшері 41 163 – тен 48 023 теңгеге дейін) асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыны алу құқығын береді", – деп нақтылады Серік Шәпкенов. 

Министрдің айтуынша, жұмыс берушінің міндеттемесін орындауы мүмкін болмаған жағдайда, еңбек жарақатынан мүгедек болған адамдарды мемлекет есебінен оңалтудың техникалық құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз ету заң жобасының тағы бір жаңашылдығы болып табылады.

Қазіргі уақытта жұмыс беруші – жеке кәсіпкердің қызметі тоқтатылған немесе заңды тұлға таратылған жағдайда бұл міндеттемелер мемлекетке өтеді. Бұл ретте мүгедектігі бар азаматтар кәсіпорынның қызметі уақытша тоқтатылған кезеңінде немесе 1,5 жылға дейін созылуы мүмкін банкроттық рәсімдерін жүргізу кезінде оңалтудың техникалық құралдарын алу мүмкіндігінен айырылады. Осы кезеңде өндірісте мүгедектік алған адам оңалтудың техникалық құралдарынсыз қалады. Бұл шара 2 мыңға жуық адамды оңалтудың техникалық құралдарымен және қызметтерімен дер кезінде қамтуға мүмкіндік береді.

Белгілі болғандай, құжатта мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың балалары кәмелетке толғаннан кейін тұрғын үй кезегінде тұру құқығын сақтау көзделген. 

"Іс жүзінде мұндай отбасылар тұрғын үй кезегінде 10 жылға дейін тұрады. Егер, бала 18 жасқа толғанға дейін тұрғын үй алу мүмкін болмаса, онда мүгедектігі бар азамат кезекке қайта тұруға мәжбүр. Бұл норма 20 мыңнан астам отбасына тұрғын үй кезегін сақтауға мүмкіндік береді деп болжануда", – деді министр.

Бұдан басқа, заң жобасы шеңберінде мүгедектігі бар балаға күтім жасау мерзімін 18 жасқа дейін ұзарту ұсынылды. Бұл жасына байланысты зейнетақы төлемі мен базалық зейнетақы тағайындауға оң әсерін тигізеді.

Сондай-ақ табысы аз отбасылардың балаларына кепілдік берілген әлеуметтік топтама беруді әлеуметтік қызметтер порталына ауыстыру қарастырылған. 

Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудің тиімділігі мен атаулылығын арттыруға бағытталған өзге де нормалар қосымша енгізілді. 

Заң жобасын қабылдау халықты әлеуметтік қорғау жүйесіне оң әсер етеді және шамамен 400 мың қазақстандықтың құқығын жақсартуға мүмкіндік береді.

"Заң жобасы 55 млрд теңгемен қаржыландырылады. Шығыс нормалары 2021-2023 жылдарға бөлінген қаражат шеңберінде іске асырылады", – деп қорытты сөзін Серік Шапкенов. 

Қанат Махамбет 
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу