20 жастағы студенттің зейнетақы жинағында неге 6,6 млн теңге болуы керек?

4310

Әлеуметтік желі әлі күнге бұрқ-сарқ қайнауда. 

20 жастағы студенттің зейнетақы жинағында неге 6,6 млн теңге болуы керек? Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Халық арасында бұл өзгерістерге қатысты түрлі пікірлер айтылып, көптеген сұрақтар туындауда. Соның бірі – колледжде немесе университетте білім алып жүрген, еңбек жолын енді бастайтын 20 жастағы жастар үшін белгіленген 6 млн 670 мың теңгелік жеткіліктілік шегі. Кейбір азаматтар бұл көрсеткіштің жоғары екенін айтып, оның қалай есептелгеніне түсініктеме беруді сұрауда.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) бұл сынға жауап берді. Ол өзге елдерде сияқты, Қазақстанда да азаматтар зейнетақы жинақтарын бүкіл еңбек жолында, 30-40 жыл жинайтынын еске салды.

"Әрине, ерте жаста, соның ішінде 20 жаста жеткілікті зейнетақы жинағын қалыптастыру іс жүзінде мүмкін емес екені анық. Мұны тиісті актуарлық есептеулер де, халықаралық тәжірибе де растайды. Бірақ төменгі жеткіліктілік шегін (ТЖШ) есептеу әдістемесі салымшының дәл қазіргі табысына емес, оның болашақта алуға тиіс нысаналы зейнетақысының көлеміне негізделеді. Ол үшін тиісті жаста зейнетақы шотында болуы керек және тіпті болашақта жарналар аударылмаған күннің өзінде қарттық шақта зейнетақы жинақтарының жеткілікті сомасын қамтамасыз ете алатын ең төменгі жинақ сомасы есептеледі", – деп түсіндірді қор мамандары.

Яғни, студент жастан өзіне бекітілген жеткіліктілік шегін жинап қою талап етілмейді, өйткені ол бүгін зейнеткерлікке шығайын деп отырған жоқ. Қор салымшы 20 жаста болса, онда амандық болса, оның зейнетке шығуына әлі 40 жылға жуық уақыт барына назар аудартты. Осы кезеңде оның жинақтары инвестицияланып, кіріс әкелуі және болашақ зейнетақы төлемдерін қамтамасыз етуі шарт.

"Жастар үшін ТЖШ-ның жоғары мәндері олардың болашақта қандай мақсатты зейнетақы алуы керек екендігімен анықталады. Нысаналы төлемдер халықаралық стандарттарға сай келетін зейнетақымен қамсыздандырудың ең төменгі әлеуметтік стандарттарынан аз болмауы керек. Халықаралық еңбек ұйымының ұсынымына сәйкес, кірісті алмастырудың ең төменгі коэффициенті (КАК) – зейнетақының зейнетке шығар алдындағы еңбек табысына арақатынасы 40%-дан төмен болмауы шарт", – деді БЖЗҚ мамандары.

Өзгерістерге мемлекетті не итермелеп отыр?

Қор төменгі жеткіліктілік шегін қайта қарауға бірқатар әлеуметтік-экономикалық факторлар әсер еткенін атап өтті. Олардың айтуынша, бұрынғы көрсеткіштер инфляция мен басқа да макроэкономикалық өзгерістердің қарқынын толық ескере бермеген.

"ТЖШ анықтаудың бұрынғы әдістемесі бойынша шектердің ұдайы түрде ірі өсуі болған жоқ. Шектер айтарлықтай ауқымда тек 2021 жылғы желтоқсанда ғана ұлғайды. Сол кезде салымшылардың әртүрлі жас санаттары үшін ТЖШ шамасы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсуіне байланысты орта есеппен бірден 70%-ға өсті. 2023 жылы ТЖШ аздап қана – әлеуметтік-экономикалық параметрлердің өзгеруінің нәтижесінде орта есеппен 5,5%-ға артты. Үш жыл бойы, яғни, 2023-2025 жылдары ТЖШ өзгеріссіз қалды", – деп хабарлады БЖЗҚ.

Ал, 2026 жылдың басында ТЖШ орта есеппен 10%-ға өскені белгілі. Енді кейбір санатта екі еседей ұлғайтылуда. Қор мамандары бұған елдегі биікке шығандаған инфляция да ықпал еткенін жасырмады.

"Өткен кезеңде ел экономикасында инфляция өте жоғары болды. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, инфляция 2021 жылдың қорытындысында 8,4%-ды құраса, 2022 жылы 20,3%-ға жетті. 2023 жылы – 9,8%, 2024 жылы – 8,6%, ал, 2025 жылы 12,3% болды. Инфляциямен қатар халықтың табысы мен қызметкерлердің жалақысы да өсті. Орташа айлық жалақы 2021 жылғы 250,3 мың теңгеден 2025 жылы 473 мың теңгеге дейін көтерілді. Осылайша, 2022 жылдан бастап инфляцияның, халық табысының және зейнетақы жинақтары көлемінің өсуіне қарамастан, ең төменгі жеткіліктілік шегі өзгеріссіз қалды және өзектендірілген жоқ", – дейді БЖЗҚ сарапшылары.

Зейнетақы жинақтарын тұрғын үй мен емделуге пайдалану тетігі жүздеген мың азаматқа маңызды әлеуметтік мәселелерін шешуге мүмкіндік берді. Дегенмен, бұл шараның жүзеге асырылуы олардың болашақ зейнетақысының төмендеуіне әкеп соқпауға тиіс. Сол себепті Үкімет жинақтаушы зейнетақы жүйесін қайтадан өзінің басты міндетіне – азаматтарды лайықты зейнетақы деңгейімен қамтамасыз ету бағытына кері оралтып отыр.

Пандемия кезінде тұрмысы төмендеген халыққа зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ерте жұмсауға рұқсат ететін осы бағдарлама іске қосылды. Енді Үкімет халықтың әл-ауқаты жақсарды деп санайды. Ресми мәліметке жүгінсек, өткен 5,5 жыл ішінде қазақстандықтар тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделу ақысын төлеуге 5,8 трлн теңгеден астам зейнетақы жинағын пайдаланыпты.

Оның ішінде ең көп қаражат 2021 жылы алынды, шамамен 2,6 трлн теңге. 2022-2023 жылдары үрдіс төмендеген, әйтсе де соңғы жылдары жинақтарды алу көлемі қайта артып, 2025 жылы 1 трлн теңгеден асты.

Осы жылдары алынған қаражат көлемі азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз ету сияқты тікелей міндетті шешуге бағытталған сомадан айтарлықтай асып түсті. Тіпті азаматтар бұл қордан кейбір жылдары түскен жарналардан да көп көлемде қаражат алып қойыпты.

Дамыған елдерде зейнетақы активтері инвестиция көзі және экономиканың тұрақты өсімінің негізі болып саналады. Озық елдерде жинақталған зейнетақы активтері ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 100%-ынан асады, ал, Қазақстанда зейнетақы активтері әлі де ІЖӨ-нің шамамен 16%-ын ғана құрап отыр, дейді Ұлттық банк.

Бүгінгі 10 млн – болашақтағы 50 млн: зейнетақысын ерте шешсе, қанша жоғалтуы мүмкін?

2026 жылғы 5 маусымда Қазақстанда зейнетақы жинақтарын алуға арналған жеткіліктіліктің жаңа ең төменгі шектері күшіне енді. Әдістемені қайта қарау нәтижесінде төменгі жеткіліктілік шегі (ТЖШ)  салымшының жасына байланысты орта есеппен 79%-дан көпке өсті. Бұл ретте нақты жас логикасы әрекет етеді: азамат зейнеткерлік жасқа неғұрлым жақындаса, зейнетақы жинақтарының көлеміне қойылатын талаптар да соғұрлым жоғары болады, өйткені болашақ төлемдердің мөлшері тікелей осы жинақтарға байланысты. Зейнеткерлік жасқа таяп қалған азаматтар үшін ТЖШ ең ірі көлемде өсті: жекелеген жағдайларда екі еседен астам артты.

Жаңа шектер қаражатты мерзімінен бұрын алғаннан кейін зейнетақы шотында адамға болашақта зейнетақы төлемдерінің неғұрлым жоғары деңгейін алуға мүмкіндік беретін сома қалатындай етіп есептелген. Бұл өмір сүру ұзақтығының ұлғаюы және жалпы зейнетақы жүйесіндегі жинақтаушы зейнетақы рөлінің күшеюі аясында ерекше маңызды екен.

"Салыстыру үшін айтсақ: бұрынғы әдістеме бойынша қаражатты ықтимал алудан кейін болашақ жинақтаушы зейнетақы мөлшері медианалық жалақының шамамен 15%-ын құрауы мүмкін еді. Жаңа әдістемеде бұл көрсеткіш медианалық жалақының шамамен 40%-ына дейін артады. Бұл күтілетін зейнетақы деңгейін елеулі жоғарылатады", – деп түсіндірді Ranking сарапшылары.

Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу болашақ төлем мөлшеріне қалай әсер ететінін көрнекі мысал ретінде көрсету үшін, агенттік сарапшылары әртүрлі жастағы салымшылардың есептік кейстерін ұсынды.

№1 кейс: 40 жастағы қазақстандық тұрғын үй сатып алу немесе емделу үшін БЖЗҚ-дан 10 млн теңге алды. Зейнетке шығуына әлі 23 жыл бар. Әлгі қаржы зейнеткерлікке шыққанға дейін жұмыс істеп, инвестициялық табыс әкелуді жалғастыра алар еді. Бірақ жұмсалып кеткендіктен олай болмауы ықтимал.

Есептеулер бойынша, егер зейнетақы активтерінің кірістілігі орташа ұзақ мерзімді көрсеткіштерге сәйкес келсе, зейнетке шығу сәтіне қарай бұл 10 млн теңге шамамен 42-53 млн теңгеге айналуы мүмкін еді. Тиісінше, азамат қаражатты мерзімінен бұрын алу салдарынан зейнетақы жинақтарының дәл осындай сомасын іс жүзінде жоғалтып отыр, дейді "Ранкинг".

Егер инфляцияны ескеріп, кірістілікті нақты мәнде (яғни, бағаның өсуін шегеріп тастап) есептегеннің өзінде, шығын "бүгінгі" ақшамен шамамен 12,5-15,8 млн теңгені құрайды.

№2 кейс: 30 жастағы салымшы тұрғын үй жағдайын жақсартуға 7 млн теңге алды. Зейнетке шығуына 33 жыл бар. Кірістілікке байланысты, зейнеткерлік жасқа жеткендегі әлеуетті шығын нақты мәнде шамамен 9,7-13,5 млн теңгені немесе номиналды мәнде 56-76 млн теңгеге дейінгі соманы құрайды. Бұл қаражаттың инвестициялық табысты жинақтай алатын ең ұзақ мерзімімен байланысты.

Қазақстанда ТЖШ-ні көтеру зейнетақы жинақтарын басқарудың неғұрлым қатаң және ұзақ мерзімге бағытталған үлгісіне көшуді көздейді. Өзгерістердің негізгі идеясы – азаматтар зейнетке шыққаннан кейін олардың болашақ қаржылық тұрақтылығын сақтау.

Іс жүзінде бұдан былай ТЖШ азаматтардың зейнетақы капиталын тым қатты азайтуына жол бермейтін "қорғаныс тосқауылы" рөлін атқарады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу